Денсаулық сақтау

ЖАНАРЫ СӨНГЕН ЖАНДАРҒА ЖАРЫҚ СЫЙЛАЙТЫН ОРТАЛЫҚ

ЖАНАРЫ СӨНГЕН ЖАНДАРҒА ЖАРЫҚ СЫЙЛАЙТЫН ОРТАЛЫҚ

Кеңес кезеңінен қалған әдет болса керек, әлдебір таңсық немесе өркениетке бір табан жақын дүниені көрсек, «Мынау – кәдімгі шетелдегідей, ғажайып нәрсе екен» деп таңырқап жататынымыз бар.

КІБІРТІКТЕП КІРІП КӨҢІЛІ ШАЛҚЫП ШЫҒАДЫ

Өскемендегі мыңдаған ғимараттар арасында жоғарыда айтқан «кәдімгі шетелдегідей» бір ғажап ғимарат бар. Мәселе, ғимараттың бүгінгі заман талабына сай, көрген көздің жауын аларлықтай ішкі-сыртқы сәулетінің кереметтігінде емес. Жалпақ тілмен теңеп айтар болсақ, бұл – сиқырлы ғимарат. «Ол несімен сиқырлы, өзгелерден нендей артықшылығы бар?» деген сауалға Мұқағалидың: «Тарыдай болып кіресің, таудай болып шығасың» дейтін өлең жолдарын: «Зағип болып кіресің, жарық көріп шығасың» деп сәл ғана өзгерте салсақ, жауабы өз-өзінен шыға келгелі тұр. Шынымен де, бұл ғимаратқа көзі көрмей зағип боп қалған жандар таяққа сүйеніп немесе біреудің жетегімен кіреді де, арада аз уақыт өтпей жатып ешкімнің көмегінсіз, демеуінсіз жарық дүниені көру бақытына ие болып шығады.
Бұл – өткен жылдың қыркүйек айында ғана тұсауы кесілген облыстық офтольмологиялық орталығы.
– Халқымыз «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген ғой. Мен ең алдымен осы орталықтың құрылтайшысы, елімізде «Про-Зрение» деп аталатын клиникалық жүйе қалыптастырып, Астана, Қарағанды, Шымкент және Өскемен қалаларында осындай орталықтардың дүниеге келуіне бірден-бір себепші болып қана қоймай, жанарынан айырылған зағип жандарға жарық сыйлап, көпшіліктің алғысына бөлене білген Владимир Кимнің азаматтығы мен отансүйгіштігін, сондай-ақ, өте білікті көз хирургі екендігін айтқым келеді. Владимир Ухенұлының шапағаты мен қолының шипасын көргендер ол кісіні «Алтын қолды хирург» деп атап кеткен. Айтса айтқандай, ол кісіге операция жасатқан жандар өз таныстарына міндетті түрде біздің орталыққа келулеріне кеңес беріп, қайсыбіреулері екінші көзіне де ота жасатып жатады, – дейді орталықтың бас дәрігері, өзі де облыс жұртшылығына танымал, білікті көз дәрігері Зарина Қамасова. – Бұрын қалай еді, облыс тұрғындары көз ауруына байланысты мәселе туындай қалса немесе күрделі операция жасату керек болса, міндетті түрде Алматыға әйтпесе Новосібір қаласына шабылатын. Қазір бұл мәселе толық шешімін тапқан. Отандастарымыз ендігі жерде қит етсе өзге мемлекетке шапқылап, артық ақша шығындап, солардың дәрігерлерінің көмегіне жүгінбейтін болды. Олай дейтінім, кез келген халықаралық талаптарға толығымен жауап бере алатын медициналық құрылғылар орнатылып, жаңа үлгідегі жабдықтармен жабдықталған дәл осындай офтольмологиялық орталықтар қазір Астана, Шымкент, Қарағанды және Өскемен қалаларында халыққа қалтқысыз қызмет көрсетуде. Болашақта мұндай орталықтардың бірі Семей қаласынан да ашылмақ.
– Газет оқырмандарына осы орталық туралы нақтырақ мәлімет бере кетсеңіз.
– Біздің орталық мемлекеттік-жеке әріптестік негізінде еліміздегі кіші бизнесті қолдау мақсатында құрылған республикалық «Даму» қорының несиелік қаржыландыруымен бас-аяғы бір жылда салынды. Орталықтың құрылтайшысы В.Ким мырза болғанымен, барлық маман-дәрігерлер жергілікті. Мамандарымыз білікті, үшеуі медицина ғылымдарының кандидаты болса, бесеуі – жоғары санатты дәрігерлер.

АЛТЫН ҚОЛДЫ ХИРУРГ 25 МЫҢ ОТА ЖАСАПТЫ

Көз ауруларына байланысты өңірімізде ұзақ жылдардан бері қордаланған өзекті мәселелердің жыл санап оң шешімін тауып жатқанына облыстық денсаулық сақтау басқармасындағылар да дән риза.
– Орталық ашылғанға дейін бұл жерде бес жылдай көз микрохирургиясы жұмыс істеген. Облысымызда көз ауруының түрлері де, онымен ауыратындар да өте көп. Соның ең көп таралғаны – катаракта, яғни көзді шел басу. Бүгінгі таңда бір ғана шелді алып тастау операциясын облыс бойынша бес мыңдай адам қажетсінеді. Олардың көпшілігі жастары – ұлғайған адамдар. Мысалы, мұндай операциялар 2012 жылы 250 адамға ғана жасалса, 2013 жылы шамамен 350-400, ал 2014 жылы 500 адамға жасалған. Бұл – өте тамаша көрсеткіш. Осыған байланысты 2015 жылы мемлекеттік тапсырысты көбейту де бар жоспарымызда. Егер орталық осы қарқынынан жаңылмаса, төрт жылдың ар жақ, бер жағында облыстағы катаракта мәселесі де шешіліп қалар деген үміттеміз, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Вадим Овсянников.
Көз хирургі болып жұмыс істеген 32 жылда 25 мың адамның көзіне ота жасап, зағип жандарға жарық сыйлап, алғысқа бөленіп жүрген Владимир Ухенұлы – медицина ғылымдарының кандидаты, көз хирургтері Европалық қоғамының мүшесі, өз ісінің кәнігі шебері.

ЖАНАРЫ СӨНГЕН ЖАНДАРҒА ЖАРЫҚ СЫЙЛАЙТЫН ОРТАЛЫҚ

– Ең алғашқы отаны 2000 жылы Қарағандыда жасаған едік. Ол кезде мына секілді жеке ғимаратымыз да, бүгінгідей медициналық жаңа жабдықтар да жоқ. Сырқаттарды қабылдайтын, ота жасайтын бөлмелерді жалға алатынбыз. Адам алдына белгілі бір мақсат қойып, сол мақсатқа жету жолында қажымай-талмай еңбектенуі керек. Әрине, еш нәрсе ешқашан да бірден ойдағыдай жүріп, өз-өзінен дөңгеленіп кетпейді. Барлығына төзім, табандылық қажет. Алғашқы клиенттеріміз бізге, біз кәсіби білімімізге сенім арта отырып, жұмыс бастағанбыз. Содан бірте-бірте көпшіліктің сеніміне кірдік, – деп осыдан 15 жыл бұрын жұмысты қалай бастағандарын еске алады қолы алтын көз хирургі.
Қазір Өскемендегі офтольмологиялық орталықтың дәрігерлері көз шеліне отаның «факоэмульсификация тәсілі» деп аталатын түрімен күніне 20-25 ота жасайды екен. Олардың әрқайсысы 10-15 минут қана уақыт алатын көрінеді. Ота жасатушылардың көпшілігі бірнеше ай психологиялық тұрғыдан дайындалып, медициналық тексерістерден өтіп, ол аз болса, түрлі-түрлі алыпқашпа әңгімелерден құлағдар болып, қорқыңқырап келіп дәрігердің: – Бәрі ойдағыдай, ота сәтті өтті? – деген дауысын естігенде, өз құлақтарына өздері сенбей: – Қалайша, бар болғаны осы ғана ма? – деген таңданыстарын жасыра алмай жатады екен.

КӨЗДІҢ ҚАДІРІН САУ КЕЗІНДЕ БІЛГЕН ЖӨН

Аяқастынан қос жанарының көру қабілеті бірінен соң бірі нашарлап, ақыры мүлдем көрмей қалған семейлік Сағидолла (фамилиясын атамай-ақ қоюды өтінді) ағамыздың зейнетке шыққанына біраз уақыт болыпты. Ұзақ жылдар ішкі істер органында қызмет еткен қағілез ақсақал Өскемендегі орталық туралы теледидардан естіп, алдын ала В.Кимнің өзіне жазылған екен.
– Шынымды айтсам, көрмей қалған көздерімнің қайта қалпына келеріне көп сене қоймаған едім, – дейді отадан соң Өскемендегі офтольмологиялық орталықтың сырттан келгендерге арналған палатасында жатқан ақсақал. – Осыдан үш ай бұрын сол көзіме ота жасатып, осы палатада үш күн жатып, дәрігерлердің бақылауында болып қайтқам. Сізге өтірік, маған шын. Көзім шайдай ашылды. Айналаңдағы адамдарды, мына жарық дүниені тым болмағанда бір көзбен болсын көрудің өзі бақыт екен. Операция барысында дәрігерлерде артық-ауыс сөз жоқ. Бәрі өз кәсіптерінің шеберлері екендігі көрініп тұр. Бір-бірін ыммен ғана немесе көзбен ұғысады. Владимир Ухенович тек қана көз хирургі емес, сонымен қатар психолог па деп қалдым. Олай дейтінім, операцияға келген сырқаттың әуелі хал-жайын сұрап, көңіл күйін аулап, қобалжыған көңілімді әжептәуір орнықтырып алды. Содан разы болғаным сонша, үйдегілермен ақылдасып, балалардың көмегімен екінші көзіме де ота жасаттым. Қазір екі көзім де көреді. Газет те оқимын, теледидар да көрем, көлік те жүргізіп жүрмін. Бір сөзбен айтқанда, өмірге қайта келгендей әсер алдым. Владимир Ухенұлына, Зарина Айдарханқызына, сондай-ақ, осындағы барлық үлкенді-кішілі медицина қызметкерлеріне алғысым шексіз.
– Операцияның сәтті өтуі дәрігерлердің біліктілігіне байланысты болғанымен, көздің әрмен қарайғы күтімі ем алушылардың өздеріне байланысты. Операция жылдың қай мезгілінде болмасын жасала береді. Ота жасатқан әр адамның қолына арнайы медициналық сақтану шараларының тізімі беріледі. Әсіресе, қыстың күндері салқын тигізіп алмау, көзге шаң-тозаң, қоқым түскеннен сақ болу, ауыр салмақ түсірмеу, ыстық моншаға бармау, қатты секірмеу, селкілдейтін ұзақ жолдарға шықпау деген секілді бірқатар талаптар бар. Емделуші осы талаптарды бір жыл көлемінде сақтай білсе, өзіне жақсы. Өйткені көздің ішіне орнатылған «хрусталик» дейтін шыны қарашық жоғарыдағы талаптар сақталмаған жағдайда орнынан қозғалып кетуі әбден мүмкін. Ондай жағдайда қайталап ота жасауға тура келеді. Ал қайта-қайта ота жасай беретін көз – ойыншық емес, – дейді орталықтың бас дәрігері Зарина Айдарханқызы. – Сөз реті келгенде айта кетейін. Бізде білікті мамандарымыздың бірегейі Манас Шаяхметұлы басқаратын облыс бойынша жалғыз сәулелі (лазерная хирургия) хирургия кабинеті бар. Онда көздің түп тамырларының зақымдануын емдейтін өте күрделі операциялар жасалады. Көпшіліктің алғысына бөленіп жүрген әріптестеріміздің жеткен жетістіктеріне үнемі қолдау білдіріп, мақтанып отырамыз. Өйткені осындағы әр дәрігер-маманның жемісі – біздің орталықтың ортақ жеңісі. Манас Шаяхметұлы – өте білімді, кәсіби маман. Жақында ғана ол кісінің тыңғылықты әрі тынымсыз еңбегі ескеріліп, 2015 жылдың «Жыл маманы» ұлттық сертификаты табыс етілді. Жалпы, өз кәсіптерін жетік меңгерген жас мамандарымыздың жылдан-жылға көбейіп келе жатқаны қуантады. Сондай жас әрі кәсіби мамандардың бірі – Азамат Иманқұлов. Ол 2013 жылы Владимир Ухеновичтің кеңесімен Үндістанның Чинай қаласында сынақ курсынан өтуге барып, курс барысында 30 адамға операция жасап, шеберлігін шыңдап қайтты.
Бас дәрігермен арада болған әңгіме барысында естіген жағымды жаңалықтардың бірі – осыған дейін ауылды жерден келген сырқаттар операциядан соң қалып, үш күндік дәрігерлік бақылауды күндізгі стационарда, пансионаттарда ақша төлеп жатуға немесе туыстарының үйлеріне баруға мәжбүр болған болса, мамыр айынан бастап бұл мәселе де оң шешім тауыпты. Жұрттың барлығын бірдей жарылқап тастамаса да, енді көзіне ота жасатуға келген соғыс, тыл ардагерлері мен алтын, күміс алқа иегерлері ешқайда тентіремей-ақ, орталықтан бөлінген жатын жер мен үш мезгіл берілетін ас-суды тегін пайдалана алады.
…Кәсіби шеберліктері бір төбе, осынау іші-сырты мұнтаздай, кірсе-шыққысыз ғажап ғимаратқа келіп-кетушілер саны кешегіден де көбірек көрінді. Кеше ғана немересінің жетегінде, анда-мұнда соғылып, түртінектеп келген ақ жаулықты кейуана бүгін ешкімнің жетегінсіз, ешкімнің сүйемелдеуінсіз өзі кетіп барады…
Адам жанының арашашысы атанып, ел алғысына бөленіп жүрген дәрігерлер қауымының кәсіби мерекесі де қыр астында.
Ендеше мерекелеріңіз құтты болсын, ақ халатты абзал жандар!

Серік Құсанбаев

Осы айдарда

Back to top button