Жанаргүл Жаныаманова, актриса: – Аққазы жаныма ерекше жақын
Оқырман қауымға «Ұстаз» телесериалындағы Салтанат және «16 қыз» романтикалық комедиясындағы Мақпал рөлдерімен жақсы таныс жас актриса, жерлесіміз Жанаргүл Жаныамановамен әңгімелесудің сәті түскен еді.
– Актрисаға бір образдан шығып, екінші бейнеге ену қаншалықты қиын? Мысалы, сізге берілген рөлдің табиғатыңызға жат болуы мүмкін ғой…
– Мақтанғаным емес, маған кез келген спектакльде ойнап шығу еш уақытта қиындық тудырған емес. Бастысы, актерлік қабілетіңіз мықты болуы қажет. Сонымен қатар, сізді бұл рөлге дайындайтын режиссеріңіз талантты болса, спектакль міндетті түрде көрермен көңілінен шығады. Актер қандай жанр болса да, бас тартпауы керек. Негізі, кино мен спектальде рөл сомдауға шақырту алғанда, сценарийіне баса назар аударамын. Себебі, қазақ ежелден сөз қадірін білген халық қой.
– Сахнада сомдаған рөлдеріңіздің ішінде қайсысы жаныңызға жақын?
– Өнер жолындағы ұстаздарымның бірі, режиссер Алма Кәкішеваның жетекшілігімен қойылған «Алмас қылыш» қойылымында Аққозының рөлін сомдаған едім. Тарихи рөлді ойнау мен үшін қиынға түскен жоқ. Жалпы, маған театр сахнасында сомдаған рөлдерімнің ішінде Аққозы жаныма ерекше жақын. Себебі, «Алмас қылыш» романы тек мазмұнымен ғана емес, нысандық ізденістерімен де маңызды шығарма. Автор, мәселен, Әбілхайыр әулетінің әріден келе жатқан үстемдігін, содырлы-сойқан істерін өткенді шолу ретімен мәлімдейді. Жүздеген жылдарға созылған Шыңғыс хан үрім-бұтағының озбырлық саясатын, тынымсыз талас-тартысын қайта елестету үшін дәл осындай тәсіл оңтайлы келген. Ал қазақ даласының тарихи болмысын Қазтуған мен Қотанның айтысы арқылы көрсетуі жаңаша көркемдік әдіс деуге болады. Екі ақын бетпе-бет келіп айтысқанда шындықтың түп-тереңіне дейін ашылатыны белгілі. Сондай-ақ, Қотан мен Қазтуған айтысы қазақ елінің сан ғасырлық өмір, күрестерінің сыры мен сипатын екшеп көрсетуге жараған. Оқиғаларды баяндай отырып, кейініректе болатын жайлардан хабар айту тәсілін жазушы – қазақ әдебиетінде алғашқы болып қолданушылардың бірі. Мысалы, Мұхаммед Шайбанидің бала кезін көрсеткен тұста оның келешектегі мансабы мен атағын да қоса ескертіп қою шығармаға көрермен ықыласын өсіре түседі. Мұның өзі «Алмас қылыш» өз жанрында елеулі туынды, мазмұны мен нысаны қабысқан шығарма екенін дәлелдейді. Жалпы, Ілияс Есенберлиннің бұл туындысы Кеңес Одағының қылышынан қан тамып тұрған кезеңде жазылғаны белгілі. Соған қарамастан, жазушының ешкімнен қаймықпай қазақты тарихымен табыстыруы, батыр бабаларымен қауыштыруы – үлкен ерлік. Қазақты ұлттық тамырынан ажырату саясаты үстемдік құрып тұрса да, тарихынан қол үзбей, кейінгі ұрпақ қазақ екенін ұмытпас үшін жанын құрбан еткен ата-бабаларымыздың жанкештілігін ұмытпауымыз керек.
– Өнер жолында кімді үлгі тұтасыз?
– Танымал режиссер, профессор Есмұхан Обаев, еліміздің еңбек сіңірген қайраткері Алма Кәкішева мен Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты Ерлан Біләлді үлгі тұтамын. Өнер жолына алғаш рет қадам басқан күннен бастап, олар менің актерлік қабілетімді шыңдап, сахнадағы қай рөлді қалай сомдау қажеттігін үйреткен ұстаздарым десем артық айтқандық емес. Болашақта осы кісілердей жоғары білікті маман атанып, актерлік жолды таңдаған жастарға жол сілтейтін оқытушы болу жоспарда бар. Біз Есмұхан Обаев, Алма Кәкішева сынды ұстаздарымыздың режиссерлік қойылымдарынан ерекше рухтанып шығамыз. Себебі, олар – нағыз кәсіби мамандар.
– Білуімше, сіз «Ұстаз» телесериалынан кейін Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында студенттерге сабақ бердіңіз ғой…
– Осыдан екі жыл бұрын «Драма әртісі» мамандығы бойынша магистратураны тәмамдаған соң, «Актерлік класс» пәнінен дәріс бердім. Алайда, актерлікті оқыту үшін алдымен театрда жұмыс істеп, тәжірибе жинақтау қажеттігін түсіндім. Білікті кадрлар даярлап шығару үшін ұстаз мықты болуы тиіс. Сондықтан әркім сүйікті мамандығымен айналысқаны жөн деген шешімге келдім. Кейін актерлік тәжірибем толысып, еліміздің түкпір-түкпірінен білім іздеп келген жастарға тәлім-тәрбие беруге ынта-жігерім жетеді-ау деп ой түйген кезде оқытушылыққа қайтып келетінім анық.
Рөл талғамаймын, режиссер таңдамаймын
– Сіз қандай бала болдыңыз?
Мектепте үздік оқушы болдым. Қазақ тілі және әдебиет пәндерін сүйіп оқитынмын. Шұғылалы Шығыс жерінен шыққан соң ұлы ақын Абай Құнанбайұлының барлық шығармашылық туындыларын жатқа білетінмін. Тіпті, Абай оқуларына қатысып, өлеңді мәнерлеп оқудан жүлделі орындарға да ие болып жүрдім. Сабақтан тыс уақытта балет үйірмесіне қатысатынмын. Негізі, екінші сыныпты бітіргенше Жарма ауданындағы білім ошағында оқыдым. Кейін Алматыдағы Әл-Фараби атындағы №145 мектеп-гимназиясына ауысып кеттім. Осылайша, оңтүстік астанаға отбасымызбен қоныс аударғаннан кейін өнерге деген қызығушылығым оянды. Содан кейін орта мектепті бітірген соң Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясында «музыкалық драма әртісі» мамандығына оқуға түсіп, Қазақстанның халық әртісі Есмұхан Обаевтың шеберханасында білім алдым.
– Отбасыңыз жөнінде айтып берсеңіз. Ата-анаңыз өнерге жақын адамдар ма?
– Үйде екі баламыз. Соңымнан ерген бауырым бар. Қазір ол әскерге барып, Отан алдындағы борышын өтеуге дайындалып жүр. Ата-анам – өте мейірімді, сондай парасатты жандар. Біздің әрбір қадамымызға қолдау көрсетіп, қиындыққа тап болған кезде бағыт-бағдар беретін бағдаршамымыз десем артық айтқандық емес. Әкем өмір бойы құрылыс саласында еңбек етті. Ал анам бухгалтер мамандығы бойынша жұмыс істеді. Жалпы, ата-анам – өнерге жақын жандар. Екеуі де домбыраның құлағында ойнайды. Қазақтың көптеген күйін нақышына келтіріп орындайды. Інім екеуміз әрқашан ата-анамызбен мақтанып өстік. Себебі, олар бізге дұрыс үлгі-өнеге көрсете білді. Бүгінде өзімде бір отбасының түтінін түтетіп отырған аяулы жар, ардақты анамын. Екі балам бар. Жолдасым Рүстем Жаныаманов та өнер саласының адамы. Ол қазір Алматыдағы қуыршақ театрында режиссер және актер болып жұмыс істейді.
– Алдағы уақытта қай режиссердің фильміне түсуді армандайсыз? Болашақта өзіңізді қандай рөлде сынап көргіңіз келеді?
– Рөл талғамаймын. Режиссер таңдамаймын. Тек шақырту түскен фильмдердің кейінгі жас ұрпаққа беретін тәлім-тәрбиелік маңызына баса назар аударамын. Өйткені, көрермен қауымға ой салатын дүние болмаса, ондай фильмді түсіріп қажет емес деп есептеймін.
– Сынды қалай қабылдайсыз?
– Өнер саласында жүрген әртістерге айтылатын мақтау да, сын да жетерлік. Алайда, оның барлығын жүрекке жақын қабылдай беруге болмайды. Тек орнымен айтылған сөзді ғана қабылдап, содан нәтиже шығара білу қажет. Жалпы, оң-солын салмақтап, салиқалы пікір білдіретін адамдар көп. Бірдеңе деу керек деп, негізсіз сынап жатқандар да жоқ емес.
– Әдетте, көрермен қауымнан «Биіктен көрін» деген сөзді жиі еститін шығарсыз. Әр адамның танымында биіктіктің өз өлшемі бар ғой. Сіз өмір мен өнерде ұмтылатын биіктік қайсы?
– Кішіпейілдік пен имандылыққа ұмтыламын. Ал өнерде әрқашан біліктілігімді жоғарылатып, қатарластарыммен қатар жүрсек деген тілек бар.
Қысқа-нұсқа:
– Туған жеріңіз?
– Жарма ауданы, Новоречка ауылында дүниеге келдім.
– Туған жылыңыз?
– 1989 жыл .
– Сүйікті түсіңіз қандай?
– Барлық түстерді ұнатамын.
– Жылдың қай мезгілін ұнатасыз?
– Күн жылынып, жер көгеріп, бәйшешек гүлдейтін көктем мезгілін ерекше ұнатамын. Сонымен қатар, жайма- шуақ жаз айы да өте тамаша.
– Отбасы мен өнерді қатар алып жүру қиын емес пе?
– Жоқ. Жолдасым өнер адамы болған соң барлығына түсіністікпен қарайды. Сыйластық пен татулық бар жерде ешқандай қиындық орын алмайды. Балаларым әлі кішкентай болғандықтан, гастрольдік сапарларға шықпауға тырысамын.
– Шетелдік режиссерлер тарапынан жұмыс ұсынылса, барар ма едіңіз?
– Әрине, мұндай мүмкіндікті құр жібермейтін едім. Десе де, кез келген шешімді қабылдамастан бұрын отбасыммен ақылдасып аламын.
– «Жұлдыз» ауруына шалдыққан кезіңіз болды ма?
– «Жұлдызбын» деуден аулақпын. Себебі, барлық адамзат баласы тең. Мынау бастық, анау қарапайым жұмысшы деп бөліп-жаруға болмайды. Меніңше, атақ-даңқ адамға мәңгілік жолдас болмайды.
– Өмірлік ұстанымыңыз қандай?
– Сыйласаң – сыйлы боларсың.
Әңгімелескен – Ажар Сағатбекова