Мереке

Жаңа жылды қарсы алуға дайындық қалай?

Шығыс Қазақстанның аудан-қалалары Жаңа жылды қарсы алуға дайындалып жатыр.

Өскеменнің саябақ аумақтарында бес ірі мұз айдыны жасалып, қала тұрғындары мен қонақтарын қарсы алуға сақадай сай тұр. Сондай-ақ оқушыларға арнап 30 мектептің ауласында мұз құйылды. Ал көпшілік жұрттың жаз кезіндегі сүйікті демалыс орнына айналған «Металлург» саябағында биыл бірінші рет қысқы маусымның шымылдығы түрілмек. Саябақ ішінде балаларға арнап сырғанақ жасалған. Қала әкімдігінің хабарлауынша, енді осындағы өсіп тұрған тірі шыршаны жаңажылдық әшекейлермен безендіріп қоймақ.

Жаңа жылды қарсы алуға өңірдің өзге аудан-қалалары қызу дайындық үстінде. Иә, осындай қарбалас кезде келеңсіз жәйттерге тап болып жатқандар да жоқ емес. Мәселен, әлеуметтік желі қолданушылары Қасым Қайсенов кентінің орталығында орнатылған шыршаның әдеттегідей жасанып, жайнап тұрмағанына ерекше назар аударыпты. Бұл жағдайға қатысты пікір білдірген аудандық әкімдіктің баспасөз қызметі жаңажылдық шырша жергілікті тұрғындардың бастамасымен құрылғанын мәлім етті.

– Шыршаны ауыл тұрғынының өтініші бойынша бірер күн бұрын ғана қазып алып келді. Ол кісі ауласындағы бұл шырша күннің көзін көлегейлеп тұрғандықтан оны қазып алып тастауға өтініш айтты. Жасыл желек босқа өліп қалмау үшін оны адамдар орталықтағы ыңғайлы жерге отырғызып, мерекеге орай безендіріп қойғанды жөн көрді, – деп түсіндірді жергілікті әкімдіктегілер.

Айта кету керек, әлеуметтік желідегі сын-ескертпелерден кейін бюджет қаражатына басқа шырша орнатып, безендіру туралы шешім қабылданған.

Жалпы, бұған дейін аталмыш кенттің стадионында балаларға арнап мұздан сырғанақ құйылып, қардан әртүрлі мүсін жасалған. Бұның бәрі жергілікті тұрғындарға көтеріңкі көңіл-күй мен мерекелік рәуіш сыйлайды.

Шығыс Қазақстан облысының ақпарат орталығы

Осы айдарда

Back to top button