Жаңа жол Ертіс көпірінің астынан өтеді
Аймақ басшысы Даниал Ахметов жол-құрылыс компанияларымен бірге Өскеменнің негізгі магистральдары мен жол айрықтарын аралап, жағдайымен танысты.
– Әрине, жол инфрақұрылымын дамыту – заман талабы, сондықтан қала көшелерін кеңейту қажет. Біз тұрғын үй құрылысын ені алты метр аулаішілік жолмен және бір пәтерге бір жарым еселенген автотұрақпен жабдықтауды жалғастырамыз, – деді облыс әкімі.
Алматы трассасы жағынан қалаға кіретін автожол екі жарым есе кеңейтілді, тротуарлар мен шамдар орнатылады, шілде айында жоба аяқталады.
Жібек жолы көшесін кеңейту және оны Сәтбаев даңғылымен және Есенберлин көшесімен байланыстыру бойынша үлкен жұмыс жүруде. Бұл көлік ағынын азайтады. Аймақ басшысы осы жобаны түзетуге он күн уақыт берді.
– Мультипликативті әсер беретін Астана көшесін жаңартуды жалғастырамыз. Бұл – екі көпірдің ортасы және тұрғындар үшін жаңа, жайлы демалыс аумағы. Тағы бір маңызды жоба – Славский жағалауын Пермитин көшесімен қосу, жол Ертіс көпірінің астынан өтіп, «Бәйтерек» айналымындағы көлік жүктемесін азайтады, – деді Даниал Ахметов.
Төрт жыл ішінде облыс орталығында 60 оң жақ жол бұрылысы салынып, көшелердің біразы жөнделді, алдағы уақытта да бұл жұмыс жалғасады.
DIDAR ақпарат