Жаңа Бұқтырмада мектеп салынады
Жаңа Бұқтырма кентінде 200 орындық қазақ мектебі салынады. Бұл жөнінде қала-аудан әкімдерімен, басқарма басшыларымен кеңес өткізген аймақ басшысы Даниал Ахметов мәлім етті. Жиында облыстың әлеуметтік-экономикалық даму мәселесі талқыланды.
– 2022 жылды алға қойған бар міндеттерді орындай отырып, оң көрсеткіштермен аяқтадық. Қазір азық-түлік тапшылығын сезінбеу үшін оларды өндіру мәселесі өзекті. Он күн ішінде ауыл шаруашылығы басқармасы қандай өнімдер жетіспейтінін және олардың өндірісін қалай субсидиялай алатынымызды талдауы керек, – деді аймақ басшысы.
Сонымен қатар облыс әкімі 2015 жылғы алқаптарды суару жобасын қарастыруды тапсырды, оны қазіргі жағдайды ескере отырып аяқтап, егіс басталғанға дейін суару жүйелерін мүмкіндігінше іске қосу керек.
Сондай-ақ Жаңа Бұқтырма кентін абаттандыру мәселесі талқыланды. Жобалық-сметалық құжаттама дайындалуда. Өзгерістер тек жағалауды емес, сонымен қатар кентті, оның кіреберісін, орталық бөлігін де қамтиды, заманауи саябақ отырғызу және көшелерді жарықтандыру көзделген. Бұдан басқа, жақын арада 200 орындық қазақ мектебін салу жобасы әзірленеді.
– Қазір Жамбыл облысында ауыл халқының табысын арттыру бойынша республикалық пилоттық жоба іске асуда, мен мамандарымызға сол жаққа барып, аталмыш жүйені зерделеуді тапсырдым, әрі қарай оны біздің өңірге енгізу керек, – деді облыс әкімі.
Ауыл тұрғындарын шағын несиелендіруге қатысты 438 миллион теңгенің 90 жобасы бекітілді. Бұл салада Зайсан ауданы көш бастап тұр, Шемонайха, Самар, Алтай аудандарында осы жұмысты ширату қажет.
Ержан Кеңесұлы