Жан дауасын іздеген жиһангер
Қазақ елі Жасан атты жайсаң азаматты тани бастағанына жиырма жылға жуықтапты. Басы ауырып, балтыры сыздамайтын жан кемде-кем. Жанына шипа іздегендердің бір шамасы, соның ішінде еуропалық медицинаның бүгінгі өркениет дәуіріндегі жетістіктерінің өзінен сырқатына дауа таппағандар. Иә, келеді, жабығып қайтпайды, жазылып қайтады. Сондықтан Жасан жайында еліміздің дүйім ақпарат құралдары жарыса жазып, жар салып жатыр. Мен де қолыма қалам алдым. Алдымен Жасан кім дегеннен бастайын.
Жаһан таныған Жасан
Бұл күндері дәрігер Жасанның аты аталса, «халықаралық» деген сөз тіркесе кетеді. Нанбасаңыз, мына жолдарға көз жүгіртіңіз:
Ол – халықаралық инемен емдеу академиясының, ғарыштық қуат академиясының, шығармашылық академиясының академигі. Вена Халықаралық университетінің құрметті профессоры, халыаралық «Сократ» орденінің иегері. Оны Нью-Йорк, Вена, Токио таниды. Бәрін айт та бірін айт, бастысы, ол – Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі, медицина ғылымдарының докторы. Бастысы деуіміздің мәні бар, Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ айтқандай, «Елімнен не аламын деп емес, еліме не беремін» деп тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында атажұртқа алдына зор мақсат қойып оралған қандастарымыздың бірі. Басты жетістігі – талмай іздену арқылы 2004 жылы елімізде алғаш рет Шығыс-Тибет инемен емдеу тәсілі негізіндегі «Жас-Ай» орталығын Алматы қаласында ашты. Өткен 12 жыл ішінде сырқатына өзгеден дәру таппаған 70 мыңдай адамды құлантаза сауықтырып, бір перзентке зар 3000-дай отбасына бала сүю бақытын сыйлады. Осындай ізгілікті істері арқасында халықтың ризашылығына бөленген, ел арасында «Алтын ине ұстаған алтын азамат» атанған ерен тұлға.
Абзал дәрігерімізге берілген абырой-атақтардың мәнін терең түсінбесек, Жәкеңнің асыл қасиеттерін де түсінбегеніміз болар еді. Бір ғана халықаралық «Сократ» орденінің иегері деген атақтың өзі неге тұрады?! Бірақ оқырман қауым Сократтың атақты философ екенін білгенімен, ұлы ғұлама атындағы орденнің қандай адамға, қандай өлшем арқылы берілетінін біле бермейді. Ал ғарыштық қуат академиясының академигі дегенде, ойымызға медиктер емес, астрологтар оралады. Біз де толық түсіну үшін Жәкеңнің өзінен сұрадық.
– Халықаралық «Сократ» ордені медицина ғылымына әлемдік деңгейде үлес қосқан, жаңалық ашқан адамдар мен үздік клиникаларға беріледі. Сократтың тікелей ұрпақтарының қатысуымен құрылған халықаралық комиссияның біліктілігі сондай – оның құрамында дүниежүзілік «Нобель» сыйлығының лауреаттары Джон Неттинг пен Уил Гулдхир есімді екі адам бар. Ал әлемнің әртүрлі елдерінде осы комиссияның 500 адамнан құралған өкілеттері жұмыс істейді. Солар ел-елдегі осы сыйлыққа лайық-ау деген адамдарды егжей-тегжейлі зерттеп, ұсыныс енгізеді. Әлем медицинасы емдеудің еуропалық тәсілінен гөрі Шығыс-Тибет медицинасының артықшылығын түсініп, ден қоя бастаған бүгінгі таңда Вена университеті бұл саладағы жетістіктерді жіті бақылап отырады. Халықаралық Вена университетінің маған назары түсіп, құрметті профессор атағын беруі осыған байланысты деп ойлаймын.
Ал ғарыштық қуат академиясының мүшелігіне келсек, шынында да, бір қарағанда медицина мен астрономияның арасы жер мен көктей сияқты. Бірақ философиялық тұрғыда он сегіз мың ғалам диалектикалық байланыста екенін бүгінгі таңда саналы адамның бәрі біледі. Ең бергі жағы жастарымыздың көбі жұлдыз-жорамалды қалт жібермейді. Өйтсе, медицинаны ғарыштық ғылымдардан бөліп қарау мүмкін емес. Адам ағзасы ғарышпен ұдайы, тікелей байланыста болады. Сіз әлемдік тартылыс күшіне кіндігіңізден байланғансыз, сіз магнит өрісінен тысқары емессіз. Ай, Күн, жұлдыздар шоғыры адам ағзасына тікелей әсер етеді. Жалпы, Шығыстық күнтізбе бойынша әрбір жыл топырақ, су, от, темір, ағаш деген бес элемент арқылы ерекшеленеді. Адам ағзасы да осы бес элементке бағынышты. Міне, Шығыс даналығы осында жатыр. Сондықтан Шығыс медицинасы адам ағзасындағы өзгерістерді аспан әлемінің әсерімен бірге қарастырып келген. Москвада ғарыштық қуат академиясымен бірлескен сырқатты ғарыштық қуат арқылы емдейтін орталық бар. Осы орталықтың дәрігерлеріне Шығыс-Тибет медицинасын меңгерген білікті мамандар лекция оқиды. Мен де солардың қатарындамын.
Тәуелсіздікке тәбәрік сый
Жасан жуықта ғана «Жас-Ай» Шығыс-Тибет инемен емдеу орталығын Астана қаласында ашты. Алматыға аяғы жете бермейтін ұлан-ғайыр қазақ даласының орталығы мен теріскейіндегі сырқаттар ендігі жерде Астанаға ағылары сөзсіз. «Бұл – менің еліміз Тәуелсіздігінің 25 жылдығына тәбәрік сыйым», – дейді Жәкең.
Алтын ине дегеннен шығады, қоғамның қай саласында болмасын кеңестік дәуірдегі қатаң тәртіп адыра қалып, тәуелсіздік, еркіндік таңының маңдайдан сипауын өзінше түсінгендер небір құйтырқылыққа барғаны, көз алдымыздағы өмір шындығы. Мұндай бейбастақтық медицина саласын да айналып өткен жоқ. Көріпкелдер, тәуіптер қаптап кетті. Естімеген ескі заманда емшілер сырқатты инемен емдейді дегенді естіп, «аңқау елге арамза молда» болып, қолдарына алтынды қойып, жез де емес, темір «тебен» алып, тисе терекке, тимесе бұтаққа дегендей, теріңе шаншитындар шыққаны да шындық.
Сөйтсек, ине терапиясы деген – кім көрінгеннің қолынан келе бермейтін, оңай шағылмайтын жаңғақ екен. 5000 жылдық тарихы бар Шығыс-Тибет медицинасының заңғар шыңы, асқар биігі екен. Қытайда туып өсіп, медициналық университетті тәмамдаған Жасан негізгі мамандығы хирург болғанымен, Шығыс-Тибет медицинасына да ден қойыпты. Қазақтың жалпақ тілімен айтқанда, осы мамандықтың «түбін түсіріп отырып» оқыған, осы мамандық бойынша докторлық еңбек қорғаған Қазақстанда ғана емес, дүниежүзінде жалғыз қазақ. Иә, Шығыс-Тибет медицинасы деп сайрап отырғанымызбен, осы бір құдыретті ғылым жайында білеріміз тым аз екенін мойындамасқа амал жоқ. Сондықтан Жәкеңнен тәптіштеп түсіндіруін сұрадық.
– Еуропалық медицинаның негізгі тәсілі сіздің қай жеріңіз ауырып тұр, сол жерді емдеуді мақсат тұтады. Ал Шығыс медицинасының негізгі әдісі аурудың тегін тектеу, себептерін іздеу болып табылады. Аурудың себебін табу үшін адамның бүкіл ағзасын тұтас қарайды. Қазақша айтқанда, «су басынан тұнады» деген мақалға саяды. Себебін таппай, салдарды жою мүмкін емес. Бұл – философиялық қағида. Себебін адамның тұла бойындағы қанды үздіксіз айналысқа түсіріп, іс-әрекетін реттеп отыратын қос-қостан 12 жұп жан арнасынан (каналдан) іздейді. Сол арналар мен адам денесіндегі Тибет медицинасын игеруші дәрігерлерге ғана толық белгілі 700 жан нүктесі адамның түрлі ағзаларымен жалғасып тұрады. Тибет медицинасының басты тәсілі – ауруды жазу үшін сырқат ағзаға тікелей емес, сол нүктелер арқылы әсер етеді. Соғысқұмар отаршылдар жауының маңызды нысанын алысқа ұшатын зымырандар арқылы күйретеді. Әсілі, Шығыс медицинасы да солай, әлгі маңызды нүктелерге алтын ине қою арқылы дерттің ошағына «бомба» тастайды. Бір сөзбен айтқанда, ауру ағзаның тікелей өзіне химиялық дәрі жіберу немесе ота жасау емес, сырқат адамның табиғи энергия көзін ашу арқылы әсер етеді. Табиғи энергия иммунитетіңізді күшейтеді. Иммунитет дегеніміз – рух күші, рух бәрін де жеңеді.
Ал инені қоюдың (қалай бағыттаудан бастап), ауруға әсерін күшейтудің (инені тоқпен, шөппен қыздыру, т.б) әдіс-тәсілі сан қырлы. Оны бір әңгімеде айтып тауысу мүмкін емес. Сағаттап лекция оқуға тура келмек.
Шығыс медицинасының екінші айырмашылығы, Батыс медицинасында қолданылатын химиялық дәрі-дәрмектер ауырған ағзаңды сауықтыруға тиімді әсер еткенімен, екінші бір сау ағзаңа зиян тигізеді. Ал Шығыс медицинасы дәрілік шөптерден жасалған дәрі-дәрмек қолданатындықтан, кері әсер болмайды. Химиясыз емдеу – қиянатсыз емдеу екені айтпаса да түсінікті. Үшінші айырмашылығы, басым көпшілік ауруға диагнозды тамыр басу арқылы қояды.
«Жақсыдан жаман туса да, тартпай қоймас негізге»
Осылай деп атақты Ақтамберді жырау айтқан ғой. Жәкең де солай дейді. Адам әмәнда тегіне тартады. Бірақ Жәкең – жақсыдан туған жаман емес, жақсыдан туған жақсы. Олай дейтініміз, Шығыс медицинасы осы өңірді (Орта Азияны) мыңдаған жылдар бойы мекендеген қазаққа да жат емес. Дәрілік шөптермен емдеу, қан алу, бұлауға салу сияқты сырқатты емдеудің шығыстық тәсілін біздің ата-бабаларымыз да қолданған.
Халқымыз «Адам баласына жақсы да, жаман да қасиеттер «атаның қанымен, ананың ақ сүтімен беріледі» деп тегін айтпаған. Осыны білудің өзі – біздің қазақтың тектілігі. Әлем өркениетінде алғаш рет жылқыны қолға үйретіп, асауға ауыздық салған қазақ арба мен үзеңгіні ойлап тапқан, әл-Фарабиден бастап Абайға дейінгі ұлы ойшылдарды туғызған халықпыз, – дейді Жәкең.
Жасанның ата-бабалары сонау 1700-інші жылдардың соңғы ширегінен бері қазақтың қасиетті даласының бір пұшпағы – ұлы Тарбағатай жотасының Орқашар, Көшеті, Барлық, Қату тауларынан табан аудармаған. Бұл таулар Тибет жотасы сияқты аса сирек кездесетін емдік шөптер көп өсетін қасиетті мекен. Осы әулеттің бесінші аталары Бек атты асқан әулие адам болған екен. Қосшы адамдары арқылы адыраспан, жалбыз, құрт шөп, алтын тамыр, адамшөп сияқты дәрілік шөптерді қоржын-қоржын етіп жинап, сол шөптерден жасалған түрлі дәрімен Алтай, Тарбағатай, тіпті Іле өңірін аралап жүріп, сырқаттарды емдеген. Небір дауасыз дертке шалдығып, бұл дүниеден күдерін үзгендерді жазған Бек әулиеннің атағы аңызға айналып, алысқа кетіпті. Кезінде қытай императорының назарына жеткені жайында қытайдың қасиетті адамдар мен киелі орындар туралы көне зерттеу жазбаларында сақталған көрінеді. Бек әулиден «сіздің тәуіптік қасиетіңіз ұрпақтарыңызға қонар ма екен?» деп сұрағанда, «Бір Алла біледі, шөберелерімнен кейінгі ұрпағымнан көрінер» деген екен. Сол шөбереден кейінгі ұрпақ – біздің кейіпкеріміз Жасан. Осы бір қасиетті өлкеде одан кейінгі замандарда да сырқатты дәрілік шөптермен емдейтін ем-домшылар үзілмеген. Жасанның бала кезінде де осы өлкеде Ағатқан, Мұса, Зейінхан, Қали сияқты түрлі сырқатты дәрілік шөптермен емдейтін қариялар болған. Өкініштісі, олардың адам емдеуіне кезінде Қытай үкіметі шектеу қойғандықтан, осы қариялардан көп сырға қанығуға, үйренуге Жасанда мүмкіндік болмаған. Қалайда тектегі тегеурінділіктің ұшқыны қан арқылы Жасанға да дарығаны, сәуегей бабасының жаңылмағаны анық.
Жәкеңнің әкесі Зекей аудандық үкіметте аудармашы, бөлім бастығы, әкімнің орынбасары сияқты қызметтер атқарған көзі ашық, көкірегі ояу зиялы азамат болды. Балаларын оқытуға күш салды. Оларға қоғам өзгерсе де, өзгермейтін дәрігерлік мамандықтың артықшылығын, сауапты кәсіп екенін де жиі айтып отырған. Бірақ қатал тағдыр Жасанды әкесінен ерте айырды. Мемлекеттік қызмет бабында жүріп, көлік апатынан небәрі 42 жасында көз жұмды. Құтты да ұлағатты ошақтан өрбіген ұрпақ Сайра, Серік, Жасан, Ержан – төртеуі де аналары Шәрипаның аялы алақанында ержетіп, жоғары оқу орындарын тәмамдады. Текті атаның білімдар ұрпақтарының алғырлығына сүйінген осы өлкенің халқы арасында «Зекейдің зерек ұлдары» деген қанатты сөз қалыптасқан екен.
– Әкемнің әңгімелері әсер етті ме, бабалардың қасиеті дарыды ма, ол жағын білмеймін, әйтеуір бала кезімнен дәрігер болуға аңсарым ауып тұратын-ды. Арманыма жеттім, Қытайда медицина университетін бітіріп, Бейжін, Тянжин қалаларында білімімді жетілдірдім. Қытайдың осы заманғы медицинасын оқи жүріп, Тибет медицинасына да ден қойып, ине салу, шөппен емдеу тәсілдерін игердім. Менің ұстазым – осы саланың асқан білгірі, ине салу жеті атасынан жалғасқан және мұны ілім ретінде зерттеп, дамытып том-том ғылыми еңбек жазған Хун Сұн деген ғұлама еді. Мен осы ғұламадан қажымай-талмай үйрендім, ата тектен жалғасқан қасиетті дамытуға, өз дарын – қабілетімнің көзін ашуға ұмтылдым. Жәкең осылай дейді. Бір айта кетерлігі, Жасан Хун Сұн ұстаздың мыңдаған шәкірттерінің ішіндегі жалғыз қазақ әрі алғырлығымен ғұламаның құзырына жаққан үздік шәкірттерінің бірі болған екен.
Көп жағдайда бір «істі айтуға оңай» деп жатамыз. Жеті жүз нүкте! Айтуға да оңай емес сан. Санап қана шығу емес, әр нүктенің қай ағзаға қандай әсер беретін қасиетін саралаудың қаншалықты күрделі екені айтпаса да түсінікті. Жасан Шығыс-Тибет медицинасы, соның ішінде алтын ине терапиясы туралы жазылған 15 том кітаптың әр бетін сұқ саусағының ұшын жалап отырып, көз майын тауысып оқыды. Бір емес, қайталап оқып, үтір-нүктесіне дейін қағаберіс қалдырмай зердесіне тоқыды.
Бодаухан Тоқанұлы
Жалғасы бар.