Экономика

Жалақы қарызы еселеп өсіп барады

Кеше облыс Әкімінің бірінші орынбасары Серік ӘБДЕНОВТІҢ төрағалық етуімен мерзімінде өтелмеген жалақы қарызын жою жөніндегі жұмыс комиссиясының селекторлық режимдегі мәжілісі болып өтті.

Жалақы қарызы еселеп өсіп барадыЖиында облыстық бақылау және халықты әлеуметтік қорғау департаментінің бастығы Бақытбек Қизатов еңбек-ақы берешегі бойынша қазіргі жағдай туралы баяндама жасады. Ол жалақы қарызы бар кәсіпорындар, оның көлемі туралы нақты мәліметтер берді. Өңірдегі еңбекақы берешегінің басым бөлігі «Шығыс сусындары», «ВостокПроммонтаж», «Капитал» құс фабрикасы, «ВостокРостКомплект» сияқты бірқатар кәсіпорындардың еншісінде. Жалпы, облыстағы жалақы қарызы 103 миллион теңгені құрап отыр.

Зырян ауданында орналасқан «ВостокПроммонтаж» ЖШС-нің 400 миллион теңге шамасында кредиторлық берешегі бар, оның ішінде 24 миллиондай теңге – жалақы қарызы. Аудан әкімі Ермак Сәлімов аталмыш берешекті сот арқылы жойып, серіктестікке жаңа қожайын табуды, осылайша өндіріс орнын жандандыруды жөн көріп отыр. Ол үшін ең алдымен кәсіпорынды банкрот деп жариялау қажет, бұл бастаманы облыс Әкімінің бірінші орынбасары Серік ӘБДЕНОВ те қуаттап, іске тездетіп кірісу-ді тапсырды. Бүгінде «ВостокПроммонтажда» елу шақты ғана адам жұмыс іс-теуде.

Семейдегі «Семей Авиа» әуе компаниясының да жалақы бойынша берешегі бар. Олар өз жұмысшыларына еңбекақыны екі айға кешіктіріп отыр. Нақты қарызы 14 миллион теңгені құрауда. «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басқарма төрағасы Нұрлан Сыдықовтың айтуынша, олар қазір компанияны экономикалық тұр-ғыда сауықтырудың бірнеше жобасын әзірлеп, қарыздарды төлеу бағытында жұмыс істеп жатыр.

«Капитал» құс фабрикасының жалақы бойынша 125 миллион теңге, ал «ВостокРостКомплект» ЖШС-нің 25,6 миллион теңге көлеміндегі қарыздары өтелмеген. Дәрменсіз борышкерлермен жұмыс жөніндегі комитетке қарасты өңірлік департамент бастығының міндетін атқарушы Елена Ногайцева бұл екі кәсіп-орынның да сот бойынша банкрот болып танылғанын айтады. Қазір олардың мүлкін сату бойынша жұмыс жүргізілу-де. Саудадан түскен қаражат еңбекақы қарызын жабуға жұмсалмақ.

Жиында облыстық сот актілерін орындау департаменті бастығының орынбасары Аян Тоқтаров та өз тараптарынан атқарып жатқан істерге тоқталды.
– Өкінішке қарай, облыста жалақы бойынша берешектің көлемі өсе түскен.

Оны жою жұмыстарының қарқыны да соңғы кездері біраз саябырсып барады. Әсіресе, Өскемен, Семей қалалары мен Зырян, Глубокое аудандарында түйткілді мәселелер бар. Елбасымыздың, Үкіметтің алдымызға қойып отырған басты міндеттерінің бірі – халыққа еңбекақыны дер кезінде төлеу. Сондықтан, осы мәсе-леге жіті көңіл бөліп, жұмысты ширату керек. Берешекке жол берген кәсіп-орындарға қатысты қатаң шаралар қабылдау қажет, – деді мәжілісті қорытындылаған облыс Әкімінің бірінші орынбасары. Жиын соңында Серік ӘБДЕНОВ жұмыс комиссиясының мүшелеріне және осы іске атсалысып жүрген барлық қызметшілерге еңбектері үшін алғыс білдірді.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button