Жалғанның бір рахаты – монша деген…

Моншаға барған сайын: «Па, шіркін! Өмірдің бір рахаты – монша екен-ау?!» деген ой келеді маған. Қолыңдағы қайың сыпыртқымен парға кіріп ап армансыз соғыну, ыстық пардан соң салқын бассейнге күмп беріп сүңгіп кетіп, арлы-берлі құлаштап тұрып жүзіп алу, сосын асықпай жуынып, денең балбырап, өңің қызара бөртіп моншадан шыққан сәтің – шынымен де, өмірдің рахаты емес пе?
Бірақ, «Білгенге маржан, білмеске арзан» дегендей, моншаның рахатын моншаға барған ғана біледі. Ал бармайтын адам тегін апарсаң да, бармайды ол жерге. Бармағасын, оның рахатын қайдан білсін?
Қайсыбір адамдардың: «Біз моншаға бармаймыз. Үйде ванна бар, душ бар, соған жуына саламыз» деген сөздерін алғаш естігенде, «Қалжыңдап тұрған болар?» деп, беттеріне бежірейе қарайтынмын. Сөйтсем, расында да, моншаға бармайтын адамдар болады екен. Бірақ моншаға бармай, қалай жүре беруге болады? Түсінсем бұйырмасын…
Жыл он екі ай демалмайтын ұжым
Өскемендегі халық көп баратын моншалардың бірі «Защитинские бани» деп аталады. Атауы айтып тұрғандай, орналасқан жері «Защита» теміржол вокзалының маңында.
Бұл моншаның қаладағы өзге моншалардан көп айырмашылығы да, артықшылығы да жоқ шығар, бәлкім. Дегенмен, көпшіліктің көңілінен шығып жүрген моншаның бірі екендігіне дау жоқ.
Ең алдымен бұл нысанның ауласы кең, моншаға келген 20 адам көлігін емін-еркін қоя алатын аумағы бар. Таңертеңгі сағат 8-ден бастап, кешкі сағат 10-ға дейін қызмет көрсететін монша қызметкерлері де келгендерге өте сыпайы. Қашан барсаң да, күліп қарсы алып, иіліп шығарып сап жатады.
– Мен бұл моншада күрделі жөндеу басталғалы жұмыс істеймін. Жөндеу жұмыстары аяқталған соң, қожайынның ұсынысымен моншашы (баньщица) болдым. Бұрын екі адам кезекпен ауысып істейтінбіз. Қазір үш кісі болдық. Жасырып-жабары жоқ, екі кісіге жұмыс ауырлау. Моншаның парын, жуынатын жері мен киініп-шешінетін бөлмелерін күнделікті сағат сайын жуатынымыздан бөлек, сәрсенбі, жұма, жексенбі күндері түнде үшеуіміз бірдей шығып, генеральная уборка жасаймыз, – дейді бізбен тілдескен монша қызметкері Ирина Павловна.
Мұнда бір адамға бекітілген жуыну уақыты екі сағат. Бұл енді шартты түрде алынған уақыт десе де болады. Әйтпесе, осында келгендерді «Кіргеніңе екі сағат болып қойды, шық!» деп, шығарып жібергенін көрмеппіз. Былтырдан бері ашық аспан астындағы бассейн ашылған. Суы автоматты түрде тазартылып, қысы-жазы бір температураны (20-21 градус жылылықты) ұстап тұрады.
Ирина Павловнамен екеуара әңгімемізге сол жерде массажист болып жұмыс істейтін Женя да араласты. Күніне 10-15 адамның денесін уқалап, көптің алғысын алып жүрген массажист келіншектің бірнеше мамандығы бар болса, соның ең негізгісі дәрігер-массажист екен.
– Адамның бүкіл денесінен бастап, бас, арқа, жауырын, сан мен балтырдың бұлшық еттері деп бөлек-бөлек есептегенде, массаждың 22 түрін жасаймын. Бағалары да әртүрлі, бір мың теңгеден басталып, бес мың теңге тұратын массаж түрі де бар. Бірақ, ешкімді мәжбүрлемейміз. Өйткені массаж – әр адамның көңіл қалауындағы қажеттілік, – дейді Женя.
Біраз жыл күрделі жөндеуден өтіп пайдалануға берілген бұл нысанның халыққа үзіліссіз қызмет көрсетіп келе жатқанына биыл сегіз жыл болыпты. Мұндағы қызметкерлердің ұғымында, былайғы жұрт секілді «Сенбі, жексенбі, мереке күндер» деген ұғым жоқ екен. Олар бір-бірін алмастырып жыл он екі ай үзіліссіз жұмыс істей береді. Белгіленген тәртіп солай.
– Осы монша ашылғалы, біздің де көзіміз ашылды, – дейді парға бір кірсе, жуырмаңда шыға қоймайтын. Темірболат ағамыз.
Темкеңді осы моншадан жиі көріп жүрем. Қазақтың түйе палуандары секілді, етжеңді, алпамсадай азамат. Ол кісі парға кіргенде, ондағылар көп отыра алмай қашып шығады. Ел бір сыпыртқы апарса, ол кісінің екі қолында екі сыпыртқы жүреді.
– Бұл монша, шамамен, алты-жеті жылдай ремонтта тұрды. Көп жөндеді. Қожайыны кім екенін білмеймін. Кім болса да, ақылмен салынған монша. Қашан келсең де, іші жап-жарық, жуынатын бөлмесі де, киінетін жері, парының іші бәрі мұнтаздай таза. Өзім қаланың бір жақ шетінде, сонау ЖМК ауданында тұрсам да, осында келем. Таныстарым да сөйтеді. Ал ол жақта қазірдің өзінде екі-үш монша бар. Бәріне барып көрдім. Неге екенін білмеймін, әйтеуір ұнамайды. Осы моншадан алған рахатты басқа моншалардан ала алмаймын, қалайда, – дейді демалуға шыққанда термостағы қара шайын сапыра отырып, саясаттан бастап, түрлі тақырыптарға әңгіме өрбіткенді ұнататын ағамыз.
Ертегілер еліне тап болғандай боласың
Рахат дегеннен шығады. Моншаның жақсысын бір жылдары Қытайға барғанда Үрімжіден көріп, қайран қалғаным бар. Аты монша болғанымен, аумағы атшаптырым жерді алып жатқан төрт қабатты ғимараттың ішіне кірген адам құдды бір ертегілер еліне тап болғандай әсер алады екен.
Кіреберістен жымиып қарсы алатын қызметкерлердің саны моншаға келгендерден де көп пе деп қалдым. Ақ көйлек, қара шалбар киген биязы, жап-жас жігіттердің қолдарында бір-бір рация. Бір қызығы, мұнда келген адамға біздегі секілді кірер-кірместен: «Билет ал!» деп, ешкім дікеңдемейді. Монша қызметкерлерінің көрсетуімен қалаған шкафтардың біріне шешініп, кілтін білезігіңе тағып алғасын, асықпай моншаның барлық ережесімен, көрсетілетін қызмет түрлерімен танысып шығуыңа болады.
Кіру құны ұмытпасам, 100 юань болды-ау деймін. Ол дегеніңіз, сол кездегі курс бойынша 2,5 – 3 мың теңгенің мөлшері. Сол 100 юаньнің келушіге көрсететін қызметінің өзі бас айналдырарлық. Моншаға түсу уақыты шектеусіз. Бүгін таңертең кіріп, ертеңінде осы уақытта шықсаң да өз еркің. Мұндайда «Бір сөтке бойы моншада не істеп жүресің?» деген сұрақтың туындары белгілі. Ол жағынан саспай-ақ қоюыңызға болады. Мұнда, жуынып-шайынғаннан бөлек, келген адамның ішін пысырмайтын ойын-сауық бағдарламалардың небір түрлері бар. Айталық, үшінші қабатта асхана. Онда әр бір екі сағат сайын барып қалаған тамағыңа тапсырыс беруіңе болады. Төртінші қабатта кең экранды бірнеше кинозал бар. Қай залға кіріп, қай тақырыптағы киноны көрем десеңіз өзіңіз білесіз. Демалып, ұйықтайтын бөлме бөлек. Ол бөлмеге қойылған жеке-жеке тапчандардың бас-басына интернет қосылған ноутбук қойылған. Құлағыңа құлаққапты киіп аласың да, қалаған фильміңді көріп немесе ұйқың қанғанша ұйықтап жата бересің. Жатқан адам орнынан тұрып кетсе болғаны, қызметкерлер әлгі тапчанның төсек-орнын сол сәтте ауыстыра қояды. Демалыс бөлмесіндегі тапчан саны шамамен 100-ге таяп қалады.

Ғимараттың ішкі құрылысының өзі ғажап. Біздегідей әр қабаттың үстін плитамен жаба салмаған. Бірінші қабатта тұрып төбеге қарасаң, сонау төртінші ме, бесінші ме қабаттың төбесін жауып тұрған шыны әйнекті көресің. Оның ар жағы көк аспан. Жоғарғы қабаттарға көтерілетін сатылары кәдімгі спираль пішінінде істелген, көлбеу жатқан жол секілді. Енінің өзі екі-үш адам қатар жүре беруге болатындай кең. Бір жағы ағаштан жасалған кәдімгі баспалдақ саты болса, қабырға жақтарын үлкен-үлкен қой тастарымен қалап, оны жылтыратып лактап тастаған. Ол тастардың әр тұсына жап-жасыл аршалар мен шыршалар, басқа да гүлдердің түр-түрі мен сирек кездесетін аң-құстардың макеттері қойылған. Бұрылыстарға орнатылған майшамдар мен аквариумдер, шағын-шағын субұрқақтар, отырып демалатын жайлы диван-креслолар ғимаратқа ерекше өң берсе, көрген адамның тілін байлағандай.
Әдемілігі соншалық, моншада емес, құдды бір табиғат аясында жүргендей боласың. Бір ғана пардың төрт-бес түрі бар. Ішіне қиыршық тас төселгені, құм төгілгені, ағаштан жасалғаны, еденіне кесек-кесек малта тастар қаланғаны деген секілді. Бассейн де солай, алты-жеті бассейннің тереңдігі мен көлемінен бастап, тұздысы, тұзсызы бар, әрқайсысының температурасы да әртүрлі. 70-80-ге жуық душ кабинасы, оның әрқайсысының ішінде бір реттік тіс щеткалары, сақал қыратын станок, сабын, шампунь түгелі бар.
Естуімізше, Үрімжіге Қазақстан, Қырғызстан секілді көрші елдерден тауар алуға барған саудагерлер күндіз сауда-саттықтарын жасап, кешкісін сондай моншалардың біріне кіріп, таңертең бір-ақ шығатын көрінеді. Бұл әңгіме негізсіз де емес секілді. Өйткені есептеп қарасаң, бағасы қонақ үйден арзан, ал көрсететін қызмет түрлері жоғарыдағыдай.
Әрине, ондай моншалардың әзірге біздің елге келе қоймағаны белгілі. Сондықтан қолымызда бар моншаларды базарлай тұрармыз.
Жалпы, моншаның шығу тарихынан бастап, оның адам денсаулығына тигізетін небір пайдалы жақтары жайында жазуға болар еді. Оның да бір реті келе жатар.
Негізі, апта сайын болмаса да, ара-тұра моншаға барып, мына жалған дүниенің рахатын сезініп қойғанға не жетсін.
Серік Құсанбаев