Брифинг

Жалақы өскенмен жағдай мәз емес

Былтыр облыста жұмысшылардың орташа жалақысы 323 726 теңге болып (шағын кәсіпорындарды есептемегенде), 2021 жылмен салыстырғанда 20,5%-ға өскен. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңындағы брифингте Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы облыстық департаментінің басшысы Ерназ Нұрланов мәлім етті.

Ресми мәліметке сүйенсек, өткен жылдың қорытындысына сәйкес біздің облыс орташа жалақы деңгейі бойынша республика өңірлерінің ішінде алтыншы орында екен. Дегенмен лауазымды тұлғаның айтуынша, орташа айлық жалақының бұлай өсуі жыл аяғында берілетін сыйлықақы, үстемеақы, өтемақының және біржолғы төлемдердің қоса есептелуімен байланысты екен. Әйтсе де жағдай мәз емес. Өйткені жалақымен бірге азық-түлік бағасы да шарықтап кеткен. Нақты деректермен сөйлесек, былтыр облыста азық-түлік тауарлары 24,0%-ға, азық-түлік емес тауарлар 20,5%-ға, қызмет көрсету 13,8%-ға қымбаттаған. Бұл жағдай айлығы шайлығына жетпей жүрген қарапайым тұрғындардың қалтасына ауыр салмақ екені айтпаса да түсінікті.

Дей тұрғанмен былтырғы өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жаман емес. Бөле-жарып айтсақ, облыста өнеркәсіп өндірісі мен ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі артқан, бөлшек сауда тауар айналымы, жүк айналымы, құрылыс жұмыстары және негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі де өскен. Мәселен, өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2194,2 млрд теңге болса, ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 527,3 млрд теңгеге жеткен. Елімізде өндірілген ауыл шаруашылығы өнімі көлемінің 5,7%-ы Шығыс Қазақстанның еншісінде.

– 2021 жылмен салыстырғанда былтыр мал шаруашылығы өнімінің көлемі 6,9%-ға артып, өсімдік шаруашылығының өнімі бұрынғы деңгейде сақталды. Сүт және ет өндірудің үлес салмағы бойынша облыс республикада бесінші орынға тұрақтады, – деп нақтылады департамент басшысы Ерназ Нұрланов.

Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, өңірдегі халықтың саны 2021 жылғы ұлттық санақтың қорытындысын ескере отырып есептегенде биылғы 1 қаңтарда 730,2 мың адам болған. Оның ішінде 483,3 мың адам қалада тұрып жатса, 246,9 мыңы – ауыл тұрғындары. Бір жылда облыс халқының саны 2794 адамға кеміген. Осы аралықта қала халқының үлесі 0,1 пайызға артып, ауылдағылар керісінше 1,3%-ға азайған. Бір көңіл аударатын жайт, аймақта еркектерден әйелдердің үлесі басымдау екен. Айталық, 349,5 мың ер азамат болса, әйелдердің саны – 380,7 мың.

Сонымен қатар биылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша тіркелген заңды тұлғалар саны 14996-ға жетіп, 2022 жылғымен салыстырғанда 3,2%-ға артқан. Оның ішінде тіркелген заңды тұлғалардың 77,1%-ы жұмыс істеп тұр.

Осы уақыт ширегінде өңірдегі шағын бизнес субъектілерінің саны 1,4%-ға өсіп, 12 156-ға жетіп отыр.

Қуаныш Рахметоллаұлы

 

Осы айдарда

Back to top button