Брифинг

Жалақы 76%-ға өседі – ШҚО

Шығыс Қазақстан облысында электрмен жабдықтау секторындағы қызметкерлердің жалақысы 76 пайызға өседі.

Бұл туралы табиғи монополияларды реттеу департаментінің басшысы Арман Мәлік өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында болған баспасөз мәслихатында айтты, деп хабарлайды Didar ақпарат.

– Өңірдің 13 табиғи монополия субъектісі жалақыны көтеру мүмкіндігін пайдаланды. Соның нәтижесінде электр энергиясын беру секторындағы 350-ден астам қызметкердің жалақысы 140 мыңнан 247 мың теңге дейін артты. Өсім – 76 пайыз. Сондай-ақ Зайсан ауданында газбен жабдықтау саласында еңбек ететін 8 қызметкердің жалақысы 175 мыңнан 260 мың теңгеге дейін көтеріледі. Мұндағы өсім 50 пайызға тең, – деді Арман Мәлік.

Сондай-ақ департамент басшысының айтуынша, жылу беру секторындағы кәсіпорындарда да оң өзгеріс бар. Бір жарым мыңнан астам қызметкер 167 мыңның орнына 227 мың теңге жалақы алады. Сумен жабдықтау секторындағы 670-тен астам қызметкердің жалақысы 112 мыңнан 146 мың теңгеге дейін жоғарылайды.

– Су бұру бойынша жалақы 118 мың теңге болған, қазір 145 мың теңгеге жетті. Бұл еңбекақыны 667 қызметкер алады, – деп толықтырды Арман Мәлік.

Оразай Жеңісұлы

Осы айдарда

Back to top button