Басты

Жалақысы жоғары жұмысқа жастар неге қызықпайды?

Ауыл шаруашылығы – ел экономикасының негізгі күші. Аграрлық білім мен ғылымның дамуы арқылы ауыл көркейіп, мемлекетіміз өркендейді. Экономикадағы қай саланың болмасын дамуы мамандарға тікелей байланысты.

Өскеменнің іргесіндегі Ұлан ауданына қарасты Саратов ауылында орналасқан, 74 жылдық тарихы бар Шығыс Қазақстан ауылшаруашылық колледжі бүгінде агроном, техник-механик, ветеринар, зоотехник, бухгалтер-ревизор, омарташы мамандарын даярлайды.

-Бүгінгі күні мемлекет агроөндірістік кешеннің дамуы үшін барынша жағдай жасап отыр. Ауылшаруашылық мамандарына қойылатын талап та заманға сай жаңаруда.  Кәсіптік оқу орнының қалыптасқан озық әдістемелік-педагогикалық үрдісі мен тәжірибесі жетерлік. Мұнда оқу-тәрбие үрдісін инновациялық тұрғыда ұйымдастыру, ауылшаруашылық білім беруді стандартқа сәйкестендіру, болашақ мамандардың өз бетінше ізденіп, зерттеу жүргізуіне, кәсіби дамуына барынша жағдай жасалған. Негізгі бағытымыз ауылшаруашылық өндірісіне мамандар даярлау болғандықтан, саладағы сұранысқа жете мән беріп, әлеуметтік серіктестермен, қожалықтармен тығыз байланыстамыз,- дейді оқу орнының басшысы Оралбек Төлегенұлы.

Сапалы маман даярлау үшін қажетті материалдық-техникалық база құрылып, кабинеттер, зертханалар, шеберханалар, ветеринарлық клиника мен шағын жылыжай талапқа сай жабдықталыпты. Цифрлық білім беру ресурстарын пайдалану үшін Wi-Fi интернет желісі іске қосылған. Сондай-ақ колледжде 50 орындық оқу залы, компьютерлік, мультимедиялық және заманауи аудио-видео құралдармен жабдықталған интерактивті тақталы дәрісханалар, қорында 90 мың дана кітап бар кітапхана білім алушылардың игілігіне жұмыс істеп тұр.

     Чемпионаттан бірнеше жүлдемен оралды

Колледждегі арнайы пәндер оқытушысы Гүлбахрам Уәлиева айтып өткендей, оқу ордасы жастарға кәсіби білім беріп қана қоймай, олардың интеллектуалды дамуына, білімді өз бетінше зерделеуіне, инновациялық технологияларды тиімді пайдалануына жағдай жасап келеді. Соның нәтижесінде білім ошағының шәкірттері талай білім бәйгелерінде оза шауып, жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Студент Бекболат Төребеков Павлодарда өткен «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» кәсіби шеберлік байқауында «Ветеринария» құзыреттілігі бойынша күміс жүлдегер атанды. Биыл Ақмола облысында өткен «WorldSkills Aqmola-2019» аймақтық чемпионатында «Ветеринария» құзыреттілігі бойынша колледж студенті Тоғжан Асқарбек бірінші орын, «WorldSkills Karaganda – 2019» аймақтық чемпионатында Жансая Базар бірінші, Ақбілек Әшіралиева екінші орын, «WorldSkills Shygys-2019» чемпионатында «Ауылшаруашылығын механикаландыру» құзыреттілігі бойынша Сергей Михайлев жүлделі бірінші орынды иеленді. Тараз қаласында өткен кәсіби-шеберліктің «Үздік ветеринар» республикалық байқауында Тоғжан Асқарбек бірінші орынды жеңіп алса, Жансая Базар екінші орын иегері атанып, облыстың білім деңгейін республикаға танытты.

«Агрономия», «Ауылшаруашылығын механикаландыру»  мамандықтарының студенттері облыстың алдыңғы қатарлы шаруашылықтарында, атап айтсақ, «Майлы дақылдардың тәжірибелік шаруашылығы», «Восток-Техно», «ВостокАгроХолдинг», «Агромаш Холдинг KZ», «ТАГ-ТИН», «Фитосанитария», «Заря», «Үржар Вет», «Талды-Екпін» кәсіпорындарында теориялық білімдерін тәжірибемен  ұштастырып отырады. Өндірістік тәжірибеде студенттер сұранысқа ие жоғары сұрыпты бидай, күнбағыс, тағы да басқа дақылдарды сұрыптау, егу, күту, тыңайту барысында қолданылатын инновациялық технологиялармен жұмыс істеуге дағдыланып жүр. Ал «Ветеринария» мамандығының студенттері озық технологиялармен жарақталған іргелі шаруашылықтарда, «Шалабай» асыл тұқымды мал зауытында, облыстық малдәрігерлік қызмет көрсету кәсіпорындарында, «ZOOVITA» сияқты ветеринарлық клиникаларда өндірістік тәжірибелерден өтіп отырады.

Халықаралық, республикалық, облыстық ғылыми-тәжірибелік конференциялар, кәсіптік байқаулар мен олимпиадалар, білім сапасын арттыруға арналған инновациялық жобаларды бірлесіп өткізу бағытында коледж Семейдегі Шәкәрім мемлекеттік университетімен, облыс орталығындағы Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетімен және оқу-өндірісте халықаралық озық тәжірибелерді пайдалану мақсатында Татарстандағы Буинский ветеринарлық техникумымен, Атинский ауылшаруашылық техникумымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған.

Оқу орны өңірдегі алдыңғы қатарлы кәсіпорындармен тығыз байланыста. Түлектердің 94 пайызының жұмыспен қамтылуы соның жемісі деуге болады. Жас мамандарды даярлаудың озық үлгісін көрсетіп жүрген Ауылшаруашылық колледжі бүгінде аймақтағы таңдаулы он колледждің қатарында. Әсіресе соңғы бес жылда оқу орны қарқынды дамып келеді. Облыс әкімі Даниал Ахметовтің және  білім басқармасының жүйелі қолдауының нәтижесінде  материалдық-техникалық базасы жанданып келеді. 400 орындық асхана және өзге қала, аудандардан келіп оқитын студенттерге арналған 200 орындық жатақхана күрделі жөндеуден өткізілген. Әр бөлме мен секция арнайы жиһаздармен, тұрмыстық техникамен жабдықталған. Колледждің типтік спорт залы, сабаққа даярланатын, демалатын орындары бар. Студенттер тоғызыншы сыныптан кейін 3 жыл 10 ай оқиды мұнда.  Шәкіртақы көлемі – 16700 теңге, озат студенттер үшін – 19300 теңге. Жатақхана  тегін, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасының балалары тегін тамақпен қамтылған.  Оқу орнын жылына 62 түлек бітіріп шығады.

             Сұранысқа жете мән беріледі

Оқу-өндірістік базасында «агрономия», «ауылшаруашылығын механикаландыру» мамандықтары  бойынша стандарттарға сай жабдықталған жону, дәнекерлеу, ұста, моторлы  цехтар жаңадан құрылған. Студенттердің оқу-тәжірибелік дағдыларын қалыптастыру мақсатында оқу-өндірістік базасымен бірге ветеринарлық клиника да іске қосылған. Соның аясында кішігірім мал шаруашылық фермасы құрылып, онда ірі қара, ұсақ мал, қоян өсіріледі. Бұл жерде болашақ мамандар малдан қан алу, сою, ота жасауды үйренеді.

Колледж жуықта «Жас маман» республикалық жобасына енгізілді. Енді өңірдегі ауылшаруашылығы мамандарының құзіреттілік орталығы осы колледжден ашылатын болды. Оған қосымша қаражат бөлініп, студенттер мен мұғалімдер қайта даярлықтан өтетін болады.

Педагогикалық ұжымның кәсіпке баулу бағытындағы қарқынды жұмысына қарамастан, мектеп түлектерінің ауылшаруашылығы мамандығына деген қызығушылығы бәсеңдеу. Дегенмен, еліміздің ауылшаруашылығы саласына өз кәсібін терең білетін білімді жас мамандар аса қажет. Колледж басшысының айтуынша, қазір ірі шаруа қожалықтарында еңбек етіп жүрген агрономдар 200-250 мың, ветеринарлық дәрігерлер 300 мың, механизаторлар жұмыс маусымы кезінде 200 мың теңгеге дейін жалақы алады. Студенттерге өндірістік тәжірибеден өту барысында 90 мың теңге көлемінде жалақы төленеді.

Еліміздің ауылшаруашылығы саласында мына мамандар тапшы: 500-ден астам агроном, 550 – зоотехник, 1500 – веттехник, 1500 – фельдшер, 408 – фермер-менеджер, 560 – техник-механик, 1000-нан астам техник-технолог, 2200 – тракторист-машинист.

Облыс бойынша ғана 700-ден астам ветеринар мамандары қажет.

 Айжанат БАҚЫТҚЫЗЫ

Осы айдарда

Back to top button