Өзекті

Жалақыларын алмағалы жарты жыл болыпты

  Ертіс көпірге  жарымай-ақ қойды. Өскеменде бес жыл бұрын басталған өткел құрылысының биыл да бітер түрі жоқ. Өзеннің  арғы жағасы мен бергі жағасын жалғап жатқан көпір құрылысында төрт-ақ адам жұмыс істеп жүр. Төрт аптадан кейін сол төртеуіне де зар болатын түріміз бар.

Жарты жылдан бері жалақы алмаған олар да кетеміз дейді.

  • Ақша күтіп жүргенімізге бірнеше айдың жүзі болды. Көпірдің үстінде аштық жариялайық деп  ойлаған едік. Алайда төрт адамның үні шықпас дедік. Оның үстіне мердігерлеріміз Алматыда. Мұнда учаске бастығы ғана бар. Ол да  қолынан келгенше жалақымызды сұрап жүр. Нәтиже жоқ. Құр уәде. Сексен мың теңге үшін сонау Қапшағайдан келіп істеп жүрмін. Мына бір жігіттің сол жақта бес баласы көздері жәутеңдеп күтіп жүр. Шыны керек, көпірдің үстінде істейтін жұмыс та жоқ, құрылыс материалдары таусылып қалған. Күндегі жүрген жүрісіміз осы. Қазанның 15-не дейін жалақымызды төлемесе кетеміз деп шештік, – дейді төрт жұмысшының бірі  Марат Ботаев.

Осы жағдайдың себебін  түсіндіріп беретін мердігерлік компанияның өкілін  таппадық. Өскемен қаласы тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің баспасөз хатшысы Владимир Землянский құрылыс жұмыстарының негізгі бөлігі  көпірдің астында жүріп жатыр деген соң сол жаққа бет алғанбыз. Алайда абалаған алты иттен басқа ол жерде тірі жан жоқ. Телефон арқылы учаске бастығы Леонид Акимов жұмысшылардың жалақысын төлеу қарастырылып жатқанын айтып  қысқа  қайырды. Осылайша «жұмысшыларға жалақы неге төленбей жатыр? Төрт адам жыл соңына дейін көпірді қалай салып бітеді?»  деген сауалдар ашық күйінде қалды.

Ал ресми орган өкілдері не дейді? ТҮКШ баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, биыл да көпір құрылысы кестеге сай жүріп жатыр,  жұмыстар жыл соңына дейін аяқталады.

Естеріңізге сала кетейік,  құрылыс жұмыстары 2014 жылдың сәуірінде облыс әкімінің ықпалымен басталған болатын. Ал оның пайдалануға берілуі 2019  жылға жоспарланған.  Сол кезде негізгі  мақсат көпірдің тозығы жеткен тіректерін ауыстырып, екі жолақ қосу еді. Кейіннен Сәтпаев даңғылы кеңейтіле бастаған соң, 2017 жылы көпірге қосымша тағы екі жолақ қосу жөнінде шешім қабылданды. Құжаттар рәсімделгенше құрылыс жұмыстарының тұралап қалды. Содан бері қарқын алған да емес. ТҮКШ қазіргі стандарттарға сай мұндай құрылысқа 40 ай уақыт беріледі дейді. Оған  жұмыс істеуге қолайсыз болғандықтан қыс айлары кірмейді екен. Демек бес жылда 60 ай болса, оның жиырмасы қыс. Сондықтан  жұмыс жоспарға сай атқарылып жатыр.  Бірақ… ТҮКШ  пен тұрғындардың пікірі бір жерден шықпай тұр.

  • Осы біз неге көпір салуға әуес болып алдық. Шығыны мен жауапкершілігі көп бұл құрылысты бастаған соң аяқсыз қалдырмау керек еді. Енді, міне, не болды? Бес жылда бітпеген бұл көпір биыл да аяқталмасы анық. Оны өзіміз де байқап жүрміз. Демек мұнда жауапкершілік пен бақылау жоқ. Осыдан кейін құрылыс  сапасы туралы ойлаудың өзі қорқынышты,-дейді қала тұрғыны Асқар Әліпов.

Көпір құрылысының аяқталуын асыға күтіп жүрген тұрғынның бірі  – Қайрат Сабырбаев. Өйткені кешке кептелістің көкесі дәл осы жерде дейді ол.

  • Жұмыстың көбі бітіп, азы қалған сияқты. Күш салып жіберсе, биыл да аяқталып қалар ма еді. Алайда жұмыс істеп жатқан адам көрмейсің. Бір күні  төрт-бес жұмысшы жүреді, кейде олар да жоқ. Көпірдің қосымша жолақтары ашылмай, осы тұстағы кептелістен құтылу мүмкін емес. Ашылған күннің өзінде төрт жолақтан Сәтпаев даңғылана еркін өтерміз-ау. Қазақстан көшесі осыншама көлік ағынына лайықталмаған сияқты. Қала басшылығы осыны да назарға алса деймін,-дейді ол.

Бастапқыда бір жылда аяқталады деген көпір құрылысының  мерзімі ұзарған сайын жобаның құны да өсе берген. Алғашқы жобаға 2,5 миллиард теңге қажет болған болса, бүгінде оның құны 10 миллиард теңгеден асып жығылады.

– Көпірге қосымша екі жолақ қосу туралы шешім қабылданғанда, оның жобалық-сметалық құжаттары қайта даярланды. Енгізілген өзгертулерден кейін оның құны 10 миллиард 300 мың теңгеге жетті. Бұл қаржы «А. Рязанов атындағы №25 көпір салу отряды» мердігерлік компаниясына толықтай бөлінді,-дейді ТҮКШ бөлімінің баспасөз хатшысы.

Бөлінсе, жұмысшылар неге жалақысыз жүр? Мердігер компания бұл қаржыны мақсатты жұмсап жатқанына кім кепілдік береді? Жұмыс неге саябырсып қалды? деген сауалға ресми орган жауап бермеді. Тек, көпірдің негізгі құрылыс жұмыстары аяқталды. Ендігі асфальт төсеу, тіреуіштерді бетондау және көпір маңайын абаттандыру жұмыстары  қалғанын айтады олар. Мердігер компания  жұмысшыларға  жалақы төлеу мәселесін де шешеді деп сендірді. Таяуда Алматыдан  бір бригада келіп осы жұмыстарды соңына жеткізеді деп  тағыда уәде   беріп отыр. Ал дәл қазір көпірдің үстін төрт қазақ, астын алты ит күзетіп жүр.  Алда алты ай қыс бар екендігін ескерсек, көпірдің жыры таяуда аяқтала қоймайтын секілді.

Лаура Тілеубайқызы  

Осы айдарда

Back to top button