Денсаулық сақтау

Жалған ақпаратқа сенбейік

Әлеуметтік желілерде тарап кеткен, «облыста коронавирус шықты» деген тағы бір ақпарат, бақытымызға қарай, жалған болып шықты. Облыс әкімінің баспасөз қызметі таратқан бейнежазбада облыстың бас инфекционист дәрігері Назигүл Сапарғалиева коронавирусқа күдікті ретінде тіркелген әйелде диагноз расталмағанын мәлімдеді.

Тайландта демалып,  үстіміздегі жылы 22 ақпанда оралған пациент өзін жайсыз сезініп, жіті респираторлы аурудың белгілерімен Өскемен қаласындағы амбулаторлық орталыққа келеді. Бас инфекционист дәрігердің айтуынша, медициналық ұйымның мамандары  коронавирус жұқпасының алдын алу шараларын күшейту қаулысы мен алгоритміне сәйкес әрекет еткен. Дәрігерлер науқасты мұқият тексеріп, зертханалық сынамалар алған. Эпиданамнез мәліметтерін ескере отырып, кесте бойынша хабарлама жүргізілген. Постар қойылды. Науқасты инфекционист-дәрігер қараған. Нәтижесінде коронавирусқа күдік расталған жоқ. Пациентке  жіті респираторлы вирусты ауру деген диагноз қойылды.

-Қазір Қазақстанда және біздің облыстың медициналық ұйымдарында коронавирус жұқпасының алдын алу, індетті елімізге енгізуге жол бермеу мақсатында шаралар жүргізіліп жатыр. Амбулаториялық орталыққа келген әйел жан-жақты тексерілді. Зертханалық сынамалар алынды. Қазір зертханалық зерттеулерді біз өзімізде жасаймыз. Қорытындысы бес-алты сағатта дайын болады. Коронавирус жұқпасы дәлелденген жоқ. Жіті респираторлы вирусты аурудың жеңіл түрі деген диагноз қойылды. Пациентке амбулаторлық ем-дом тағайындалған. Он төрт күн карантинге жабылып, жергілікті емхананың мамандарының бақылауында болады,-деп  түсіндірді Назигүл Сапарғалиева.

Облыстың бас инфекционист дәрігері тұрғындарды дүрлікпеуге шақырды және тек тексерілген мәліметтерді пайдалануды сұрады.

«Didar»-ақпарат

Осы айдарда

Back to top button