Төтенше жағдай

Жағдай толық бақылауда

Өңірдегі өрт жағдайы тұрақты бақылауда. Ұлан ауданының Тарғын ауылындағы, Глубокое ауданының Каменный карьер кентіндегі өрт толық өшірілді. Катонқарағай ауданының Қаратал ауылында да өрт ауыздықталды. Зардап шеккендер мен елді мекендерге төнген қауіп жоқ.

– Күршім ауданындағы жағдайға келсек, қатты жел өрт сөндіруді қиындатуда. Қазір өртті сөндіруге үш жүзге жуық адам, екі тікұшақ, 34 техника жұмылған. Жұмыс күндіз-түні жүріп жатыр. Өрттің елді мекендерге таралуына тосқауыл қойылды, – деді аймақ басшысы.

Алтай ауданында екі тікұшақ жұмыс істеуде, 150 тоннадан астам су құйылды. Өртпен күреске барлық күштер бағытталып отыр. Өрттің таралуына жол берілмей, ошақтарын сөндіру жұмыстары барынша жүріп жатыр.

– Төтенше жағдай министрімен келістім, таулы жерлердегі өртті сөндіру үшін тағы екі тікұшақ келеді. Өртті жоюға барлығы 1167 адам, 123 техника, сегіз тікұшақ жұмылдырылды. Жағдай толық бақылауда, – деді штаб отырысында облыс әкімі.

Жергілікті жерлерде орман басқармасының, төтенше жағдайлар департаментінің, жергілікті атқарушы органдардың мамандары жұмыс істеуде. Шаруа қожалықтарының техникасы да жұмылдырылған.

Ержан Кеңесұлы

 

Осы айдарда

Back to top button