ЖАҒАРМАЙ ТАПШЫЛЫҒЫ ТУЫП ОТЫР
Энергетика министрлігі мұнай өнімдерін бөлшектеп саудалауға шекті баға белгілеп, жанар-жағармай нарығын ретке келтірмек болғанымен, мәселе күрмеулі қалпында тұр. Облыстағы шаруашылықтарға тағы да дизель отыны жетпей жатыр.
Шығыс Қазақстан, Абай облыстарының ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлік субъектілерінің жетекшілері өңірлік кәсіпкерлер палатасына жиналып жағармай тапшылығы проблемасын көтерді.
– 2022 жылдың 21 тамызында министрліктің дизель отынына мемлекеттік реттеу жүргізу, оның шекті бағасын белгілеу туралы бұйрығы шықты. Аудандардағы шаруашылықтардың дизельге зәру болып отырғанына бір айдан асып барады. Шекті баға мәселені шешпеді, керісінше күрделендіріп жіберді. Енгізілген бұйрықтың салдарынан тек ауыл шаруашылығы емес, орман шаруашылығы, құрылыс, басқа да салалар зардап шегуде. Бір техникаға белгіленген дизель отынының лимиті шаруашылықтардың өз қызметтерін жүргізуге деген қажеттілігін жаба алмауда, себебі, комбайн, трактор тәрізді ауыр техникаларды ЖҚС-тарға әкеліп жағармай құю мүмкін емес. Сол себепті шектеу дизель отынының жетіспеушілігін тудырып отыр. Соның салдарынан өндірушілердің, кәсіпорындардың, шаруашылықтардың жүктемелері азайып, өнімділіктері төмендеп кеткен, – дейді өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Қайрат Мамырбаев.
Жағармайға мемлекеттік шектеу мұнай өнімдерінің шетке сатылып кетуіне тосқауыл қою мақсатында да енгізілген болатын. «Астана-Бизнес» ЖШС директоры Фарид Абитаев егістік басында егін орып жатқан ауыр техникаларды жеңілдікпен берілетін 300 литр дизель отыны үшін қайта-қайта бірнеше ондаған шақырым жерден айдап әкелуге ешқандай мүмкіндік жоқ екендігін жеткізді. Оның үстіне кезінде Павлодар мұнай өңдеу зауыты жөндеуге жабылар кезде жекеменшік ЖҚС-тар дизельді жоғары бағамен сатып алған көрінеді. Қазіргі жеңілдетілген шектеулі бағамен сату – оларға да шығын.
«Бұқтырма цемент компаниясы» ЖШС өкілі Елена Гаденованың айтуынша, қазіргі күні Алтай ауданында да дизель отыны тапшылығы қатты сезіліп тұр. Дизельді жеткізуші аудандағы жергілікті ЖҚС «ҚазМұнайГаз» компаниясына әлденеше рет тапсырыс бергенімен, жағармай жіберілмеген, жауап жоқ.
24 тамызда үкімет басшысы Әлихан Смайловпен онлайн өткен кездесуде Индустрия министрлігі мен кәсіпкерлер көтерген дизель отыны мәселесінің жақын арада шешілетіні айтылған болатын. Бірақ бір ай өтті, ештеңе өзгерген жоқ. Шығыстағы шағын және орта бизнес болса шешілмеген мәселенің салдарынан шығынға белшеден батып жатыр.