Денсаулық сақтау

Жаңа жүйеде науқастарды оңалтуға басымдық беріледі

 

Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС)жүйесініңтолық күшіне енуіне жарты жылдан аз уақыт қалды. Денсаулық саласындағы реформа тұрғындардың өміріне қандай өзгеріс әкеледі, медициналық ұйымдардың басшыларынан нені талап етеді, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің деңгейі қандай болмақ? «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Шығыс Қазақстан облысы бойынша филиалында директордың міндетін атқарушы Риза Төкежанова мен медициналық қызметтің сапасын мониторингілеу бөлімінің басшысы Гүлмира Қабдиева журналистерді қызықтырған осы және басқа да сұрақтарға жауап берді.

Алайда елімізде медициналық сақтандыру жүйесінің өзгерістерін 2020 жылдан ертерек көретін өңір де бар екен.Ағымдағы жылдың 1қыркүйегінен бастап Қарағанды облысында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қанатқақты жоба ретінде іске қосылады. Қазірдің өзінде тиісті бюджет қарастырылып, облыстың ақпараттық жүйелері республикалық жүйелерге қосылған.

Жалпы алғанда, жаңа жүйеде тұрғындарға емханаларға тіркелуде, дәрігерге қаралуда көп айырмашылық жоқ. Мамандар бұрынғысынша, емхананы таңдағанда оның тұрғылықты жерге жақын болуына назар аудару қажеттігін баса айтады. Бұл дәрігерді үйге шақыртқанда немесе қабылдауға бару кезінде науқастың өзіне де қолайлы. Естеріңізге сала кетейік, жаңа жылдан бастап қазақстандықтарға медициналық қызмет екі пакетпен көрсетіледі. Алғашқысы – тегін медициналық кепілдендірілген көмек (ТМККК) пакеті ең минималды стандарттардан тұрады. Бұл пакет ешқандай шектеусіз, барлық тұрғындарға, оның ішінде сақтандырылмаған жандарға да қолжетімді, бюджет есебінен тегін көрсетіледі.

Екінші – МӘМС пакетінің қызмет көрсету аясы стандартты пакеттен әлдеқайда ауқымды болмақ және сақтандырылған тұлғаларға ғана көрсетіледі.
Облыстық филиал директорының міндетін атқарушы Риза Төкежанованың түсіндіруінше, қазақстандықтардың өмір сүру деңгейі күннен-күнге артып келеді. Соның нәтижесінде бала туу көрсеткіші жақсарып, халықтың орташа өмір сүру жасы ұзарды.Ал балалар мен егде адамдардың ем-домы ең қымбат медициналық қызмет болып саналады. Бұдан бөлек, жұқпалы емес созылмалы аурулардың саны артты. Медицина бір орнында тұрмайды, жаңа препараттар мен медициналық құрал-жабдықтар шығып жатыр. Медициналық сақтандыру алғашқы кезеңде осы мақсаттарға жұмсалатын шығындардың 40 % жауып, тұрғындардың қалтасына түсетін салмақты азайтуды межелеп отыр. Қазір көптеген адамдар осы қызметтерді ақылы клиникалардан алуға мәжбүр. Жаңа жүйе кезінде бұл қызметтердің барлығы сақтандырылған жандарға тегін көрсетіледі.

–Министрлік қазір әсіресе науқастарды оңалту шараларына ерекше назар аударып отыр. Бұрын тегін медициналық кепілдендірілген көмектің шеңберінде тек әлеуметтік жағынан нашар қорғалған жандар ғана оңалтуға жатса, енді инфаркт, инсульт алған жандар алдымен стационарда емделіп, соңынан оңалту орталықтарында жалғастырады.МӘМС пакетінде әсіресе оңалту көмегінің аясы кеңейтіліп, мейірбикенің күтімінің стандарттары енгізіледі. Өкінішке қарай, бүгінгі таңда оңалту шараларымен науқастардың 15 % ғана қамтылған. Жаңа жүйе паллиативті көмекті зәру жандардың барлығына көрсетуді, екі жылдың ішінде бұл блоктағы қажеттіліктің 85 % жабуды көздеп отыр. Науқастарға паллиативті көмек көрсететін арнайы бригадалардың құрамында психолог мамандар болуы тиіс, – деп жалғастырды Риза Төкежанова.

–Риза Талғатқызы, медициналық сақтандыру жүйесі кез келген зәру жанға КТ, МРТ сияқты қымбат зертханалық зерттеулерді тегін өтуге кепілдік бере ме?

– Бұл жерде міндетті түрде дәрігердің жолдамасы керек. Сонымен қатар науқаста осындай зерттеулерге көрсетілім болуы тиіс. Пациент алдымен учаскелік терапевтке келіп, тар шеңберлі маманға, мысалы, невропатологқа жолдама алады. Невропатолог науқасты қарап, диагнозына, жалпы жағдайына байланысты қажетті зерттеулерді тағайындайды.

– Пациенттерде дәрігерді, клиниканы таңдау құқығы бар ма? Егер науқас өзі қалаған жекеменшік клиникадағы аллерголог маманға қаралғысы келсе, бұл қызмет сақтандыру жүйесінің аясында тегін көрсетіле ме?

–Иә, егер науқас тіркелген емхана жеке клиникамен бірге қызмет көрсету туралы келісімшартқа отырған болса, қызмет ақысыз көрсетіледі. Науқаста клиниканы, дәрігерді таңдау құқы сақталады. Бірақ таңдаған клиника МӘМС шеңберінде қызмет көрсететін жеткізушілердің базасында болуы шарт. Бұдан бөлек, пациент тіркелген емхана мен таңдап алынған жеке клиниканың арасында да өзара қызмет көрсету туралы келісімшарт бекітілуі тиіс.

–Науқастарға қандай жағдайда квота беріледі?

– Күрделі жағдайда бізде ота жасайтын не болмаса емдейтін маман немесе сәйкес медициналық құрал-жабдық болмаса, онда пациентке республикалық ғылыми медициналық орталықтарға квота беріледі. Квота бойынша емделу тегін. Бұл кепілдендірілген қызмет түріне жатады.

Бас дәрігер сауатты менеджер болса, емхана ұтады

Жаңа жүйеде науқастарды оңалтуға басымдық беріледі

Бүгінгі таңда облыс бойынша медициналық сақтандыру жүйесінің базасында 152 медициналық ұйым тіркелсе, олардың 69-ы мемлекеттік ұйым да, 83-і немесе 55 % жеке клиникалардың үлесінде. Олардың ішінде 133 медициналық ұйым қормен келісімшартқа отырған. Риза Төкежанова сақтандыру жүйесі енгізілген кезде емдеу орындары басшыларының біліктілігі сынға түсетінін айтады. Егер бас дәрігер жақсы менеджер болса, ол науқастарының басқа емханаларға кетіп қалмауын ойластырады, өйткені қор емханаларға нақты емделген науқас басына ақша аударады. Сауатты менеджер тұрғындарға өзінде жоқ қызмет түрлерін басқа жеке клиникалармен жасасқан келісімшарт негізінде көрсетуге тырысуы керек. Бұл жағдайда да науқас үшін қаражат тұрғылықты емханасына келіп түседі, ал екі емдеу орны өзара есеп айырысады.

–МӘМС базасында КТ, МРТ сияқты қымбат тексерулерді ұсынатын жеке клиникалар аз. Өткен жылы бір жеткізуші осы қызмет түрлеріне мемлекет тарапынан тағайындалған бағаның тым төмендігінен жарты жылдан кейін бас тартты. Осыны ескеріп, министрлік бағаны бір рет көтерді, алдағы уақытта тағы өсіреміз. Қазірдің өзінде жеке клиникалар арасында қызығушылық танытқандар, базаға енгендер, кеңесіп жүргендер бар. Қормен келісімшартқа отырған зертханалық клиникалар жеткілікті. Енді бәрі тек медициналық-санитарлық алғашқы көмек ұйымдарының өз қызметтерін қаншалықты тиімді ұйымдастыра білуінде, – деп сабақтады сөзін директордың міндетін атқарушы.

–Қымбат оталардың қатарына шунттау, жүректің клапанын, аяқ-қол буындарын алмастыру сияқты күрделі операциялар кіре ме?

–Әрине, кіреді. Жедел және жоспарлы түрде ота жасау деген болады. Егер сырқат аяқ астынан науқастанып, жедел жәрдеммен түссе, оған ота ТМКК пакетінің шеңберінде жасалады. Ал ұзақ уақыт ауырып, ота жасатуды жоспарлап жүрген пациентке операция сақтандыру пакетінің көлемінде, жоспарланған мерзімде жасалады. Бүл да тегін.

–МӘМС пакетінің аясында жасалатын қымбат оталарға шектеу бар ма? Мысалы, жыл аяғында бөлінген қаржы бітіп қалды деген әңгімелер шықпай ма? Квота бөлінген кезде, мұндай жайттар жиі ұшырасатын.

–Қор алғашқы медициналық ұйыммен екі келісімшартқа отырады. Біреуі – ТМКК пакетіндегі, екіншісі –МӘМС пакетіндегіқызметтерді көрсету. Сақтандыру жүйесіндегі қаражат бітпеу керек, өйткені сақтандырылған жандар қорды үнемі толықтырып тұрады. Тіпті бітіп қалды дегеннің өзінде біз келісімшарттар бойынша үнемі корректировка жасап отырамыз. Бір жерде жұмсалмай жатқан қаражатты қажеттілігі жоғары екінші бағытқа ауыстырамыз. Ол үшін мемлекеттік сатып алу процедурасы қайта жүргізіледі. Мысалы, бүгінгі таңда ТМКК пакеті бойынша қосымша екі келісімге қол қойылды.
–Осы жерде сыбайлас жемқорлықтың қатерлері жоғары сияқты. Қаржыны ана жақтан алып, мұнда жұмсау, алып-қосу жемқорлыққа өте қолайлы жағдайлар туғызбай ма?

– Қызметімізді барынша ашық жүргізуге аса мән беріледі. Мемлекеттік сатып алу бойынша комиссия құрылған. Оның құрамында қордың, денсаулық сақтау басқармасының, «Атамекен» палатасының өкілдері, мемлекеттік емес ұйымдардың мүшелері бар. Қордың қауіпсіздік қызметі бақылаушы ретінде қатысады. Алдағы уақытта барлық мемлекеттік сатып алуды электронды форматқа көшіріп, қордың сайтына орналастыру жоспарланған. Қазір жаңадан ашылған «Сақтандыру» ақпараттық жүйесі іске қосылды. Жеткізушілердің өтініштері де сол сайт арқылы беріледі, ешқандай жеке байланыс болмайды.
–Егер науқастың құқы бұзылса, ол қай жерге шағымдана алады?

–Әр емханада пациенттерді қолдау қызметі жұмыс істейді. Не болмаса ішкі аудит деп те аталады. Науқастар сол жерге жазбаша түрде шағымдануы керек. Егер олар өз деңгейлерінде шеше алмаса, бізде мониторинг бөлімі жұмыс істейді, шағымды осында әкеп беруге болады. Сақтандыру жүйесі қосылған кезде сенім телефоны ашылмақ. Бір ексертетін жайт, барлық алғашқы медициналық ұйымдарда қандай қызмет түрлері тегін көрсетілетіні қабырғаларда ілініп тұруы тиіс. Соны талап етіп үйрену керек.

– Медициналық сақтандыру жүйесі енгенде науқастарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету қалай шешіледі? Қазірдің өзінде емханаларда препараттарды сақтайтын қойманың жоқтығынан, жеңілдігі бар топтардың өзі толық қамтылмайды.

–Емханаларға дәрі-дәрмекті сатып алуға қаражат жеткілікті түрде бөлінеді. Қор барлық медициналық ұйыммен келісімшарт бекіткен. Егер өз міндеттерін орындамай жатса, ондай денсаулық сақтау мекемелеріне айыппұл да сала аламыз. Олардың қоймалары жоқ болса, онда дәрі-дәрмек босатуға лицензияны қайтіп алған? Бұл мәселенің барлығын жан-жақты зерттейміз.Тек бізге жазбаша түрде шағым түсірсе болғаны.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button