Экология

Жаңа жоба қолға алынды

Жаңа жоба қолға алынды

Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде өткен дөңгелек үстелде «Алтын Алтай – өңірді дамыту байлығы» атты жаңа жоба жұмысы қолға алынды.

Дөңгелек үстелге жергілікті билік өкілдерімен қатар, Чехия, Австрия, Словакиядан келген арнайы мамандар қатысты. Шарада өңірлік туризмді дамыту арқылы болашақта әлемдік туризм орталықтарының біріне айналу керектігі айтылды. Өйткені, Катонқарағай өңірінде табиғи жерлермен қатар, мыңдаған жылдық тарихы бар археологиялық және этнографиялық орындар бар. Атап айтар болсақ, Көккөл сарқырамасы, Язовое көлі, Рахман қайнары, Ескі Австрия жолы, Көккөл кен орны, Берел қорғаны. Бұл нысандар арқылы ауданға туристерді тартып, экономикалық ахуалын дамытуға әбден болады.

Шетелдерден келген мамандар өз елдерінде жүзеге асырылып жатқан ауқымды жұмыстар жөнінде баяндама жасап, өз тәжірибелерімен бөлісті. Катонқарағай өңірінде туризмді дамытамыз, тарихи этнографиялық байлықты сақтап қаламыз дегенмен, табиғатқа зиян келтіріп алмау керектігін баса айтты. Сонымен қатар, «Алтын Алтай – өңірді дамыту байлығы» атты жобасын жүзеге асыруда жүйелі жоспарлар құрылғандығы сөз болды.

Аудан әкімі Қалихан Байғонысовтың айтуынша, туризмді дамытуға кедергі келтіретін бірқатар мәселелер де бар. Олардың ең бастысы – көліктік инфрақұрылым. Осы бағытта бірқатар жұмыстар қолға алынуда. 2015-2016 жылдары Өскемен – Рахман қайнары тасжолы салынып, кейбір тұстары күрделі жөндеуден өткізіледі. Үлкен Нарын ауылына Астана, Алматы, Өскемен сынды қалалардан ұшып келетін ұшақтарды қабылдауға қауқарлы заманауи әуежай құрылысы республикалық деңгейде қолдау тапты. Айтылған жоспарлар жүзеге асып жатса, жергілікті халықтың әлеуметтік жағдайы жақсарары сөзсіз.

Мерей Қайнарұлы
Катонқарағай ауданы

Осы айдарда

Back to top button