Денсаулық сақтау

Жаңа ғимараттың қондырғылары да толық жаңаланды

Жаңа ғимараттың қондырғылары да толық жаңаланды

Өткен жылдың күзінде Алтынбел ауылында жаңа дәрігерлік амбулатория қолданысқа берілді. Амбулатария меңгерушісі Қарлығаш Жекенбаеваның айтуынша, ғимаратпен қатар мұндағы медициналық құрал-жабдықтар да 100 пайыз жаңаланған.
Дәрігерлер жаңа ғимараттағы жаңа қондырғылар жұмысты жеңілдетіп, қолдарын босатқанын айтады. Осыдан үш жыл бұрын облыс басшылығының алдына ескі ғимаратты күрделі жөндеуден өткізу керектігі жөнінде мәселе қойылған болатын. Өйткені, 1957 жылы салынған аурухана қысқы аязға қамсау бола алмайтын. Жыл өткен сайын саңылаулары көбейіп, емделгелі келген адам ауруына ауру жамап қайтатындай күйге жеткен. Кейін облыс басшысы ауылға арнайы ат басын бұрып, ескі ғимаратты жөндеуге қаражат шығындағанша, жаңасын салу керек деген шешім қабылдапты. Бір жылдың ішінде «Нарын Сервис» ЖШС құрылысты кешіктірмей тапсырған.
Егінді, Үштөбе, Майемер, Солдатово, Алтынбел ауылдарына қызмет көрсететін амбулатория күніне шамамен 25-30 адам қабылдайды. Ескі ғимараттағы құрылғылардың кейбірі ескірген екен. Сондықтан жаңа ғимаратқа олардың ешбірі көшірілмепті. Дәрігер әсіресе, физиокабинетке алынған ултрадыбыстық және ультракүлгін сәулелі аппараттардың, гальванизатор мен магнит терапиясының мүмкіндіктерін жоғары бағалап отыр.
-Бұрынғы физиокабинеттің жабдықтары 50 жыл бойы қолданыста болған. Соларды жаңалау көптен бергі арманымыз болатын. Жаңа қондырғылардың ішінде электронды анализатор бар. Қан тамшысын тамызғаннан кейін бес минут ішінде нәтижесі дайын болады. Осы сынды заманауи құралдардың арқасында уақытымызды еселеп үнемдей бастадық, – дейді Қ.Жекенбаева.
Амбулаторияда дәрігерге дейінгі қабылдау бөлмесі де толықтай жабдықталған. Электронды жүйеде жұмыс істейтін құрылғылар скринингтік тексерулердің де тиімді ұйымдастырылуына септігін тигізуде. Мәселен, жаңа аппараттың арқасында дәрігерлер көздің ішкі қысымын өлшеу үшін бұрынғыдай арнайы сұйықтық тамызып, ондағы ақпаратты өңдеп әуре болмайды. Аппараттың сезімтал бөлігі кірпікке жанасса болды, қажет ақпаратты көзді ашып-жұмғанша ұсына қояды. Осы бөлмеде скринингтік тексерулер де өтеді.
Ғимарат электр қуатымен жылытылады. Сондықтан жылы су әркез дайын. Ауылдағы аурухана үшін бұл да жайлылықтың бір түрі. Ғимаратта күндізгі стационарға арнап төрт төсек жабдықталған. Ұжымның жаңа амбулаторияға көшкеніне жарты жыл да бола қойған жоқ. Ал ауыл тұрғындары медициналық қызмет сапасының артқанын аңғарып үлгеріпті.
-Менің бір баламның туғаннан мүмкіндігі шектеулі. Сондықтан ауруханаға тұрақты келіп тұрамыз. Бүгін де кезекті ем қабылдауға келген бетіміз. Жаңа ғимаратқа көшкені бізге де жақсы болды. Іші жылы, таза. Жаңа қондырғылардың арқасында талдама нәтижелері үшін қайта соғудың қажеті болмай қалды. Қондырғылардың сапасына қарай көрсетілетін қызметтің деңгейі де өзгергенін өз көзімізбен көріп жүрміз, – дейді Гүлбаршын Рахимова.

Есімжан Нақтыбайұлы

Катонқарағай ауданы

Осы айдарда

Back to top button