Денсаулық сақтау

Жаңа басшыға қойылған жауапкершілік жүгі салмақты

Наурыз айын даурығып өткізген денсаулық саласына жаңа басшы келді. Жаңа басшы күнгей тұстары баршылық, алайда, теріскейі одан асып түсіп тұрған салаға жаңа леп, соны тыныс әкеле алар ма екен? Сонымен өткен жұма күні облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ Өскемендегі №1 қалалық ауруханада денсаулық саласы қызметкерлерінің кеңейтілген коллегиясында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшылығына келген Вадим Овсянниковты таныстырды.

Жаңа басшыға қойылған жауапкершілік жүгі салмақты– Соңғы кездері біздің өңірде бірсыпыра аурулар бойынша төмендеу байқалғанымен, дерттер көрсеткіші бойынша кейбір аурулар көбейіп кеткені аңғарылады. Әсіресе, ана мен бала өлімі. Мәселен, осы жылдың үш айында ғана екі ана өлімінің орын алуы бұл саланың, әсіресе, сол жандар қайтыс болған ауруханадағылардың салғырттығынан демеске болмайды. Ол шаруамен арнайы комиссия шұғылдануда. Біз кінәлі бас дәрігерлерді, қатардағы дәрігерлерді қатаң жазалайтын боламыз, – деген аймақ басшысы бүгінде бас асаудай, дес бермей тұрған туберкулез, онкология және жүрек-қан тамырлары ауруларын азайту басты мәселе болып отырғанын айтып, алғашқы медициналық көмек көрсетуді оң жолға қоюдың бірден-бір нақты жолы жылжымалы медициналық қондырғылардың жұмысын жандандыру, аудандарда диагностикалық орталықтың филиалдарын ашу екеніне тоқталды.

Барнаулдықтардан үлгі алу керек

Жақында Барнаулда өткен Шығыс Қазақстан күндерінде сол қаладағы онкологиялық орталықта болған біздің жерлестеріміз ондағы науқастарды қабылдау кезіндегі ерекше эстетикаға, тазалық пен тәртіпке, тіпті, бас дәрігердің еден жуушыдан бастап, барлық қызметкерлерінің аты-жөнін білетініне, олардың бәрімен де кәдімгідей сөйлесетініне қанығып, көз жеткізіп қайтқан екен. Осыларды нақты мысал ретінде келтірген аймақ басшысы аталған нысанның құрылысына қанша қаржы жұмсалғанын сұрап білгенде Өскемен мен Семейдегі тектес орталықтарға одан әлденеше есе артық қаражат жұмсалса да, өкінішке орай, нәтиже әлдеқайда төмен болып келе жатқанын атап өтті. Бір үлгі аларлығы, көршілерімізде дәрігердің қабылдауына науқастардың 30 пайызы интернет арқылы, 30 пайызы телефон арқылы жазылса, қалған 40 пайызы ғана өздері келеді екен. «Неге бізге осындай озық тәсілден үлгі алмасқа?» деп, салиқалы ойын бір қайырған басшы саусақпен санарлық емес, барлық аудандарда телемедицина жұмыс істеуі керектігін баса айтып өтті.

Басқа өңірді кім білсін, біздің облыста медициналық құрал-жабдықтар алуға ерекше ден қойылып келе жатқаны белгілі.

Осындай жабдықтар алуға екі-үш миллиард теңге аралығында қаржы жұмсалса да, олардан түбегейлі нәтиже болмай отыр. Басшының айтуынша, олармен жұмыс істей-тін білікті дәрігерлердің болмауынан көбі қаңырап, бос тұр. Сондықтан дәрігерлерді озық елдерге жіберіп, біліктілігін арттыруға оқыту керек.

– Біз, мәселен, облыстық аурухананың көз аурулары бөлімшесіне керемет жөндеу жүргіздік, өте қымбат жабдықтар алдырдық. Олардың жұмыс істеуіне неге денсаулық сақтау басқармасының басшылығы ықпал етпейді? Ардагерлер оның неге жұмыс істемейтінін сұрап, маған хабарласады. Сондықтан барлық жабдықтарды толық инвентаризациядан өткізу керек деп ойлаймын.

Осылай әр мәселені жіліктей сөйлеген Әкім медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру, дәрігерлерді, әсіресе, жас мамандарды тұрғын үймен қамту, шетелдік медицина мамандарын (мәселен, израильдік, барнаулдық және басқа елдердің дәрігерлерін) шақырып, тәжірибе алмасу сынды көкейкесті мәселелерге тоқталып өтті. Дәл осы жерде басшының сөз саптауына негіз болған мәселе шынымен де үнемі
орын алатындығы рас.

Сексеннен асқандарды сергелдеңге салғанды қою қажет

– Әсіресе, Өскеменде ауруханаға хабарласқан адамның жасын сұрау әдетке айналғанына көзіміз жетіп отыр. Егер науқас 80-нен асқан болса, оның өтінішін қабылдамайды. Сонда адам құқығы деген қайда қалды? Маған жақында бір адам хабарласып, жасы 93-те екенін, облыстық та, қалалық та ауруханаға хабарласса, жасын сұрап білісімен өтінішін қабылдамағандарын ашына жеткізіп: «Сонда мен өлуім керек пе? Мен әлі тірімін ғой» деді. Міне, біздегі медициналық көмектің сиқы, – деген аймақ басшысы етек алып кеткен мәселені жолға қою керектігін көлденең тартып, алдымен облыстық, аудандық деңгейдегі сала басшылары мұндай жағдай үшін қатаң түрде жауап беретіндерін ескертті.

Облыс халқын дәрі-дәрмекпен қамту жағынан бүгінде проблема жоқ көрінеді. Сондықтан тегін дәрі алуға құқылы ардагерлер бұл тұрғыда толық қамтылуы тиіс екен. Сонан соң онкологиялық және жүрек-қан тамырлары дертімен ауыратындарды алдыңғы кезекте дәрі-дәрмекпен қамтуды бірізділікке салу аса қажет. Салаға енді ғана келіп жатқан басшыға осы мәселені жіті бақылауды тапсырған Бердібек Мәшбекұлы бүгінде облыстық диагностика орталығының Зайсан, Аягөз және Зырян аудандарында жұмыс істеп тұрған филиалдары сияқты медициналық мекемелерді басқа аудандарда да ашуға күш салуға кеңес берді. Және Семей – Қал-батау жолындағы жол медицинасының жұмысын оң бағалады.

Сөзін тұрғындарды жаппай медициналық тексеруден өткізуге бағыттаған аймақ басшысы:

– Мен облыстық денсаулық сақтау басқармасына үш жыл ішінде облыс халқын түгелдей тексеруден өткізу туралы тапсырма бердім. Ендігі жерде әр тұрғын жеке медициналық карточкасы арқылы тексеру барысында анықталған ауруына қарай нақты ем-дом алуға мүмкіндік алады. Қолдағы деректерге қарағанда, мәселен, Аягөз ауданындағы медициналық кешен өткен жылы ғана 28 мың адамды тексеруден өткізген екен. Барлық жерде елу мыңға тарта халқының жартысынан астамын бір жылдың ішінде тексеріп шыққан осы аудандай жұмыс жасаса, ауруларды анықтау бір жүйеге келер еді, – деп нақты санға жүгіне сөйледі.

Алғы күнге, денсаулық саласына салмақ-ты міндеттер жүктеген, салиқалы сөз сапталған жиын соңына қарай облыстық «Ана мен бала» орталығының директоры Рая Рахимова сөз алып, жұмыстарын жетілдіру мақсатында Тель-Авивте болып қайтқанын, алдағы уақытта сол елден келетін дәрігер-лердің басшылығымен өз орталығында балалардың көз ауруы, лор және гинекология аурулары бойынша мастер-кластар өткізілетінін жеткізді.

Ал жиыннан кейін облыс басшысы Зырян, Зайсан және Үржар ауданының медицина басшыларына жылжымалы медициналық қондырғының кілтін тапсырды.

Бердібек САПАРБАЕВ, облыс Әкімі:

– Қай салада болмасын, алдымен тәртіп болуы керек. Әркім де, оның ішінде медицина қызметкерлері ел мүддесін, ел денсаулығын жақсарту үшін қызмет етуі тиіс. Біз бұл салаға көмек жасап келгенбіз, алдағы уақытта да көмек жасай береміз. Ал әр медицина мекемесінің басшысы тек басшы ғана емес, барлық жағын меңгерген менеджер болуға міндетті.

Ғафура Сәрсенбайқызы

Осы айдарда

Back to top button