Өзекті

Жаңаша төленеді

2020 жылдың 1 қаңтарынан елімізде көпбалалы отбасыларына мемлекеттік жәрдемақыны  кірістеріне қарамастан төлеу жоспарлануда. Атаулы әлеуметтік көмек кімге тиесілі және оның  қалай төленетіні туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов жан-жақты айтып берді.

Соған орай, облыстық  жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасында  Заң жобасын түсіндіру бойынша бейне-конференция ұйымдастырылды. Облыстық  жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары Ерболат Ошақбаев, әлеуметтік төлемдер бөлімінің бас  маманы Бұлбұл Құсманова АӘК төлеу механизмі  оны әділетті әрі ашық түрде тағайындауға, көмек алушыларды еңбек етуге талпындыруға бағытталғанын атап өтті. Жаңа жылдан бастап көпбалалы отбасыларға бала санына байланысты бөлек мемлекеттік жәрдемақы төленетін болады. Бір балаға 10-11 мың теңге көлеміндежәне  2018 жылдан бері тоқтап қалған осыған ұқсас жәрдемақылардан 7-8 есе көп мөлшерде белгіленбек. Төрт баласы бар отбасылар ай сайын 42 500 теңге, бес баласы бар жанұя 53 125 теңге, алты балаға – 63 750 теңге ,  жеті және одан көп бала болса, ондай отбасы 73 370 теңге көмек алады. Егер әлеуметтік төлемақы алғаннан кейін де отбасы аз қамтылған болса, бұған қосымша  АӘК пен баланың әлеуметтік пакеті тағайындалады.  Қосымша кепілдендірілген әлеуметтік пакеттің шеңберінде 1 мен 6 жас аралығындағы балаларға балалардың тамағы, гигиеналық заттар беріліп, білім беру қызметтері көрсетіледі. 6 жастан 18 жасқа дейінгі балалар мектептерде тегін ыстық тамақ ішеді, тегін жол жүрумен, мектеп формасымен және оқу құралдарымен қамтамасыз етіледі.

-Қазірден бастап аудандар мен қалаларда үгіт-насихат жұмыстары басталып, тұрғындарға жаңа заң жобасын түсіндіру шаралары жүргізілуі тиіс. Алдымен мемлекеттік органдардың басшылары мен мамандары атаулы әлеуметтік көмекті тағайындаудың жаңа тәсілдерін жан-жақты зерттеп,зерделеп алулары керек. Бұл кейін тұрғындардың қойған сұрақтарына нақты әрі дұрыс жауап беруге, жәрдемақыны тағайындау мен төлеуде қателік жібермеу үшін қажет, – деді Ерболат Ошақбаев.

Бейне-конференция режиміндегі жиналыстар қалалар мен аудандардағы әлеуметтік бөлімдермен күнделікті жүргізіледі. Сонымен қатар атаулы көмекті берудің жаңа тәсілдерін түсіндіру жұмыстары бойынша көшпелі жиындар мен дөңгелек үстел ұйымдастырылмақ.

Шығыс Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмекті көрсету үшін 11,4 млрд.теңге қаржы бөлінді. Қазіргі таңда атаулы әлеуметтік көмек  тағайындалған  20 102 отбасының 6 414-і көпбалалы отбасы. Атаулы әлеуметтік көмекті барлығы 41 430 адам  алады, олардың 28 954-і балалар.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button