Жағалаудағы жұрттың жағдайы қалай?
Балықшы ауылдық округінде тұрғындарды мазалап жүрген бірқатар толғақты мәселелерден хабардар болып, осы өңірдің қазіргі кездегі ахуалынан нақты ақпарат алу мақсатында округ әкімінің міндетін уақытша атқарушы Е.Тілеубаевпен жүздескен болатынбыз.
– Жағалаудағы үш ауылдың ауызсу тапшылығын тартып отырғаны рас, – дейді Ержан Тоқайұлы. – Ақсуаттағы скважинаның тайыз қазылуына байланысты, құмдауыт жердің құмы сумен бірге сорылып, құбырды бітеп қалатындықтан, моторға салмақ түсіп, күйіп кетіп жатады. Қанша мәрте ауыстырдық, бірақ нәтиже болмады. Сол себепті қазір Ақсуаттың халқы суды тікелей Зайсан көлінен ішіп отыр. Ал мұның тұрғындар денсаулығы үшін қауіпті екенін айтып жатудың қажеті бола қоймас.
Аудан әкімі Д.Қажанов жақында үш ауылды бірдей аралап, барлық жағдайға көз жеткізіп қайтты, ауылдарға не қажет, соның барлығын тез арада түгендеуге сөз берді. Оның ең бастысы – ауызсу мәселесі. Дулат Зайсанбекұлы Ақсуат ауылында 310-320 метр тереңдіктен су шығаратын скважина қаздыру үшін 16 млн. теңге қаржы бөлдіретінін айтты. Бұл ауқымды да маңызды шаруа осы күзде жүзеге асырылмақ.
Ауыл әкімінің айтуынша, Аманат пен Жолнұсқаудағы су құбырларының сүзгілері әбден тозғандықтан, қазіргі ауыл жұрты ішіп отырған судың дәмі мен сапасы нашарлап кеткен. Осыны көзімен көрген аудан әкімі жаңадан сүзгі орнату үшін екі ауылдың әрқайсысына 2,5 млн. теңгеден қаржы бөлгізді. Жақын арада бұлардағы су тазарып, басты бір мәселе шешімін табатын болады.
– Ақсуатта алты, Жолнұсқауда бес, Аманатта алты колонка бар болатын, – дейді Е.Тілеубаев. – Жақында Жолнұсқау ауылында тағы да үш колонка орнаттық. Аудан әкімі келесі жазда аталған екі ауылдан да жаңадан құдық қаздыратынын айтып уәде берді. Сөйткенде, бұл өңірдегі ауызсу мәселесі толықтай шешім табатын болады.
Ал әңгіме округтегі мектептер жайына ауысқанда, ауыл әкімі біздің алдымызға мынадай мағлұматтарды көлденең тартты. Ақсуат мектебінде 46 оқушы, Жолнұсқауда 46 оқушы, Аманатта 38 оқушы білім алып жатыр екен. Мұндағы мектептердің барлығы негізгі орта білім ошақтары болғандықтан, оқушы саны аз, әр сыныпта 5-6 баладан ғана оқиды. Барлық сақтық шаралары ойластырылған. Мәселен, бір сынып сабаққа сағат сегізде келетін болса, екіншісі араға жиырма минут салып жетеді. Ал үшінші сынып үшін ана екеуімен де жолықпайтындай уақыт өлшемі белгіленген. Мұның барлығы – оқушыларды қатерлі індеттен сақтандыру жолындағы тиімді шаралар.
– Біздің өңірдегі тағы бір толғақты мәселе – бұл ұялы телефон байланысы, – деп сөзін жалғады ауыл әкімі. – Аудан әкімі оның да шешімін тауып беретінін айтып, көңілімізді орнықтырды. Бұл мәселенің шешілуі жолындағы алғашқы қадам жасалып та қойды. Осы күзде Ақсуат ауылында биіктігі 26 метрлік мұнара орнатылмақ. Сонда ұялы байланыстың игілігін бізбен бірге Жолнұсқау ауылының тұрғындары да көретін болады. Өйткені әлгі мұнараның қамтитын аумағы 50 шақырымды құрайды.
Ал қазіргі кездегі онлайн байланысы арқылы білім алу мәселесіне келер болсақ, жастарымыз жағдайға қарай амалдауда. Ақсуатта интернет желісі ауылдық фельдшерлік-акушерлік пунктте орналасқан, сондықтан ауылдағы студенттер мен 9, 10-ды басқа мектептен оқитын жоғары сынып оқушылары (барлығы 22 адам) осы пункт орын тепкен ескі мектептің арнайы орындықтар, үстелдер қойылған дәлізінде оқып жатыр. Ал Аманатта оқушылар түске дейін білім алады, түстен кейін мектепте осындағы онлайн білім алатын 16 өрен сабақ оқиды.
Осыдан кейін Ержан Тоқайұлы округте жүзеге асып жатқан басқа да шаруалардан хабар беріп өтті. Ақсуат пен Жолнұсқаудағы клубтарға күрделі жөндеу жасалып, Ақсуатта спорт залы толық жөндеуден өткізіліпті. Аудан әкімі келесі жылы Аманат ауылына да жаңадан клуб салдырып беретінін айтып, жұртты қуантқан екен. 2021 жылы Ақсуатқа баратын тас жолдан 19 шақырым жердегі Жолнұсқауға дейін жол салынып, жаңа мектептің құрылысы басталады.
Хасен Зәкәрия
Күршім ауданы.