Инфрақұрылым

Жаңа қазандық салынады

 Ұзақ жылдар бойы орталықтандырылған жылу көзіне қосылу мүмкіндігі болмай, мүмкіндігі болса, жылуды қажетті мөлшерде ала алмай келген Глубокое кентінің тұрғындары келесі жылдан бастап бұл қиындықтан құтылуы мүмкін.

– Көп жылдан бері Глубокое кентін жылумен қамтамасыз ету мәселесі көтеріліп келе жатқаны баршаға мәлім. Кент тұрғындары, әсіресе жеке секторда тұратындары баспаналарын орталықтандырылған жылу көздеріне қосу мүмкіндігінің жоқтығын, ал жылу көздеріне қосылған үйлер жылудың жеткіліксіз берілетінін алға тартып келген болатын. Биыл осы мәселені шешу мақсатында түркиялық компаниямен мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында жаңа жылу қазандығын салу жөніндегі меморандумға отырдық, – дейді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Рамазанов.

Оның айтуынша, жобаның жалпы құны 4,5 млрд. теңгені құраса, оның 60 пайыз инвестициясы жекеменшік компания тарапынан құйылатын көрінеді. Қалған 40 пайызы облыстық бюджеттен қосымша қаржыландырылмақ. Бүгінгі таңда құрылыстың жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалып, қазандық салынатын жер учаскесі дайындалған. Қазандыққа заманауи түркиялық қондырғылар орнатылып, қатты отынды жағуда үнемге қол жеткізіледі. Сонымен қатар мұнда елімізде сирек кездесетін электр сүзгілер орнатылып, қазандық барлық әлемдік стандартқа сай болмақ.

– Биыл жыл соңына дейін қазандықтың ғимаратын тұрғызып, келесі жылы құрылғыларды жеткізуді жоспарлап отырмыз. Барлық жұмыстарды 2021 жылдың тамыз айында аяқтап, сәтін салса, келесі жылғы жылыту маусымына қуаттылығы 30 гигакалориялық қазандықты іске қосамыз, – деді Нұрлан Рамазанов.

Азамат Темірбеков

Осы айдарда

Back to top button