Өзекті

Жаңақанайлықтардың жанайқайы

Аурухана көшіріліп, жұмыссыз қалсақ, қалаға  кетеміз… Біз көшсек, ауылда адам, мектепте бала азаяды. Ауыл қаңырап бос қалайын деп тұр. Біреудің қоқан-лоққысы емес,  жаңақанайлықтардың  жанайқайы бұл. 

Ауылда орналасқан психиатриялық аурухана   таратылады  дегенді естігеннен мұндағы  160 қызметкерден  маза кетті. Арасында жасы, жасамысы бар олар туған ауылдарынан көшкісі жоқ. Алайда   өткен ғасырдың 40-жылдары салынған ғимаратқа  республикалық комиссия емдеу мекемесіне лайық емес деген баға берді. Ал жаңа ғимарат салуға қаражат бөлінбей отыр. Енді оның қызметкерлері мен емделушілерін көшіру қарастырылуда.

Ұлан ауданында орналасқан  психикалық ауытқуы бар, сондай-ақ сырқаты асқынған жандарға арналған бұл мекеменің тозығы жетіп тұрғаны рас. Оны көзімізбен де көрдік.   Ғимараттар қазандықпен емес,  кәдімгі пешпен жылытылады екен. Жуықта көмір түсіріліпті. «Осында қыстайды екенбіз» деп  мұндағылар оған балаша қуанған.  Асхана, ерлер мен әйелдер корпусы, наркологиялық  бөлім, зертхана сынды тоғыз барақ осы күнге дейін аурухана қызметкерлерінің күтімінің арқасында ғана құлап қалмай тұрғанын бірден байқайсың. Ал осы барақтарда қаншама адам жан азабымен арпалысып жатыр, қазір кірсек қауіп төндірмес пе екен деген ойлар да мазалағаны   рас. Алайда  аурасы ауыр ауруханаға кіріп, ішін аралаудың реті келмеді.  Бұл мекеме жабық режимдегі нысан болып саналады екен. Аурухана  басшысы Альмира Рағызбаеваның айтуынша, қазір мұнда 180-ге жуық науқас  ем алып жатыр. Тіпті ғұмырының жартысын осы барақтарда өткізіп жатқан жандар да бар екен арасында. Бір кезде дәулеті мен сәулеті жарасқан үйдің тұрғыны болған,  жасы 90-нан  асқан кейуана да осында. Кісі қанын мойнына жүктеп, заң жазалай алмаған  жан да паналап отыр бұл жерді. Жады алдында жатқан ақ парақтай тап-таза жас келіншек те жүр өмірін еске түсіре алмай. Бар емі  – ақ қағаз. Күні-түні соны шимайлап, біреулерді шырамытқандай соған ұзақ үңіледі. Ешбір техникалық талаптарға сай келмейтін ғимараттарды  өз әлемдерінің заңдылықтарымен өмір сүріп жатқан осындай жандар паналап отыр.

– Мұнда науқастарға лайықты жағдай жасалмағандығын, ғимараттардың тозығы жетіп тұрғандығын қаншама жылдан бері көтеріп келеміз. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев болған тұста ғимарат салу жөнінде шешім шығырылып, тіпті оның жобалық-сметалық құжаттары да жасалған болатын. Құжат  мерзімі биыл сәуір айында аяқталып қалды. Қажетті қаржы бөлінбеді. Жоспарға да енгізілмеді. Жаңа ғимарат арман еді, енді ескісінің өзіне зар болатын түріміз бар,-дейді психиатриялық аурухананың басшысы Альмира Рағызбаева.

Оның айтуынша,  жобалық-сметалық құжат бойынша ғимарат құрылысына 3,5 миллиард теңге қажет. Алайда шағын ауылға осынша қаржы шығындау тиімсіз болды ма, басқа да себептері бар ма, жаңа аурухана құрылысы  кейінге шегеріле беріп, ақыры соңында мәселе  оны қайта ұйымдастыру ісіне келіп тірелген.

Үш нұсқа

 Қазір бұл жобаға қайта қаржы құйғаннан, аурухананы қайта құру тиімді болып тұр.  Жуықта аурухана жағдайымен танысып қайтқан   облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова өзінің фейсбуктегі парақшасында да осылай деді.

«Аурухана корпустары  апатты жағдайда екендігіне көзіміз жетті. Емделушілер барақ типтес бірнеше ғимаратқа жайғастырылған. Олардың жалпы саны тоғыз. Тоғызының да жағдайы мүшкіл. Мекемені  қайта ұйымдастыру – уақыт талабы».

Сондай-ақ Әсем Нүсіпова қайта ұйымдастырудың үш нұсқасы қарастырылып жатқандығын атап өтті.

«Біріншісі  – 100 емделушіні 70 шақырым жердегі Бозанбай ауылындағы әлеуметтік орталыққа орналастыру. Ауруханада емнен гөрі, күтімді қажет ететін жандар көп. Наркология бөліміндегі науқастарды – Өскемен қаласындағы наркодиспансерге жайғастыруға болады. Ал қызметкерлердің Бозанбай ауылына қатынап жұмыс істеуі үшін көлік қарастырылмақ.

Бұл мәселені шешудің тағы бір жолы – 15 шақырым жердегі Айыртау ауылындағы бос қалған ғимаратты қалпына келтіріп, аурухананы сонда көшіру. Жалпы көлемі 1600 шаршы метр екі қабатты бірнеше ғимаратқа  су, кәріз бен жылыту жүйесін тарту қолайлы.

Сондай-ақ емделушілерді Тарбағатай ауданындағы емханаға жайғастыру жолдары да назарға алынды. Фтизиатриялық бөлімдегі біраз науқасты амбулаториялық  емдеуге жіберіп, тағы біразын  Өскемендегі орталыққа көшірсе, ол жерде жөндеу жұмыстарын қажет етпейтін дайын ғимараттар бар»,-  дейді облыс әкімінің орынбасары. «Ақжардағы мамандарды психиатриялық пациенттерді күту үшін  қайта даярлау мәселесі де көтерілді. Алайда мұндай жағдайда жаңақанайлық медициналық қызметкерлер жұмыссыз қалайын деп тұр. Аурухананы қайта ұйымдастыру жұмыстары кезінде  тұрғындардың пікірін ескеріп, ешкімнің жұмыссыз қалмайтындығын назарға аламыз. Аурухана жабылмайды, тек қайта ұйымдастырылады» деп жазады өз парақшасында Әсем Нүсіпова.

        Сан  тағдыр…

  Аурухана қызметкерлері мен ауыл тұрғындары  аталған үш нұсқаның ең тиімдісі Айыртау ауылындағы екі қабатты ғимараттарды қалпына келтіру деген пікірде.

  • Айыртау іргеде ғана тұр. Ол жерге барып-келіп жұмыс істеу аса қиындық туғызбайды. 70 шақырым жердегі Бозанбай ауылына қатынау оңай болмайын деп тұр. Ол үшін арнайы автобус шығарылса да, әр қызметкердің жұмыс кестесі әртүрлі. Оның үстіне уақыттың көбі жолға кетеді. Бозанбайдан бізге Өскемен жақын. Қызметкерлердің көбі қалаға барып жұмыс істеген артық деп отыр,-дейді аурухананың мейірбикесі Валентина Микеевич.

Зейнеткер Қияш Нәбиеваны да бұл шешім абдыратып тастапты. Әке-шешесі еңбек еткен ауруханада Қияш әжейдің өзі 40 жыл қызмет еткен. Енді  бала-шағасы, келіндері сол жерде жұмыс істеп жүр.

– Ауылда  мектеп пен осы ауруханада ғана жұмыс бар. Ол  тараса, мұндағы халық та қалаға ағылады. Ауылдағы әр отбасының бір мүшесі осы ауруханада істейді. Жаңа Қанай жаман жер емес. Өздеріңіз көрдіңіздер, барлығы бар. Осыдан алты жыл бұрын бұл аурухана ғимаратын жаңадан салу туралы бастама көтеріліп, тіпті жобасы да жасалыпты. Алайда қаражат жоқ деп, ғимарат салынбайтын болған екен. Бір ауылды сақтап қалатын осындай жобаларға басты назар аударылса екен дейміз. Онсыз да халық ауылдан тамыр үзіп барады,-дейді ол.

Ал зейнеткерлікке екі жыл қалған мейірбике Құлмағира Қырықбаева Бозанбай ауылына көшірілген күннің өзінде, ол жаққа барлық қызметкерлерді жұмысқа алмайтындығын айтады.

– Ол ауылда жұмыс істеп тұрған әлеуметтік орталық бар. Оның өз техникалық қызметкерлері мен медбикелерінің штаты толық. Демек мұнда қарапайым санитар, от жағушы, еден жуушы болып жүрген жандар жұмыссыз қалады деген сөз. Зейнеткерлікке екі жыл қалған мені де кім жұмысқа ала қойсын.Қала түзуші кәсіпорындар болады ғой, Қанай үшін осы аурухана да сондай. Ауылды асырап отырған мекеме бұл,-дейді ол да.

«Қазіргі аурухана ғимаратын жөндеуден өткізудің реті жоқ. Бұл біздің шешім емес. Дәл қазір үш нұсқаның қайсысы іске асырылатындығы белгісіз. Қалай болғанда да, негізгі медициналық персоналды жұмыссыз қалдырмаймыз» дейді облыстық психоневрологиялық диспансердің бастығы Мерхат Хасенов (жыл басында Жаңа Қанай ауылындағы   психиатриялық  аурухана мәртебесінен  айырылып, облыстық орталықтың бөлімшесі атанған болатын).

Ал Ұлан ауданы әкімдігі  халықты ауылда ұстап қалу үшін барлық жағдай жасаймыз деп отыр. Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Болатбек Мамарбаевтың айтуынша, аурухананың негізгі медициналық қызметкері он шақты ғана адам, қалғандарының барлығы санитар, аспаз, күзетші сынды жұмыс атқарып жүрген техникалық қызметкерлер. Оларды жұмыспен қамту үшін «Еңбек»  бағдарламасының бағыттары қолданылмақ. Яғни мал алып, шаруашылықпен шұғылдану үшін гранттар, шағын несиелер беру ісі қарастырылатын болады.

Тозығы жеткен тоғыз ғимараттың дәурені бітті осымен. Ал қызметкерлері мен емделушілердің болашағы үш нұсқаның біріне тәуелді. Осы қыс жаңақанайлықтар үшін уайыммен, бәлкім тіпті қамданумен өтейін деп тұр.

  Лаура Тілеубайқызы       

Осы айдарда

Back to top button