Тарих

ЖҰРТЫНА ҚОРҒАН БОЛҒАН ЖОЛАМАН

     Семей қаласы тарихында өшпес із қалдырған, елі мен жеріне қызмет еткен адамдар аз емес.  Дегенмен, осындай адамдардың ішінде қаланың салынуының бастауында тұрған қайраткерлердің есімін ерекше атауға тиіспіз.

     Ертістің сол жағалауына қазақтардың алғаш қоныстануына себепші болған  қазіргі Жаңасемей аталатын қаланың үлкен бөлігінің іргетасын қалаушылардың бірі – кәсіпкер Жоламан Жандарбеков. Омбы, Алматы мұрағаттарында сақталған азғантай деректер осы бір атағы атырапқа, аты бүкіл Семейге мәлім, өмірі мен қайраткерлігі көмескі тартқан, жұмбақ тұлғаның кейбір қырларын ашады.

Орыс империясының отарлауы кезінде халқының болашағы үшін күресте елдің бетке ұстар азаматтары әртүрлі жолды таңдады. Батыр сұлтандар Кенесары Қасымов, Құдайменді Ғазин, Сыбанқұл Ханқожин отаршылдыққа ашық қарсылық көрсетіп, халықты қарулы көтеріліске бастады. Енді бір топ орыс отаршылдығына қарсы тұру тиімсіз, сондықтан халықтың өзіндік келбетін жоғалтпауы үшін мұсылмандық жолды берік ұстау керек деп білді. Олар елге қожалар мен мұсылманша оқыған татарларды алдырып, өздерінше әрекет етіп жатты. Шаруаға икемді, кәсіпкерлік қабілеттері бар кейбір азаматтар осындай алмағайып заманда қатардан қалмау үшін қазақ өзінің ежелгі кәсібі – мал шаруашылығымен шектелмей, басқа кәсіп түрлерін де, әсіресе сауданы игеруі керек деп есептеді. Бұлар да ұлттың өз қазақи қалпын сақтауы үшін мұсылман дінін берік ұстанып, мешіт-медреселер ашты.

Осы кәсіпкер топтың таңдаған жолы ең тиімді жол екендігін отарлық қамытын қазақтан екі ғасыр бұрын кисе де, ұлттық қасиетін сақтап келе жатқан татар халқынан көруге болады.  Бес ғасыр орыстың ортасында отар болған татарлар тілін де, ділін де, дінін де жоғалтпады. Кәсіп ашып, сауда жасауда, оқу-білім алуда орыстың алдына түсіп кетті. ХХ ғасырдың басында бүкіл Ресей бойынша халықтың  21% сауатты болса, татарлардың 35% сауатты болды. Татар саудагерлері мен өнеркәсіп саласындағы кәсіпкерлерінің де үлес салмағы жоғары болды. Міне, нағыз бәсекеге қабілеттілік деп осыны айтуға болады.

Кең жайлымда мыңғыртып мал өсіріп, көшпелі тірлік кешкен қазақ баласы, шындығы керек, заман ауанын тез аңғара қоймады. Өндіріс орындарын ашып кен қазуды былай қойғанда, азиялықтарға бұрыннан таныс кәсіп – саудаға да енжар қарады. Даму жағынан өндірісті елдерден мүлде артта қалып қойған, көшпелі феодалдық қоғамда өмір сүріп жатқан қазақтарда бұндай адамдар тым аз болды. Бірақ өмірдің барлық саласына дендей еніп келе жатқан капиталистік қатынастардың жаңа талаптарын түсінген еті тірі, сергек азаматтар қазақтардың арасынан ХІХ ғасырдың алғашқы жартысында  шыға бастады. Солардың ішінде Семей өңіріндегі алғашқы кәсіпкерлер – Тінібай Кәукенов пен Жоламан Жандарбековтың есімі ерекше аталады.

Тінібай Кәукенов Ертістің сол жағалауын мекендеген Уақ тайпасының өкілі болатын. Тінібайдың қазақтардан алғашқылардың бірі болып  саудаға араласуына, орыс көпестерімен, қала шенеуніктерімен іскерлік байланыс орнатуына, әрине, оның жекебасының бейімділігімен қоса, оның ата-бабаларының, кейіннен өзінің қонысының Семейге жақын орналасуы әсер еткені сөзсіз.

Тінібай Кәукеновпен қатарлас ХІХ ғасырдың басынан саудаға араласқан іскер қазақтардың бірі – терістаңбалы болысының старшыны, бай Жоламан Жандарбеков болды. Терістаңбалы руының да ата қонысы Ертістің сол жағалауынан оңтүстікке қарай орналасқан болатын. Семей қаласына барынша жақын болғандықтан бұларға орыстармен, сауда жасаған көпестермен алғашқылардың бірі болып тікелей қарым-қатынас жасауына тура келді.

Уақ руынан шыққан Тінібай Кәукеновтың ауылы сияқты, терістаңбалы рулары топтаса келіп қонатын Ертіс өзенінің жағасы осы елдің рубасы, батыр, беделді азаматының атымен Жоламан слободкасы атала бастайды. Бұл слободка айырбас сауда алаңы (меневой двор) орналасқан тұстан сәл жоғарырақ Ертістің сол жағалауындағы қабақтың үстіне орналасты. Мұрағат құжаттарына қарағанда, Жоламан 1829 жылы мөлшері Тінібаймен бір мезгілде, Ертіс өзенінің қазақтарға тиесілі сол жағалауында ағаш үй тұрғызған. «Омбы облыстық басқармасының рұқсатымен Ертістің сол жағалауында, көпестер лавкасынан жоғарырақ Жоламан слободкасы салына бастады. Слободка биыл осы жерде ағаш үй тұрғызған старшина Жоламанның атымен аталды» дейді мұрағат дерегі.

Жоламан слободкасы аталған жерде қазақтар үйді өз еріктерімен, ретсіз сала бастаған болуы керек. Өйткені, 1 мамыр 1841 жылдан бастап жергілікті өкімет орындары сол жағалауда өз еркімен құрылыс жұмыстарын жүргізуге тыйым салды. Ол үшін мынадай жарлық та шығарады: «Ертістің сол жағалауына үй салуға,  бұрыннан тұрған үйлерге әбден тозғанша жөндеу жүргізуге болмайды. Тозығы жетіп, жарамсыз болған соң қаладан (оң жағалауда) үй салуға рұқсат беріледі». Алайда, бұл жарлықтың орындалуы мүмкін еместігіне жергілікті басқару орындары көп ұзамай көз жеткізеді. Арнайы тексеру жүргізгенде сол жағалауда бұрыннан 109 жекеменшік үй, 171 лавка, бір мешіт үйінің салынып қойғандығын, құрылыс жұмыстарының әлі де қарқынды жүргізіліп жатқандығын анықтайды.

Қала Ратушасының жарлығына қарамастан құрылыс жұмыстарын тоқтатпаған адамдарды тексеріп анықтағанда, солардың бірі Жоламан Жандарбеков екендігі белгілі болады. Тексерушілердің қорытындысында: «Сұлтан Досан Қылышев басқаратын Терістаңбалы болысының  старшыны  Жоламан Жандарбеков биыл мұз сөгіле бастағаннан бастап мешіт құрылысын жүргізе бастады. Рұқсат болмаған соң құрылыс қазір тоқтап тұр. Жоламан рұқсат етілмейтіндігін естімеген, өйткені ол үнемі саудамен жүріп үйінде сирек болады» деп жазылған.

Осы қысқаша жазбадан Жоламанның үйіне сирек келетін, үнемі саудамен түзде жүретін, мал-дүние табудың жаңаша жолын іздеген пысық, іскер адам екендігі байқалады. Екіншіден, оның орыспен жақын араласа бастаған халқын рухани жағынан таза ұстауға талпыныс жасап мешіт тұрғызуы нағыз ел азаматы екендігін көрсетеді. Жоламанның жас шамасы Тінібай Кәукеновпен (1789 ж. туған) қарайлас, 1890 жылдар шамасында туған болуы керек. Оның 1929 жылдың өзінде сол жағалаудан ағаш үй салып алуға мүмкіндігі болғандығына қарағанда саудамен ерте айналыса бастаған. Бір жерде тұрақты үй салып орнығу, көшпелі мал шаруашылығымен айналысатын адамға қолайлы емес. Ал Жоламанның үйі мұрағат дерегінде: «…үй, жанында бөлек асханасы, монша, амбар, ат қора, жабық мал қорасы, бір бөлмелі ерекше флигелі бар» деп көрсетілген. Мұндай үйде тұратын Жоламан қыр қазағынан гөрі, қала саудагеріне көбірек ұқсайды.

Жоламан саудамен айналысып, үй тұрғызып, іскерлік танытқанымен, Тінібай сияқты көпестер қауымына кірмеген. 1868 жылғы Семей кеден құжаттарында тек Т.Кәукенов қана көпес ретінде тіркелген, ал Жоламан Жандарбеков және т.б. қазақ саудагерлері кеденнен «заграничный киргиз» немесе «верноподданный киргиз» деген атаумен өтіп жүрген. 1830 жылы қазақ даласында сауда жасауға тыйым салынған саудагерлердің тізімі жарияланды. Бұл тізімде гильдиялы көпестер саны – 11, ташкендіктер – 60, татарлар – 12, орыстар – 12, қазақтар – 9. Сол тізімдегі қазақ саудагерлері: Данақұс Әбласов, Қартабай Іргебаев, Бажал Донғұлдабаев, Қожамжар Шіреков, Амалдық Өтенов, Дондағұл Байзақов, Жоламан Жандарбеков, орыс көпестерінің приказчиктері Бөкен мен Алан деген адамдар. Кеден құжаттарында ХІХ ғасырдың 20-шы жылдары 2-3 қазақ саудагерінің аты-жөні ғана кезігетін болса, бұл көрсеткіш 1867 жылы 62 адамға жетті. Бірақ қазақтардың саудасының көлемі шағындау еді, ең іскер деген қазақ саудагерінің айналымы 10 000 рубльден аспады. Ал көпестер қатарындағы Тінібай Кәукеновтің жылдық товар айналымы сауда жақсы жүрген жылдары 50-60 мың рубльге жететін. Орыс, татар көпестерінің сауда айналымы тіпті жоғары.

Шұрайлы жерлері отаршыл үкіметтің қысымымен тартып алынған Жоламанның тағдыры – жалпы қазақтың тағдырына ұқсас. Отарлық езгі мен кеңес кезінде қазақтар өз жерінде азшылыққа айналып, жері қуаң шөл және шөлейт аймақтарға ығыстырылып еді. 1980-ші жылдардың ортасында «Әлеуметтік жағынан артта қалған 30 аудан» туралы қаулы да шыққан болатын. Осылардың барлығы таза қазақтар тұратын, шөлейтті жердегі аудандар болатын. Қалалық өмірді таңдаған Жоламан да өзінің Семейдегі атамекен жерінде үй тұрғызған қонысынан біртіндеп ығыстырылды. Бір рудың биі, беделді басшы Жоламан Жандарбеков саудамен айналысатын ауқатты адам болуымен қатар патша билігімен заң тұрғысынан тірескен, ел мүддесін ойлай білген тұлға. Ол Ертістің сол жағалауындағы шабындық жерлерді орыстарға бермеуге талаптанғандығы туралы мұрағат деректері сақталған. Семей бекінісі маңайындағы төрт шабындықтың барлығы тек сол жағалауда орналасқан болатын. Шабындықтар Вертевский, Лекарский, Директорский және плац-майорской Забайки деп аталды. Осының бірі Вертевский аралында Жоламанның өзі тұратын.

Отарлаудың бастапқы кезеңінде патша үкіметі «Ертістің сол жағалауындағы далалық өңір даусыз қазақтарға тиесілі» деп есептеді. Бұл Омбы қазыналық экспедициясының ұсынысымен Омбы облысы бастығының 1833 жылы шығарған шешімі. Бекіністің іргесі бекіп, орыстар Семейге мықтап орнығып алған соң, жергілікті халықтан шұрайлы жерлерді тартып алудың түрлі амалдарын қолдана бастады. Алғашқыда Ертістің сол жағалауы даусыз қазақтарға тиесілі деген үкімет енді сол жағалаудағы шабындықтардың тек біреуі ғана Жоламанға тиесілі дегенді шығарады. Қазақтардың малдары жыл бойына жайылымда бағылады. Ал мініс аттарын қызмет бабына қарай қолда ұстайтын әскерилер, қала тұрғындары мен казактар қыстамаға пішен дайындамай тұра алмайды. Егер бұл шабындықтар Жоламанға берілетін болса, Семей гарнизонының аттарына да азық болмай қалады. Осы жағдайларды саралай келе Генерал-губернатор Вельяминов келешекте жүргізілетін жер бөлінісіне дейін Директорский аралын – казактарға, плац-майорскийді – линия батальонына, Лекарскийді – қала тұрғындарына, ал Вертевскийді қазақ старшыны Жандарбековке беруді ұйғарады.

                  Ол өзінің бұл шешімін Сібір бұратаналарын басқару туралы Заңның «егін шаруашылығымен және басқа шаруашылықпен айналысқысы келетін әрбір қазаққа 15, старшындарға 30 десятинадан жер беріледі»  деген бабына сілтеме жасап, Жандарбеков пен оның руластарына қоныстанып отырған Вертевскийді қалдырады. Бірақ қазақтардан шұрайлы жерлерді алуды мақсат еткен отаршыл үкімет мұнымен тоқтамайды. Патшалы Ресейдің әртүрлі ведомстволарының ұстаным-мүдделері кейде бір-бірімен үйлесе бермейтін, сондықтан олардың шешімдері де қарама-қайшы келіп жататын. Жоғарыдағы Жоламанға Вертевский аралын беру туралы губернатордың заңға сүйене отырып 1838 жылы шығарған шешімі, 1843 жылы заңсыз болып шыға келді. Барған сайын өсіп келе жатқан қала халқы (орыстар) мен казактардың мүддесі үшін отаршылдар Жоламан басқаратын Терістаңбалы руын бұл жерден де кетуге мәжбүр етеді.

 

Оқиға былай өрбіген болатын. 1843 жылы рұқсатпен салынған үйі-жайы өртеніп кеткен соң, Жоламан Батыс Сібір Генерал-губернаторына қайтадан сол бұрынғы орнына ағаш үй салып алуды сұрап арызданады. Жоғарыда айтылғандай, алғашқы кезде өзінің атақонысы төрт аралды да заңдастырып иеленбекші болған Ж.Жандарбеков (шындығында ол осы жерлердің нақты иесі ғой) алдымен тек соның біреуіне ғана ие болып қалса, соңынан бұл жерлерден мүлде ығыстырылып шығарылған. Күшіне енген патша отаршылары қазақтарға ендігі жерде өз жерінде ағаш үй салуға да рұқсат бермеген.

Батыс Сібір Бас басқармасының ІІІ-ші бөліміне 16 тамыз 1843 жылы әскери канцелярияның жолдаған қатынасында казак станицалары арасындағы 10-верстік жерлер Сібір линиялық казак әскеріне тиесілі екендігін көрсете келіп, Вертевский аралы Сібір корпусының командирінің қарамағына берілгендігін, Жоламанға үй салуға рұқсат берілмейтіндігін хабарлайды. Осы хабарламада:  «…патшаға қараған «верноподданный» және  қарамаған «залинейный»  қазақтарға ағаш үй салуға рұқсат берілмесін. Жертөлелер қазып, уақытша қыстап шығуына болады. Тек қана ол жертөлелер меншік мүлік ретінде тіркелмесін. Казактар жерді босатуды талап еткенде, жертөлелерін тегістеп бірден кетуі керек. Өйткені, станица арасындағы жерлердің барлығы Сібір казак әскеріне тиесілі. Полковник Пикетов» деп, астамшылықтың көкесін көрсеткен.

Өз жеріңде өзіңе үй тұрғызуға құқың жоқ, тек қана жертөле  аталатын «інде» ғана тұруыңа болады дегеннен артық қорлық болар ма! Осыдан кейін отарлаудан гуманизм күту, оның прогрессивтік маңызы туралы сөз қозғаудың өзі артық болар. Патша шенеуніктерімен айтысып, тартысып жүретін рубасы старшын Жоламан Жандарбеков батыр, намысқой адам болғандығы байқалады. Ол үй тұрғызып жатқан кезде қала бастығы Дергалов деген оны заңсыз әрекетке барды деп жарты сөткеге қамауға алған екен. Жоламан қайтадан үй салуға жазған өтінішінде, бұл мәселені де тексеруді, өктемдік көрсеткен шенеунікті жазалауды сұраған.

Жоламан патша үкіметінің қала маңына қазақтарды жуытпауға тырысқан әрекетінен кейін де алысқа кетпеді. Ертісті сәл өрлеп барып, қазіргі Жоламанның поселкесі тұрған жерге табан тіреді. Содан бері өткен бір жарым ғасырдан астам уақыттан бері бүкіл қалада қазақи атауын сақтап қалған жалғыз ықшамаудан осы – Жоламан. Затон, Пристань және тағы басқа да ертеректен келе жатқан қаланың ықшам аудандарын былай қойғанда, кеңес кезінде кейіннен пайда болған Цемпоселок, Компоселок, Восход, Холодный ключ, Степной, өзге толып жатқан жаңа атаулардың  барлығы орысша еді. Отаршылық басқыншылық кезінде қазақтардың қаладағы соңғы тірегіндей болған Жоламан атауына аруақты ердің қайсар рухы демеу беріп тұрғандай көрінеді. Патша заманында да, Кеңес кезінде де Жоламанның жүректі де, білекті жігіттерінің мәрт мінездері қазақтардың әлі де бар екендігін қалаға да, далаға да ұмыттыра қойған жоқ.

Қазақ даласының шығысында жаңа қоғамдық формация – капиталистік қатынастарға бейімделе отырып, сауда мен кәсіпкерлікті ең алғашқылардың қатарында игерген,  нарықтық экономиканың қазақтан шыққан пионерлері Жоламан Жандарбеков пен Тінібай Кәукеновтың есімдері қала тарихымен тығыз байланысты және олардың бірінің атымен қала шеңберіндегі поселок (Жоламан), екіншісінің атымен өзі салдырған мешіті (Тінібай мешіті) аталады.

Жоламан – тарихи кезеңдердің табиғи сұрыптауынан сүрінбей өтіп, есімін мәңгілікке өз қайраткерлігімен қалдырған, халқы қуаттап атын ауылға бекіткен өміршең тұлға. Сол ауылдағы мешітті Жоламан мешіті, № 21 мектепті ел Жоламан мектебі деп былай да айта береді. Бірақ оның өмірі мен халқына сіңірген еңбегін екінің бірі біле бермейді. Тәуелсіз елдің жастары өлке тарихын, оған еңбегі сіңген ерлерін білуге тиіс. Сондықтан кешегі осы елдімекеннің іргесін қалаушы, нарық талабын алғаш игерген кәсіпкер, қолы ашық меценат Жоламан Жандарбековтың есімін аталған мектепке ресми түрде беруге, ардақты азаматтың атын осылайша насихаттап, дәріптеуге болады. Сондай-ақ, мұсылмандық пен кәсіпкерлікті, ерлік пен қайсарлықты ұштастырған жиынтық бейнеге – Жоламан образына конкурс жариялап, келешекте Алматы жақтан кіреберіс жол бойына (Жоламанда) ескерткіш тұрғызса артық болмас еді.  

Мұхаметбек Асылбеков,

Семейдегі Шәкерім университетінің М.Қозыбаев атындағы тарихи зерттеулер орталығының

ғылыми қызметкері

Осы айдарда

Back to top button