Өзекті

Жәрдемақы төлеуде табысқа қарамайтын болды

Жаңа жылдан бастап барлық көпбалалы отбасына табысына қарамастан бала санына байланысты мемлекеттік жәрдемақы беріледі. Ал атаулы әлеуметтік көмекті төлеу механизмі өзгеретін болады. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған, қоғамның әлжуаз топтарына тағы қандай жеңілдіктер қарастырылған? Мемлекеттік жәрдемақы алатын көпбалалы отбасылар атаулы көмектен қағылып қалмай ма? Қандай шарт орындалмаса, атаулы көмек тоқтатылады? Осы мәселелер төңірегінде облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары Ерболат Ошақбаев түсіндіріп берді.

Бұдан былай барлық көпбалалы отбасына табысына қарамастан мемлекеттік жәрдемақы беріледі. Көпбалалы отбасынан шыққан әр балаға ай сайын 10 625 теңге жәрдемақы төленеді. Төлем сомасы бала санына байланысты. Еліміздегі балалардың 62 пайызы көпбалалы отбасынан шыққан.

Жаңа жылдан бастап тағайындалатын мемлекеттік жәрдемақы:

4 баласы бар отбасыға – 42500 теңге.

5 баласы бар отбасыға –  53125 теңге

6 баласы бар отбасыға – 63750 теңге.

7 баласы бар отбасыға – 73375 теңге.

Мұны бала 18 жасқа дейін, ал жоғары оқу орнының күндізгі бөлімінде оқыса 23 жасқа дейін алады. Бұл жерде баланың ата-анасы жұмыс істей ме, істемей ме, табысы аса ма, аспай ма, оған қарамастан тағайындалады. Осы жерде 8,9,10 баласы барлар қанша жәрдемақы алады деген заңды сұрақ туындайды. Басқарма басшысының айтуынша, олар да 73375 теңге алады. Өйткені бұл жәрдемақының ең жоғарғы шегі болып белгіленген. Бұдан бөлек «Күміс алқа» және «Алтын алқа», «Батыр Ана» санатындағы аналарға 16 160 теңге көлемінде ай сайын беріліп отыр.

 

«Біздің жаңа ұстанымдарымыз атаулы әлеуметтік көмек алып жүрген отбасылардағы балаларға қатысты төлемді үлкен кісілердің қателіктерінің немесе басқа да жағдайларға қатысты сақтандырып қалу үшін біз оны бөлек мемлекеттік жәрдемақы дәрежесіне өткізіп жатырмыз. Ол жәрдемақы табысына қарамастан барлық көпбалалы отбасына төленеді және бұл жәрдемақы отбасының табысы болып ескеріледі».

 Біржан Нұрымбетов, 

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі

                             Атаулы көмек кімдерге төленеді?

Ал енді көпбалалы отбасы санатына жатпайтын, бірақ жағдайы төмен отбасыларына қандай әлеуметтік қолдау көрсетіледі? Аз қамтылған отбасылар үшін әлеуметтік кепілдендірілген пакет енгізіледі. Мектеп жасына дейінгі балалар үшін: балаларға арналған тамақ, гигиеналық құралдар, қосымша білім беру қызметтері. Мектеп жасындағы балалар үшін: мектепте ыстық тамақ, мектеп формасы мен құрал-жабдықтары, жол ақысын өтеу.

Атаулы әлеуметтік көмек – бұл аз қамтылған, табысы төмен отбасыларға арналған атаулы көмек. Ақшалай және әлеуметтік бейімдеу түріндегі көмек жұмысқа орналастыру, өз кәсібін ұйымдастыруға көмектесу және жұмыспен қамтудың басқа да түрлері арқылы отбасының табысын арттыруға бағытталған.

Атаулы әлеуметтік көмек кеше, бүгін пайда болған жоқ, 2002 жылдан бері бар. Әуелде кірісі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 40 пайызынан төмен азаматтарға берілетін болған. Қазір ең төменгі күнкөріс деңгейі 29 698 теңге, 2020 жылы – 31 183 теңге. Былтыр атаулы көмек жан басына шаққанда табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 пайызынан төмен отбасыларға осы мұқтаждық шегі мен жан басына шаққандағы табыстың айырмасы ретінде отбасының әр мүшесіне төленді.

Биыл мұқтаждық шегі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 пайызынан 70 пайызына дейін көтерілді. Осыған орай, қазір атаулы көмек алуға жан басына шаққандағы табысы 20 789 теңгеден төмен  отбасылар құқылы. Атаулы көмек ата-анаға 20 789 теңге сомасы мен жан басына шаққандағы табысының айырмасы ретінде тағайындалады, ал балалар оның толық сомасын, яғни ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызын (20 789 теңге) алады.

14 қазандағы мәлімет бойынша қазір облыста 20 259 отбасына (97 266 адам, оның 59 782 – балалар) атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Оның ішінде көпбалалы отбасылар саны – 6 457.

Бұл мақсатқа мемлекеттен 11,4 млрд теңге қаражат қарастырылған. Оның 6,4 млрд – республикалық бюджеттен, 3,3 млрд – Ұлттық қордан, 1,7 млрд – облыстық бюджеттен. Осы қаражаттың 8,4 млрд теңгесі тағайындалып қойды. Қалғаны жыл соңына дейін игеріледі.

Көпбалалы отбасыларға табысына қарамай мемлекеттік жәрдемақы төлеуіне байланысты енді осы жәрдемақы отбасының кірісі болып есептеледі. Атаулы әлеуметтік көмектің көлемі алдыңғы тоқсандағы отбасы кірісіне байланысты. Мысалы, төрт баласы бар отбасын алайық. Ата-анасымен қосқанда алты адам.

Осы отбасыға қазір төленетін атаулы көмек былайша есептеледі:

Отағасының жалақысы 60 мың теңге делік.

60 мың  6 адамға  бөлінеді-  10 мың (жан басына шаққандағы кіріс).

Ата-анаға атаулы көмек: 20789 (кедейлік шегі) – 10 мың –  10 789 * 2 ересек адам  – 21 578 теңге.

4 балаға атаулы көмек айына: 20789 * 4 бала –  83 156 теңге.

Отбасына атаулы көмек: 21 578 (ата-анаға) + 83 156 (балаларға) – 104 734 теңге.

(Ережеге сәйкес, бұрыннан төленіп келе жатқан 10 504 теңгенің арнаулы мемлекеттік жәрдемақысы атаулы әлеуметтік көмекті тағайындауда отбасы кірісіне есептелмейді)

Отбасылық бюджеттің жиыны: 60 мың жалақы + 104 734 атаулы көмек + 10 504 арнаулы жәрдемақы  –  айына 175 238 теңге.

Енді бұл отбасының 2020 жылғы бірінші тоқсандағы бюджетін есептеп көрелік.

60 мың  6 адамға бөлінеді –  10 мың (жан басына шаққандағы кіріс).

22 мың (төртінші тоқсандағы кедейлік шегі) – 10 мың –  12 мың (төленетін айырмасы).

12 мың * 6 адамға –   72 мың (отбасына атаулы әлеуметтік көмек).

Ал сәуір айында, яғни екінші тоқсанда балалардың жәрдемақысы қоса есептеледі.

Отағасының жалақысы 60 мың теңге.

Төрт балаға мемлекеттік  жәрдемақы 42 500 теңге.

60 мың + 42500   102500 теңге.

102 500 теңгені 6 адамға бөлеміз-    17 083 (жан басына шаққандағы кіріс).

22 016 (кедейлік шегі) – 17 083 –   4933 теңге (төленетін айырмасы).

Отбасына атаулы көмек: 4933 теңге * 6 адамға  –  29 598 теңге.

Отбасылық бюджеттің жиыны: 60 мың жалақы + 29 598 атаулы көмек + 42500 мемлекеттік жәрдемақы   –  айына 132  098 теңге.

Атаулы әлеуметтік көмек төлемдері қиын өмірлік жағдайдан шығу үшін көптеген отбасыларға қаржылай, соның ішінде ұсынылған жұмыспен қамту шараларымен көмектескендігі сөзсіз. Мұқтаж отбасылар мемлекет тарапынан шынайы қолдау алды, оның жартысы дерлік көпбалалы отбасылар болды. Сонымен қатар кейбір отбасылар аз қамтылғандар санатынан шықты.

Еліміз бойынша мыңдаған адам кәсіптік даярлыққа және қайта оқытуға жолданды, кәсіпкерлікті дамытуға шағын несие, сондай-ақ бизнес идеяны іске асыруға 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде 8 мың грант берілді, соның ішінде 3,4 мың көпбалалы отбасы.

                                  Жауапкершілікті сезінуі тиіс

«Біреу тоңып секіреді, біреу тойып секіреді» демекші, атаулы әлеуметтік көмек негізінен көмекке шынайы мұқтаж отбасыларына арналған. Өкінішке қарай алаяқтыққа барған жандар да болмай қалған жоқ, жағымсыз фактілер де аз емес. Өңірімізде атаулы көмекті заңсыз тағайындауға алып келген

3 711 отбасы нақты табысын жасырғандығы анықталды. 803 отбасына атаулы әлеуметтік көмек тоқтатылды, 296 отбасына уақытша тоқтатылды. 2229 отбасына қайта есептеу жүргізіліп, 4 772 000 теңге бюджетке қайтарылды.

Атаулы әлеуметтік көмек алушылардың ішінде 32 716 адам жұмысқа қабілетті азаматтар. Бүгінде олардың 3453-і жұмыспен қамту орталықтары арқылы жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылуда. 1101 адам өздігімен жұмысқа орналасты. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасады.

Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары Ерболат Ошақбаев айтып өткендей, келер жылдан бастап енгізілетін өзгерістерге сәйкес, атаулы әлеуметтік көмек жаңа нысанда тағайындалатын болады. Енді ол тоқсан сайын өтініш беру арқылы қаралады. Өйткені 12 айдың ішінде отбасының табысы өзгеріп отыруы мүмкін. Адам жұмысынан айырылып қалуы мүмкін немесе дүниеге сәби келіп, отбасы толығуы ықтимал.  Заң жобасының басты шарттарының бірі – отбасының еңбекке қабілетті мүшелері жұмыс істеуі керек және отбасы үшін жауапкершілікті сезінуі тиіс. Егер ұсынылған жұмыстан және жұмыспен қамту шараларынан бас тартатын болса, онда атаулы әлеуметтік көмек тек оған ғана емес, бүкіл отбасына тоқтатылады.

Айжанат Бақытқызы

Осы айдарда

Back to top button