Денсаулық сақтау

Жұқпалы дерттен өңірге әзірге қауіп жоқ

 Қытайдың Ухань қаласынан тарап жатқан аса қауіпті коронавирустың шекаралас орналасқан біздің өңірге таралу қаупі бар ма?  Жұқпалы дерттің елімізге енбеуі үшін қандай шаралар атқарылып жатыр? Біздің сұрақтарымызға  Денсаулық сақтау министрлігінің Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Гүлайым Тағаева жауап береді.

-Әзірге қобалжуға ешқандай негіз жоқ. Қазіргі уақытта біздің өңірді қойып, республика көлемінде  белгісіз вирустың бірде-бір жағдайы тіркелмеген. Алдын ала жасалған эпидемиологиялық зерттеулердің қорытындысы бойынша,  жұқпалы дертті жұқтырғандар Хубей провинциясындағы Ухань қаласының теңіз өнімдері мен аң-құстардың еті саудаланатын  Хуанань толайым сауда базарының қызметкерлері, не сол өнімдерді тұтынушылар екені анықталған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сүйенсек, вирус жануарлар мен жарғанаттар, жыландар арасында тараған, адамнан адамға жұғу қаупі де  жоққа шығарылмайды. Бүгінгі таңда қауіпті вирустың негізінен Азия елдерінде – Жапония, Оңтүстік Корея, Тайвань, Тайландта, сонымен қатар Франция мен АҚШ-та, Австралияда тіркелгені мәлім. Дерттіжұқтырғандардыңбарлығы Ухань қаласында болған.

Жұқпалы дерттен сақтану үшін облыстың шекаралық аймақтарында қандай шаралар қолға алынды? Бұған дейін Қытай мен шекара жабылды деген ақпарат тараған еді.

-Қытаймен шекара жылда,  Қытайда шығыс күнтізбесі бойынша Жаңа жыл мерекесі тойланған кезде уақытша жабылады. Бұның коронавирустың таралуына ешқандай қатысы жоқ.  Емі әлі табылмаған аса жұқпалы вирусты елімізге енгізу мен жұқтыру қаупіне тосқауыл қою үшін санитарлық-эпидемияға қарсы және алдын алу шаралары қолға алынды.  Қытаймен шекарадағы өткізу пункттерінде санитарлық бақылау талаптары күшейтілді. Қазақстанның мемлекеттік шекарасында барлық тұлғалар, әсіресе Қытайдан келген азаматтар міндетті түрде байланыссыз термометриядан өткізіледі.

Нақты біздің өңірге келетін болсақ, коронавирусты жұқпаның таралу қаупіне байланысты барлық ведомстволарға хаттар мен бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің 2020 жылы 6 қаңтардағы «Қазақстан Республикасы аумағына этиологиясы анықталмаған пневмонияны енгізу және таратудан сақтандыру мақсатында санитарлық-эпидемияға қарсы және санитарлық-профилактикалық шараларды күшейту туралы» қаулысы жіберілді.

Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің Үржар және Зайсан аудандарындағы басқармаларының мамандары «Бахты» және «Майқапшағай» кеден бекеттерінінің қызметкерлеріне практикалық және кеңестік көмектерін берді. Мамандарымыз коронавирусты дертті енгізуге жол бермеу мәселелері бойынша семинар өткізіп, нұсқаулықтар берді, оқу-жаттығу сабақтарын өткізді.

Сіздердің департамент тарапынан қытай азаматтарына қатысты қандай да бір әрекеттер жасалып жатыр ма (мысалы, қосымша тексеру не стационарға жатқызу)?

-Барлық кеден бекеттері ThermalImaging Camera модель СХ320 маркалы үш тепловизормен жабдықталған. Олар ресімдеу бөлімінде кіріп-шыққандарды тексереді. Күн сайын облыстың аумағына енгендер де, одан шыққандар да міндетті түрде байланыссыз термометриядан өткізіледі.  Мемлекеттік шекарадағы өткізу пункттері жеке қорғаныс құралдарымен  (респираторлар, қауіпсіздік көзілдіріктері,  І типті обаға қарсы костюмдер және обаға қарсы бірреттік костюмдер)  және залалсыздандыру құралдарымен толық қамтамасыз етілген.

Бекеттерде корона вирусты жұқпаның таралуына жол бермеу үшін жолаушылар мен тасымалдаушылар арасында дерттің алдын алу жөнінде санитарлық-ағарту және түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр, көрнекі құралдар таратылды.

Естеріңізге сала кетейік, Қытайда тіркелген пневмонияның белгісіз түрімен ауырғандардың саны күрт өсіп, соңғы деректер бойынша, 2700-ге жетті.  Олардың 80-і қайтыс болды, соңғы тәулікте ғана қауіпті вирустан 24 адам көз жұмды.

Айна ЕСКЕНҚЫЗЫ

Осы айдарда

Back to top button