Денсаулық сақтау

Жұмыс беруші өз төлемдеріне бақылау жасай ала ма?

Біз газет оқырмандарынан міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысты түскен сауалдарға жауап беруді жалғастырамыз. Бүгінгі тақырыбымыз жұмыс берушінің МӘМС жүйесіне қатысуына қатысты болып отыр. Егер кәсіпорынның өзінің медсанбөлімі болса, МӘМС жүйесіне қатысуға міндетті ме? Ерікті медициналық сақтандыру полисі  бар қызметкерлерге жаңа жүйеге қосымша жарна аудару қажет пе? Жұмыс беруші өз төлемдеріне бақылау жасай ала ма? Осы және басқа да сауалдарға «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы облыстық филиалының директоры Ғалымжан  Әбілов  жауап береді.

–ЕгерЖК (жеке кәсіпкер) қызметін ресми түрде тоқтатса, оның қожайыны үшін жарналарды кім төлейді?

– ЖК (жеке кәсіпкер) қызметін ресми түрде тоқтатса, ал кәсіпкерде басқа табыс көзі болмаса, ол басқа белсенді емес тұрғындар сияқты, 2020 жылдың 1қаңтарынан Қорға ең төменгі жалақы көлемінің 5%-ын (2125 теңге) аударып отыруға тиіс. Ал егер бұрын жеке кәсіпкер болған немесе  дәл қазір жеке кәсіпкер болып саналатын азамат жеңілдік берілген тізімге кірсе, онда жаңа жылдан бастап ол үшін мемлекет төлем жасайды. Жеке кәсіпкер өзі жарна төлеуге міндетті емес.

–Мен жұмыс беруші ретінде неге МӘМС жүйесіне қатысуға міндеттімін?

–Сақтандыру медицинасы сіздің қызметкерлеріңізге кірістеріне қарамастан, медициналық көмекті толық көлемде, яғни жоспарлы стационарлық көмек, дәрі-дәрмекпен қамтудан бастап, жоғары мамандандырылған медициналық қызметтер алуға, оңалту шараларымен қамтылуға, консультативтік-диагностикалық көмекке, медбике күтімі мен паллиативті көмекті алуға мүмкіндік береді.

–Мен жұмыс беруші ретінде өзімнің қызметкерлеріммен емдеу ұйымын таңдай аламын ба?

–Жоқ, таңдай алмайсыз. МӘМС жүйесінде медициналық қызметтерді көрсететін денсаулық сақтау ұйымын  қызметкердің өзі таңдайды. Жұмыс беруші медициналық ұйымды ерікті медициналық сақтандыру жағдайында ғана таңдай алады.

–Менің қызметкерлерім жеке медициналық клиникаға ерікті сақтандыру есебінен қаралады. Ендеше, мен неге қосымша МӘМС жүйесіне де төлем жасауға тиіспін?

–Жұмыс беруші өзінің қызметкерлерін ерікті  медициналық сақтандыру (ЕМС) туралы келісімшартқа отырғанда, қызметкерлерге көрсетілетін медициналық көмектің көлемі жұмыс беруші аударған соманың мөлшерінен артпауға тиіс.Ерікті медициналық сақтандыру шеңберінде бұл лимиттен артық медициналық көмек көрсетілмейді. Ал міндетті медициналық сақтандыру жүйесінде көрсетілетін медициналық қызметтердің көлемі мен сомасына шектеу қойылмайды. Алайда ерікті  медициналық сақтандыру келісімшартына жұмыс беруші мен қызметкердің өзара келісімімен, МӘМС жүйесінің пакетіне кірмейтін медициналық қызметтерді енгізуге болады.  Мысалы, МӘМС жүйесіне енбеген: ересектер үшін стоматология, зиянды өндірісте істейтін жұмысшыларды міндетті мерзімді медициналық тексеруден өткізу, сауықтыру-курорттық емдеу, косметология сияқты қызметтерді ЕМС арқылы алуға болады. ЕМС кезінде жеке клиникаларда емделгендіктен, жұмыс берушіге көрсетілген қызметтер үшін тым қымбат ақы төлеу қатерлері бар. Сонымен қатар ерікті медициналық сақтандыру жағдайында тапсырыс беруші жұмыс беруші болғанымен, оның көрсетілген медициналық көмектің сапасына бақылау жасайтын тетіктері жоқ.

Ал міндетті медициналық сақтандыру жүйесінде Қор медициналық қызметтердің сапасына бақылауды  қамтамасыз етеді, сақтандырылған азаматтардың құқы мен мүдделерін қорғайды. Өйткені жүйе төлемдер мен жарналардың міндеттілігі мен мемлекет, жұмыс беруші және азаматтардың ортақ жауапкершілігі принциптеріне негізделген.

–Қызметкерлері медициналық ұйымдарға бір жыл ішінде бармаған жұмыс берушіге оның жасаған төлемдерін қайтарып беру қарастырылған ба?

–Жоқ, қайтарылмайды. Бұл әлеуметтік сақтандыру жүйесінің негізгі принциптері – ортақ жауапкершілік пен жүйенің барлық мүшелерінің теңдігіне қайшы келеді. Аударылып қойған қаражат медициналық көмекке жүгінген сақтандырылған азаматтарға көрсетілген қызметтердің ақысын өтеуге жұмсалады.

–Біздің кәсіпорында ведомстволық медсанбөлім бар, біз барлық қызметтерді кәсіпорын есебінен осы жерде аламыз. Біз не үшін МӘМС жүйесіне жарна төлеуге тиіспіз?

–«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заңға сәйкес, медициналық сақтандыру Қорына төлемдер мен жарналарды аудару баршамыз үшін міндетті болып табылады. Ал сіздердің медсанбөлімгекелетін болсақ, басқа медициналық ұйымдар сияқты ол да Қор тарапынан амбулаторлық-емханалық және стационарлық көмек көрсетуге жүргізілген конкурсқақатысып, қосымша қаражат табуына болады.

–Тұрақты табысы жоқ, маусымдық жұмыс істейтін жұмысшылар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру Қорына төлемдерді қалай жасайды?

–Маусымдық жұмысшылар үшін, кірістері бар кезде, жұмыс берушілер төлейді, табысы жоқ кезде, Қорға ең төменгі жалақының 5%-ы көлеміндегі жарнаны екінші деңгейлі банктер арқылы олар өздері аударады.

–Жұмыс берушілер салық төлеуден жалтару үшін жұмысшыларының нақты санын жасыруы мүмкін бе?

–Өкініштісі, кірістерді жасыру мен «көлеңкелі» жалақы қатерлері салық төлеуден қашу әдісі ретінде кез келген экономикада кездеседі. Бұл проблеманы шешу үшін фискальді органдар тарапынан күресудің       бірнешетәсілі қолданылады. Біріншіден, қызметкер медициналық ұйымға электронды жүйе арқылы кірсе, жұмыс берушінің (2017 жылдан) аударған төлемдері және қызметкердің өзінің (2019 жылдан) аударған жарнасы туралы мәліметтер шыға келеді. Қызметкер осылайша жұмыс берушіден түскен төлемдерге бақылау жасай алады. Екіншіден, салық қызметінің органдары жұмыс берушіден Қорға жасалған төлемдер туралы декларация қабылдап, соның негізінде бақылау жасайды, қарыздары болса, төлетіп алады.

–МӘМС жарналары есептелген жалақыдан ұстала ма, әлде еңбекақыдан зейнетақы жарнасы, кіріс салығы төленгеннен қалған сомаданұстала ма? 

–Жарна есептелген жалақыдан ұсталады.

–Егер жұмыс беруші қызметкері үшін төлем аударуды тоқтатса, жұмыс беруші қандай да болсын жауапкершілікке тартыла ма?

–Әрине. Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы» Кодексінің 92-1-бабына сәйкес,  міндетті медициналық сақтандыру жарналарын уақытында аудармаған жұмыс берушілер, жеке кәсіпкерлер, жеке нотариустар, жеке сот орындаушылары, кәсіби медиаторларға ескерту жасалады. Егер бұл әрекет әкімшілік ескерту жасалғаннан кейін бір жыл ішінде қайталанатын болса, шағын кәсіпкерлік пен коммерциялық емес ұйымдардың субъектілеріне төленбеген төлемдер мен жарналардың жиырма пайызы, орта кәсіп иелеріне – отыз пайызы, ірі кәсіппен айналысатындарға елу пайызы көлемінде айыппұл салынады.

–Жұмыс беруші МӘМС жүйесіне аударған төлемдеріне бақылау жасай ала ма?

–Сұрау салса, Қор жұмыс берушіге қызметкерлерінің мәртебесі (сақтандырылған немесе сақтандырылмаған), сұрау салынған мерзімде аударылған қаржысы туралы толық мәлімет береді. Сонымен қатар жұмыс беруші Қордың қоғамдық кеңесінің мүшесі болса, онда әлеуметтік медициналық сақтандыру Қоры қызметінің ашық болуына  бақылау жасайды, кәсіби ассоциацияның мүшесі болса,  стандарттар мен тарифтерді талдап, бекітуге қатыса алады.

–Жұмыс беруші Еуразиялық экономикалық одақтың мүшесі, шетелдік азаматты жұмысқа алса, оған төлем аударуға тиіс пе?

–Еуразиялық экономикалық одақтың келісімшартына сәйкес, одаққа кіретін мемлекеттердің Қазақстанда уақытша және тұрақты тұратын азаматтары мен оралмандар үшін жұмыс беруші МӘМС жүйесіне төлем жасауға міндетті. Бұл санаттағы азаматтардың жаңа жүйенің қызметтерін пайдалану құқы мен жүйе алдындағы міндеттемелері  Қазақтан Республикасының азаматтарының құқықтары мен міндеттемелерімен пара-пар.

Сөз соңында айтарым, бүгін біз экономикамызда жұмыспен қамтылғандардың үлесі артып отырғанын байқаймыз. Отандық кәсіпорындарда  6,5 миллионнан астам жалдамалы жұмысшы бар. Ай сайын жұмыс берушілер Бірыңғай жинақтаушы зейнетақықорына 53млрд. теңге, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына өз қызметкерлері үшін 23 млрд. теңге аударып отыр. Бұдан басқа ӘМСҚ жарна аударудың біраз бөлігін –экономикалық белсенді емес азаматтар үшін төлем аударуды мемлекет өз мойнына алды. Осының барлығы енгізілгелі отырған міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің тұрақты жұмыс істеуінің алғы шарттары дер едім.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button