«Дидардың» қонағы

Зейнолла ТОҚАЕВ, ветеринария ғылымдарының докторы: – Марал шаруашылығының тарихы тереңде жатыр

Зейнолла ТОҚАЕВ, ветеринария ғылымдарының докторы:  – Марал шаруашылығының тарихы тереңде жатыр


Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, профессор Білім беру ісінің құрметті қызметкері Зейнолла Токаев 70-тен астам ғылыми еңбектің авторы. Ұзақ жылдар Семейдегі зооветинституттың ректоры қызметін атқарды. Бұл кісіні Семей қаласы бойынша сайлау комиссиясының төрағасы ретінде науқан барысында қауырт жұмыс сәтінен үнемі көреміз. Шәкерім университетінде ректордың кеңесшісі ретінде түлектерге аграрлық саладағы мамандықты таңдауға, сапалы жоғары білім алуға, ғылыммен айналысуға кеңес беруде. Білері мол, білікті маманмен еліміздің Шығыс өңірінде ғана ерекше өсірілетін Алтай маралы туралы ой қозғаған едік. Соны назарларыңызға ұсынамыз.

Пантасымен қатар, еті де бағалы

– Зейнолла Қалымбекұлы, марал шаруашылығына байланысты ғылыми жұмыспен айналысқандығыңыздан хабардармыз. Бүгінде осы бұғы өсіруге байланысты қандай ой-пікірлеріңіз бар?

-Бұғы өсірумен Шығыс Қазақстан облысы ұзақ жылдардан бері айналысып келеді. Етін, терісін пайдалану, панты дәрілерін жасау біздің өңірімізде дұрыс жолға қойылған. Себебі, одан алынатын емдік дәрілер өте көп. Шығыс Қазақстан облысы бойынша бес ауданда 18 марал шаруашылығы бар. Атап айтқанда, Катонқарағай, Зырян, Көкпекті, Ұлан және Зайсан аудандары. Республиканың барлық марал шаруашылығында жүргендер арнайы палатаға біріккен. Одақ төрағасы Нұрлан Тоқтаровтың басшылығымен марал шаруашылығын дамыту, тұқым басын асылдандыруды жолға қою, баға саясаты және экспорт мәселелерін кеңінен қарастырып отырады. Бәрін айт та, бірін айт демекші, Алтайдың бұғы шаруашылығының тарихына ерекше тоқталып өткім келеді. Алғаш рет қолға үйретілген маралдар мен бұғылар Ресейдің Приморье маңында және біздің Алтайда пайда болған. Далада еркін жүретін аңдарды 1792 жылы Оңтүстік батыс Алтайдағы Бұхтарма өзені тұсында, яғни, қазіргі Катонқарағай ауданының тұсында ағайынды Шарыповтар ұстап алып, үйреткен. Ал теңбіл бұғыны үйрету кейінірек қолға алынды. Приморьенің алғашқы елік ұстаушысы Семен Поносов, одан кейін М.Янковский 1870 жылы Приморьеге келіп, осы іспен айналысады. 1914 жылы оның шаруашылығында 2000 бас бұғы болады. Жалпы ауданы 2000 гектар жерде ол бұғы өсірумен айналысады. Бас кезінде маралдардың, яғни, бұғылардың тек еркегін ғана ұстап, оны тығыз, жабық қорада ұстағандықтан панты алу көрсеткіші төмен болады. Жыл бойы жабық жағдайда болғандықтан олар тебіндеп, жайыла да алмады. Сөйтіп, бұл жағдай дұрыс болмағандықтан, оларды жаздық жайылымға шығару керек болды.

– Бұғының мүйізінен алынатын дәрі-дәрмек үшін кесіп алғаннан гөрі мүйізін табиғи жағдайда өз еркімен тастап кетуін күту керек пе? Осы орайда Оралхан Бөкей ағамыздың да Кер бұғы жайында жазғандары ойымызға оралып отырғаны.

-Әрине, бұғы өз мүйізін өзі тастағаны абзал. Бірақ ол санаулы ғана болады. Десек те, қолдағы шаруашылықта мүйізін кескен соң, дәрісін жағып, таңып, байлап береді. Бұғы да соған көніп, үйреніседі. Дегенмен, ненің дұрыс, ненің бұрыс екендігін таразылау алдағы уақыт еншісінде деп ойлаймын. Табиғи жағдайда маралдар 12-14 жыл өмір сүрсе, адамзат бағуымен 25-30 жыл өмір сүреді. Пантылар ғана емес, бұғының еті де бағалы-диеталық болып саналады. Терісі де медицинада жоғары бағаланады. Панты дәрісі Қытайда, Кореяда, Жапония, Тайвань және басқа елдердегі Шығыс медицинасында ғасырлар бойы қолданылып келеді. Пантыдан жүйке, қан тамырлары ауруларын емдейтін дәрілер жасалынады. Косметикалық бағытта қолданылады. Иммунитетті көтереді. Қазақстан Үкіметі мен Ауыл шаруашылық министрлігі панты өнімінің Шығыс Қазақстан үшін ғана емес, еліміз үшін де маңызды екендігін біледі. Қазірде облысымызда ғылыми тәжірибе алаңы ұйымдастырылған, сол бойынша маралдың басы екі есе көбеюі мүмкін. Бұл шаруаға облыстық Кәсіпкерлер палатасынан және Шығыс Қазақстан ауыл шаруашылық ғылыми зерттеу институты 2 млн. теңге бөліп отыр. Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары Катонқарағайда марал совхозын тұңғыш рет ұйымдастырған еді. Он жылдан соң сол ауылға Приморьеден теңбіл бұғыларды жеткізді. Расымен де бұғы шаруашылығының біршама кетеуі кетіп отырғаны рас. Егер Кеңес үкіметі тұсында экспорт бағасын мемлекет бақылауға алып, пантылар әлемдік нарықта килограмы 1000-1500 долларға бағаланатын. 1990 жылдардан бастап оны сатып алу бағасы ішкі нарықта 100 долларға дейін төмендеді. Шығыс Қазақстанның панты өнімдерінің ең ірі тұтынушысы – Оңтүстік Корея. Импорттаумен тек бірнеше корейлік фирма ғана айналысады. Біздің Катонқарағай өңіріндегі шаруашылықтан ұзақ жылдар алып сатарлар ғана келіп, панты өнімдерін алып жүрді. Себебі марал, бұғы шаруашылығы да дағдарысты бастан өткерді. Ауылдағылар қойын алыпсатарға арзанға саудалай салған сонау 90-ыншы жылдардағы сияқты, марал өсірушілер де өнімдерін арзанға беруге мәжбүр болды. Сөйтіп, көптеген марал шаруашылығы жабылып, бұғы өсірушілер өз істерін доғарды. Екі жыл бұрын Шығыс өңірінің барлық марал өсірушілері бірігіп, қауымдастық құрды. Өздерінің бағаларын және нарық талаптарын қадағалап, мониторинг жүргізетін болды. Осы істің басы-қасында жүрген азаматтар жұмысты біршама еңсеріп жатыр.

– Әлемде бұғы өсіретін басқа да елдер бар ма? Олармен тәжірибе бөлісу жолға қойылған ба?

– Әлемде ең ірі марал шаруашылығы – Жаңа Зеландияда. Онда бір миллиондай бұғы басы бар. Олар тұрғылықты жерде қолда бағылады. Ал Шығыс Қазақстанның бұғылары жабайы табиғат аясында өсіп жатыр. Жаңа Зеландияда жылдық айналым 300 тонна мүйіз болса, Қазақстанда 15 тоннадай ғана. Қазір көтерме саудамен айналысушылар оның бағасына қарайды, маңызына емес. Жаңа Зеландияда бір мүйіздің салмағы 15 килограмға жетсе, Шығыс Қазақстанда небәрі 5-6 килограмм. Марал шаруашылығын сондықтан да әлі де болса дамыту керек. Техникасын жаңартып, ғимараттарын жөндеп, қажетті жемдерін, азықтарын тауып берген жөн. Өңірдің марал өсірушілері бір-бірінен жырақта қалып отыр. Олардың да басын қосып, өзара тәжірибе алмасуларына ықпал ету қажет. Шығыс Қазақстан ғылыми зерттеу институты Қытай елінің мысалымен марал басын көбейтуді донор арқылы да жолға қойған дұрыс деп отыр. Сол үшін Шығыс Қазақстан облысына әлемдегі ең үздік маралшы Чжан Шао Минді шақырды. 2016 жылдан бастап қолға алынған бұл шаруаның нәтижесі екі-үш жылдан кейін шығады деп күтілуде. Облыстық кәсіпкерлік палатасының көмегімен Чжан Шао Мин жергілікті бұғы өсірушілерге дәріс те оқыды. Мәселен, жас туған бұзау мен енесіне қандай күтім жасалу керек? Денсаулығын қалай күту керек? Осы және тағы басқа мәселелердің бәрі талқыланды.

Зейнолла ТОҚАЕВ, ветеринария ғылымдарының докторы:  – Марал шаруашылығының тарихы тереңде жатыр

Ең ғажабы – Солтүстік бұғысы

– Катонқарағай ауданы маралымен ғана емес, туризмімен де танымал өңір емес пе?

-Әрине. Облыс әкімдігінің бастамасымен халқымыздың саламаттылығы, сауықтыру туризмі де жолға қойылып отыр. Катонқарағай ауданында панты емханасының желілері бар. Ақсу ауылының «Аксу-Дэен» зауытында құрамында бал, емдік шөптер, пантысы бар 32 дәрі-дәрмек сертификатталып, сатылымға шығарылуда. Бұл өңірдің шөбі де керемет. Өзіміз әңгімелеп отырған бұғылар жабайы жануарлардың үлкен тобы. Бұғылардың саусақтарының ортаңғы бөлігіндегі тұяғы қасыққа ұқсас болып келеді. Сол арқылы шөптерді, саңырауқұлақтарды, қар астынан мүктерді де алып жейді. Сұр тышқандарды аулайды. Тұзға айрықша құмар ол теңіз суларын ішкенді жақсы көреді.

– Ертегідегідей ең ғажап бұғы деп қай түрін атар едіңіз?

-Ең ғажабы – солтүстік бұғысы. Олар қатал табиғат жағдайларына тамаша бейімделген. Мәселен, қыста қалың жауған қарға батпай жүру деген қиын-ақ, ал солтүстік бұғылары батпай жүреді. Себебі, олардың жалпақ аша тұяғы қарда, батпақта, сазда еркін қозғалуына мүмкіндік береді. Сондай-ақ, солтүстік бұғыларының жүні керемет. Қылшық жүндерінің жуан өзекшелері ауаға толы болады. Ал ауа дене жылуын жақсы сақтайды. Сондықтан ондай жүндер күшті боран кезінде де бұғыны аяздан сақтайды. Солтүстік бұғыларының жүні суда сал қызметін атқаратындығы тағы бар. Осылайша олар терең суға жүзе білуге жақсы бейімделген, өйткені, жүндерінің іші кеуек. Солтүстік бұғылары әрқашан топталып, кейде бірнеше мың бас үлкен табын құрап жүріп, өріс ауыстырады. Осы кезде олар жол бойы қарлы боранға жиі тап болады. Мұндай жағдайда барлығы тығыз топталып, иіріліп тұрады. Бұғы мен ит Солтүстікте соңғы кезге дейін басты қатынас көлігі болып келді. Адамы бар жеңіл шанаға жегілген қос бұғы 100 келі жүк тартып, сағатына 10 км жылдамдықпен жүгіре алады екен. Ал ең үлкен иірлі мүйізді бұғы – Ирландия бұғысы. Еуразияның Солтүстік аймақтарында тіршілік еткен. Бірақ жойылып кетті. Үлкен мүйізді бұғының қаңқа қалдықтары Ирландияның шымтезекті жерлерінен табылғандығы рас. Дене бітімі ірі, биіктігі 2 метрдей, мүйізі үлкен. Екі мүйізінің арасы үш метрден артық болған. Бас қаңқасының, тісінің және аяғының құрылысына қарағанда, ылғалы мол, шабындықты жерлерді мекендеген екен. Үлкен мүйізді бұғы мамонттармен бірге тіршілік еткен жануарлар тобына жатады. Оқырмандарға түсінікті болу үшін тарата кетсем, «бұғы» деп аталығын, «марал» деп аналығын, ал «қодыға» деп төлін атайды. Сондай-ақ, еліктің аталығы «күлміз», аналығы «сөге», төлі «еңлік» деп аталады. Тоқсан ауыз сөзіміздің тобықтай түйінін айтсақ, бұғының адам баласына берер емдік пайдасы зор. Бірақ бұл жануар азайып бара жатқандықтан Қызыл кітапқа енген. Қожалықтар қыс айларында бұғыны малға беретін азықпен асырауға мәжбүр болып отырғанын білемін. Бұғыға бұл қорек келмейді. Маман да тапшы, әрине, осының бәрінің орнын толтыру алдағы күннің еншісінде.

– Әңгімеңізге рахмет.

Зейнолла ТОҚАЕВ, ветеринария ғылымдарының докторы:  – Марал шаруашылығының тарихы тереңде жатыр

Сұхбаттасқан – Раушан Нұғманбекова
Семей.

Осы айдарда

Back to top button