РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ

Зейнолла Сәнік атындағы қор әдеби кеш өткізді

Аудан орталығында жазушы, ғалым Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қорының ұйымдастыруымен қаламгер Ақберен Елгезектің шығармашылық кеші өтті.

Зейнолла Сәнік – Қабанбай батырды және басқа да өрелі де өзекті біраз тақырыпты зерттеуші, осы ұлы тұлғаның ұрпағы. Биыл аудан орталығындағы орталық көшелердің біріне оның аты берілген. Қытайда ұзақ жыл тұрып, кейін Қазақстанға қоныс аударған ғалымның еңбектері 15 том болып жарық көрген. Оның зерделі де танымдық еңбектері бойынша он адам ғылыми жұмыспен айналысып, диссертация қорғапты.

Жазушының көп жылғы ізденісінен «Хан батыр Қабанбай», «Тұғырыл хан», «Демежан батыр», «Сүлеймен би» және басқа да шығармалары өмірге келген. Оның қаламы арқылы сырттағы алаш жұртына аңызбен жеткен тарихи тұлғалар әдеби шығарма болып өрілді. Зейнолла Сәніктің 2005 жылы Қазақстанда жарық көрген аталмыш шығармаларын сонау Алтайдағы ағайын жұрты да, елдегі оқырмандар да жарыса оқыды. Қытай қазақтарының ғасырлық өмірінен дерек беретін осы әдеби шығармалардың Қазақстанда жарық көруі осындағы оқырманға үлкен сый болды.

Ол Қытай жазушылар одағының, фольклоршылар, баспагерлер, аудармашылар қоғамдарының, Шыңжаң өлкелік әдеби-ғылыми қоғамдарының мүшесі бола жүріп, зерттеу еңбектерін сол елдің  оқырманына таныстырды. Қаламгердің екі бірдей еңбегіне мемлекеттік сыйлық берілген.

– Зейнолла Мүбарәкұлы Сәнік атындағы мәдени қордың құрылғанына біраз жыл болды. Негізгі мақсатымыз – елдің әр түкпіріндегі қай салада болмасын ойы озық, алғыр, дарынды жастарды тауып, өсіп-жетілуіне мүмкіндігінше қолдау көрсету. Былтыр Орал қаласында әдебиетке ыңғайы бар жастар арасында «Жыр ғибрат» байқауын ұйымдастырып,  өлең-әңгімелерін республикалық газеттерге шығаруға көмектестік, оларға шәкіртақы тағайындадық. Мұндай іс-шараны бірнеше рет Семей мен Таразда өткіздік. Үржар ауданы, Қабанбай ауылының көпшілік тұрғыны – атақты батырдың ұрпақтары. Осы барғанымызда сол ауылдың мектебінде «Қазақ әдебиеті» сыныбын ашып, әдебиетке талабы бар жеті баланы шәкіртақымен қамтыдық. Сыныпты заманауи құрал-жабдықтармен жарақтадық, – дейді қордың атқарушы директоры, ақын Серік Қалиев.

Мәдениет қорының мұрындық болуымен өткен ақын әрі Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары Ақберен Елгезектің шығармашылық кешінде де үш балаға 50 мың теңгеден шәкіртақы берілді.

Аудан әкімінің орынбасары Біржан Тұрлыбековтің құттықтау сөзімен ашылған мазмұн-мағынасы мол әдеби іс-шара көрерменге әсерлі ой салып, олардың ыстық лебізіне ие болды. Мектеп оқушылары, аудандық Мәдениет үйінің көркемөнерпаздары Ақберен Елгезектің өлеңдеріне жазылған әндерді орындап, өлеңдерін оқыды. Ақынның «Болмаған балалық шақ» кітабы таныстырылды.

Іс-шараны ұйымдастыруға аудандық орталық кітапхананың меңгерушісі Райгүл Базарбаева мен қызметкері Гүлсімхан Қожағұлова да атсалысып, ақын шығармаларының көрмесін ұсынды.

Кеште Дәулеткерей Кәпұлының жаңадан жарық көрген 45 кітабы мен Ақберен Елгезектің 50 кітабы кітапханаға табыс етілді.

Бейсенғазы Ұлықбек

 Үржар ауданы

Осы айдарда

Back to top button