Тарих

Зейнолла мазарын қайта жаңғыртатын уақыт жетті

Зейнолла мазарын қайта жаңғыртатын уақыт жетті


Зайсан ауданындағы Шілікті ауылдық округінің әр тасында тарих тұнып жатыр. Айнала тау қоршап жатқан Шілікті жазығына ат басын тіреген адам мұндағы тарихи ескерткіштерге, мазарларға соқпай, құран бағыштамай кетпейді. Еліміз бойынша үшінші болып табылған алтын адам киелі өңірдің атақ-даңқын елімізге, тіпті шетелге одан әрі асырғанын білеміз.

Алайда бүгінгі таңда осынау құндылықтарымызды лайықты бағалай алып жүрміз бе? Осы сауал кейінгі уақытта бізді жиі мазалайды. Мәселен, соңғы екі жылдың көлемінде журналистік іссапар, оқырмандармен кездесу аясында аталған Шілікті ауылдық округінде бірнеше мәрте болдық. Сонда байқағанымыз, округтегі тарихи ескерткіштер, белгілі адамдардың көне мазарлары жас буынға, аймаққа келуші туристерге жеткілікті түрде насихатталмай жатқандай әсер қалдырады. Насихатталғаны өз алдына, ал сол ескерткіштерді күтіп ұстау да бүгінгі күнде өзекті мәселенің біріне айналып отыр.

Бүгін осы мақаламызда округтегі Жалши ауылының шетінде орналасқан, заманында елі мен жеріне қорған болған белгілі тұлға – Зейнолла Бұтабайұлының мазарына кеңірек тоқталуды жөн санап отырмыз. Күйдірілген қызыл кірпіштен арнайы архитектуралық сәулетпен өрілген мазарды Зейнолла болыс өмірден өткен соң, 1925 жылы белгілі зайсандық халық сәулетшісі Баязит Сәтбайұлы тұрғызған. Сәулетшінің Зайсандағы жекеменшік цехында дайындалған кірпіштерді мұндағы жұрт қапқа салып, атпен, түйемен кезектесіп тасып жеткізген. Кірпішті жеткізуге болыстың шапағаты тиген әр отбасы мүмкіндігінше қолғабыс берген екен. Осынау алыстан көзге түсетін болыс мазарын тұрғызған сәулетшінің еңбегі мың қойға бағаланған деген деректер бар.

Отаршылдарды бір түнде жер аударып, бастықтың түсіне кірген

Зейнолла Бұтабайұлы 1865 жылы Қойшыбұлақ деген жерде дүниеге келіп, 1924 жылы 59 жасында Сарытұмсыққа барып, қайтып келе жатқанында ауырып, кенеттен қайтыс болған. Осындағы Жұмық еліне бірнеше мәрте болыс болып сайланған. Әкесі Бұтабай да өз заманындағы үлкен тұлға, болыс болған, елінің сөзін ұстаған, халқына қорған болған, атақ-даңқы аспандаған белгілі адам болған. Аға сұлтан Құнанбайдың өзі Бұтабаймен санасқанын, сыйласып өткенін жергілікті көнекөздер әлі де айтады. Өзінен соң ұлы Зейнолланы да ел басқаруға, ата-баба жеріне ие болуға баулып тәрбиелеген.
Ел аузында бүгінге дейін жеткен, Зейнолланың қайраткерлігі туралы деректер көп. Соның бірі – Шілікті өңіріне Ресейдің губернияларынан келіп қоныстанғандарды бір түнде жер аударғаны. 1905-1910 жылдар аралығында Зайсан уезінің құзырындағы Маңырақ, Шілікті болыстарының қарауындағы жерлерге Шілікті өңірінде баюды мақсат еткен А.И.Сорокин деген орыс көпесі малайларымен көшіп келіп, қоныстанады. Сарытұмсыққа тоқтаған көпес аз уақытта бақша егіп байып, малы көбейген ол енді айылын жимастан жергілікті халықтың жайылымдық, шабындық, жайлаулық жерін қыса бастайды. Оның қысымына шыдамаған жұрт жиылып Зейноллаға келеді. Болыс алты Жұмық, бес Сатының балаларын қосып, ақылдасып, көпесті күштеп кетіруге шешім жасайды. Сөйтіп, бір түнде ауыл азаматтары жиылып өздерін қамап, күзет қойып, мал-мүлкі мен астығын халыққа таратып берген. Құрылыстарының орнына үйірімен жылқы, отарымен қой иіріп, түк болмағандай тып-типыл еткен. Ал адамдарына еш зәбір көрсетпеген. Кейін босанып шыққан Сорокин Зайсандағы отрядқа барып шағымданады. Олар Зейнолла болысты алдырып, сегіз ай түрмеге қамап, мұның бәрі өз қамы үшін істемегенін анықтаған соң босатады. Білген адамға сол кездегі патша үкіметінің отарлау саясатына ашық қарсы шығу, басын бәйгеге тігумен бірдей еді.

Зейнолла Бұтабайұлы Алаш қайраткерлерімен жиі байланыста болып, оның көсемі Әлихан Бөкейхановқа елге, жерге қатысты хат жазып, одан оң шешімді жауаптар алып отырғаны да оның халық қамын ертеден ойлаған адам екенін көрсетеді.

Зейнолла кейін Кеңес үкіметі орнаған тұста да заманның беталысын ерте болжап, елін, жерін қырғыннан аман сақтап қалу үшін, жаңа өзгерістерге оң көзқараста болып, алыстан ат арытып жеткен қызылдарға көлік, киім-кешек, тамақ жағынан көмек берген. Заманына сай орыспен де, қытаймен де достық қарым-қатынаста болған. Болыстың бұл ісі елге аңыз болып тарап, жалпақ жұрт ризашылығын білдірген. Елі оны құрметтегені соншалық, атын атамай Жәже деп атаған. Тіпті ол дүниеден өткен соң, екі үйінде де жылдық асына дейін тоқтаусыз жоқтау айтылған. Жоқтау жырдың мәтіні көнекөздер арқылы бүгінге дейін сақталған. Оның тегін адам болмағанын мына бір оқиғадан да байқауға болады.

Ертеде «қызыл зираттың» басында темірден соғылған ай болған деседі. 1930 жылы «Шілікті» совхозы алғаш орнай қалған кезде Сәлім деген бастық болыпты. Сол кісі қолы жетпеген соң айды атып түсіріп, мазар кірпішін совхозға қора салуға алмақ болады. Айды атқан күні түнде Сәлімнің түсіне Зейнолла ақсақал кіріп, бастықты жағасынан алып, «Сенің менде нең бар? Мен басқан жерді сен баспа, мен жүрген жермен сен жүрме» деп қылқындырады. Бұдан шошынған Сәлім бастық айналасы екі күннің ішінде Семей жаққа көшіп кетіпті.

Табиғаты тамаша өңірде туризм тұралап тұр

Ал енді осындай тұлға Зейнолла Бұтабайұлының мазарын лайықты қалпында күтіп ұстау, алыстан келгендер зиярат ететін көрнекті орынға айналдыру бүгінгі біздер үшін үлкен сын болмақ. Зайсан аудандық мұражайында қызмет істейтін өлкетанушы Фемистокл Жүнісов ағамыз Зейнолла мазарын жинағанда Баязит сәулетші бар өнері мен талантын салып, сәулет өнерінің бірнеше елге тән мәдениетін бір нысанда тоғыстырғанын айтады. Оны мазарды көрген адам бірден байқай алады.

Зерттеушілердің айтуынша, қазіргі кезде Шығыс Қазақстанда қаптама ретінде күйдірілген кірпіш қолданылған екі кесененің бірі де осы Зейнолла мазары. Баязит өмірінің соңғы жылдарын арғы бетте – Қытайдың қазіргі Шыңжаң аймағында өткізген, демек қазақ даласындағы ең соңғы туындысы да – біз сөз етіп отырған Зейнолла Бұтабайұлы кесенесі.

Енді алты жылдан соң тарихи ескерткіштің соғылғанына тура бір ғасыр толмақ. Сол уақыт ішінде бірнеше мәрте жөндеуден өтті. Ең алғаш рет 1991 жылы жөнделді. Тозып тұрған мазарды жөндеуге осы ауылдың келіні, бұрынғы «Коммунизм туы», қазіргі «Дидардың» Жалши ауылындағы қазіргі күнге дейінгі қоғамдық тілшісі Рахима Хамзинаның 1989 жылы 18 мамырында «Коммунизм туы» газетінде жарық көрген «Ескерткіш неге ескерусіз» деген сын мақаласы басты себеп болды. Осы мақаладағы көптеген деректер де Рахима Хамзинадан алынғанын атап өткен орынды. Әр уақыттарда қоғамдық тілшілер Мәрзия Сүлейменова, Қадиша Жетпісова, Шолпан Зағибаева ескерткішті күтіп ұстау, жөндеу мәселесін облыстық газетте оқтын-оқтын көтеріп отырды.

Соңғы рет 2012 жылы республикалық «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында 2011-2012 жылдары қаражат бөлініп, Алматы қаласындағы «Қазреставрация» мекемесі қайта жөндеуден өткізді. Соған орай бүгінгі таңда Семей жақта, Абай ауданында тұратын Бұрынбеттен тараған баба ұрпақтары Шіліктіге жиылып, ас беріп, басына ескерткіш тақта тас орнатты. Дегенмен содан бері де біраз уақыт өтті.

Бүгінгі таңда ауыл шетінде мен мұндалап тұрған қызыл мазардың айналасын шөп пен шиден тазалау жұмыстарын жүргізу, ауылдағы есімі берілген көшесін күтіп ұстау, малдың саябаққа, мазарға кіріп кетуіне бақылау жасау қажет. Сонымен бірге тек мазардың өзін ғана емес, айналасындағы зиратты да толық қоршау қажет. Аудан, облыс көлемінде кейінгі жас буынға қазіргі «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында Зейнолла Бұтабайұлының қайраткерлік тұлғасын насихаттау жұмыстарын қолға алу керек-ақ.

Осының бәрін неліктен, қайталап тағы да айтып отырмыз? Себебі Шіліктінің аудан орталығымен жалғап жатқан 65 шақырымдық жолы жөнделсе, табиғат сыйлаған суы мен газы тартылып, Алтын адам табылған «Бәйге төбеде» ашық аспан астындағы мұражай ашылса, ауылдағы Зейнолла атындағы саябақ тиісті деңгейде күтімге алынса, шекарадағы мектептер баласы толып, қайтадан ашылып жатса, Зейнолла Бұтабайұлы, Қоңыр Мәжитұлы секілді ел басқарған белгілі адамдары жатқан мазарлар ел зиярат ететін көпшілік орындарға айналса, мыңдаған жыл бұрын алтынмен апталған сақ бабаларымыздың мекені қайтадан түлеп, рухани жаңғырар еді, Тарбағатайдың Ақсуатындағы Ырғызбай баба кесенесі сияқты адам аяғы үзілмейтін туристік аймаққа айналар еді. Табиғаты тамаша өңірде туризмнің тұралап тұрғаны өкінтеді.

Сондықтан шекарадағы Шіліктінің Жалши ауылында тұрған, 2025 жылы салынғанына тура 100 жыл толатын, жалшиліктер «қызыл мазар» атайтын Жәжеңнің кесенесін заман талабына сай жаңғыртатын уақыт әбден жеткен сияқты. Мұның бәрі алдағы күннің еншісіне артылған үміт. Ал оның орындалуы аудандағы жергілікті атқарушы билікке тікелей байланысты болмақ.

Дәурен Аллабергенұлы

Зайсан ауданы.

Осы айдарда

Back to top button