Экономика

Зеңгі баба түлігі табыс көзі болып тұр

Зеңгі баба түлігі табыс көзі болып тұр

Табиғи сүттен гөрі ұнтақ сүтті езіп, құтыға құйып, халыққа сату технологиясын сәнге айналдырып алған сүт зауыттарымыздың көпшілігі қазір толық қуатында жұмыс істемей тұр. Оның себебі – шикізаттың жетіспеушілігінде. Ал облысымызға Кедендік одақ елдерін былай қойып, Аргентина мен Голландиядан импортталып жатқан сүт өнімдерінің санында шек жоқ.
Өскеменнен 30 шақырымдай жердегі иен тұрған мал фермасын сатып алып, шағын шаруашылықтарын ашып отырған Түменбаевтар отбасының сүтті бағыттағы 15 сауынды сиыры енді осы мәселенің шешілуіне септесіп, бар зауыттың болмаса да бір зауыттың кілегей, қатығына жарарлықтай сүт беріп, ағарғанның қатарын толтыратын болды.
Ғалия мен Айназар Түменбаевтар бұрын «бәленше деген шаруа қожалығын құрыпты, мал шаруашылығымен айналысып жатыр» деген әңгімелерді естігенде, көп ұзамай өздерінің де солардың бірі болатыны туралы әсте ойлаған жоқ. Зейнеткерлікке шыққан отағасы осылайша, аяқ астынан сауынды сиыр ұстауға бел буып, енді олар ауыл фермерлері атанып отыр.
«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ үйлестіруімен қаржыландырылып отырған «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша берілген үш миллион теңге несиеге олар өткен жылдың тамызында сүтті бағыттағы 15 бас симменталь тұқымды сиырларын сатып алған.
Зейнеткерлік жасқа дейін ішкі істер органында жұмыс істеген Айназар аға мал бағудың қыр-сырын бала кезінен жақсы біледі. Марқакөлдің ең шалғай ауылдарының бірінде туып-өскен оған сүтті бағыттағы ірі қараны таңдап, сатып алу, алқам-салқамы шыққан қора-жайды жөндеп, қысқа әзірлеу, шөп шауып, даярлау оңай болмаса да, қиынға түскен жоқ. Мал қыстан қоңды шығыпты. Қораның жанында мая-мая болып үйіліп жатқан шөмелелер – ірі қараның мал азығы артығымен жеткенін көрсетіп тұр. Шаруашылықтың 500 га жайылымдық , 70 га шабындық жері бар.
Ұлан ауданының Қасқақ деп аталатын бұл мал фермасында электр энергиясы, ауызсу да бар. Сиырлар арнайы сүт сауу құралдарымен сауылады.
Түменбаевтардың шағын шаруашылығы Александр мен Нина Шрайнерлерге тұрақты жұмыс тауып беріп отыр. Неміс отбасының бес баласы қаладағы мектеп-интернатта білім алып жатыр.
-Александр Семейдің Аягөз ауданы жақтан. Қазақшаға судай. Сиырларды әйелі Нина сауады. Балаларын жексенбі күні қалаға мектеп-интернатқа апарып тастап, сенбі күні осында, үйлеріне алып келемін, -деп өздерінің көмекшілері туралы сөз қозғаған Айназар аға Шрайнерлердің еңбекқорлығын, көрші ауылдағы тракторымен шөп шабуға көмектесіп, қол ұшын берген ауылдастарының адамгершіліктерін, ақ ниеттерін ақтарыла айтып, әңгімелеп берді бізге.
Айназар мен Ғалия Түменбаевтар алдағы уақытта 15 бас сауынды сиырдың санын екі-үш еселеп, шағын қожалықты шағын сүт фермасына айналдыруды жоспарлап отыр. Болашақта мал базасын, қора-жайды кеңейтіп, техника түрлерін сатып алуды ойластыруда.
Түменбаевтардың ұл-қызы Айбек пен Айсұлу жұмыс істеп, білім алып жатқан жерлерінде өздерінің осындай еңбекқор отбасынан шыққан, тәрбиелі жастар екенін көрсетіп жүр. Айбек – Алматыда байланыс қызметкері, Айсұлу – Семейдегі медициналық университеттің студенті. «Нартәуекел» деп мал шаруашылығымен шұғылдануға кірісіп кеткен жерлестеріміздің Зеңгі баба түлігін табысқа айналдырып отырған тірлігін көріп, біз марқайып қайттық.

Жанаргүл Көкенай

Осы айдарда

Back to top button