РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ

Зайсанның жаңа энциклопедиясы деуге лайықты

Қазақстан Жазушылар, Журналистер одақтарының мүшесі, Зайсан ауданының Құрметті азаматы, абайтанушы, есімі Қазақстанның КИнЭС рекордтар кітабына енген белгілі сөзжұмбақшы Қалибек Алтыбаевтың екі бөлімнен тұратын кезекті кітабы «Бабадан қалған байтағым» деп аталады. Осыған дейінгі саналы ғұмырында жиырмадан астам кітап жазған өлкетанушы қаламгердің есімі Шығысты қойып, жалпақ елімізге жақсы таныс десек еш қателеспейміз. Автордың өзі «Жаңа еңбегімді тағдырдың сирек сыйы, Отанымыз – Тәуелсіз Қазақстанның бағы жанып, абыройы асқақтаған 30 жылдық мерейтойына арнадым» деп ағынан жарылады.

Алғашқы бетін ашқаннан-ақ  Шығыстың алтын қақпасы атанған қасиетті Зайсан топырағының тереңде жатқан тарихына жетелей жөнелетін құнды жинақ құйрықты жұлдыздай жарқ етіп ағып түскен, талантты ақын, театр саңлағы Рүстем Есдәулеттің әйгілі «Нұр Зайсан» өлеңімен оқырманды өзіне шақырады.

Ал тарихшы ағасының қалың да мазмұнды кітабына алғы сөз арнаған айтыстың ақтаңгері, республикалық айтыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы Зайсан ауданының Құрметті азаматы, еліміздің мәдениет қайраткері Серік Құсанбаев қос кітапты бастан-аяқ парақтап шығып, дұрыс бағалап, сәтті сараптағаны бірден аңғарылады.

– Зайсан ауданының дуалы ауыз ақсақалдарының бірегейі Қалибек Алтыбаевтың «Бабадан қалған байтағым» атты тарихи-танымдық дерекнамасын оқығанда Зайсан өлкесінің қилы-қилы кезеңдері көз алдыңнан тізбектеліп, елдік пен ерлікке толы терең ойларға жетелейді. Еліміз егемендігін алғаннан бері отыз жылда бұрын жазуға да, айтуға да болмай келген төл тарихымыздың қалтарыста қалып келген ақтаңдақтарының орнын толтыруға бетбұрыстар жасалды. Беделді ғылыми-зерттеу орталықтары Қазақстанның тарихын  жүйелеп, нақтылап жазумен шұғылдануда. Ел тарихын жазу – айтуға ғана оңай. Осы тұрғыдан алғанда кітап авторының бұл еңбекке терең дайындықпен келгені байқалады. Олай дейтініміз, Зайсан өңіріне қатысты мәліметтерді бала жастан қой баға жүріп, аттары аңызға айналған қариялардың әңгімелерін зердесіне тоқи білген құймақұлақ ақсақалымыз Қалибек Қизатұлынан артық білетін адам некен-саяқ болар, – деп жазады Серік Құсанбаев.

Оқырманның есіне сала кетер бір жайт, санамалап отырсақ, бүгінгі күнге дейін Зайсанның елі мен жері,  тарихы турасында әр жылдары қазақ, орыс тілдерінде 20-дан астам кітап жазылған екен. Олардың арасында біз жазып отырған авторды қоса алғанда, зайсандық қаламгерлер – Бекен Жапаровтың, Майра Байкөбекованың, Ғалым Байбатыровтың,  Уаһап Қыдырханұлының, Мағазбек Тоқтаубаевтың және басқалардың туған жер тарихына арнаған құнды еңбектерін ерекше атап кеткен жөн. Сол шығармалардың заңды жалғасындай болған бұл кітапта автор бұрындары қандай да бір себептермен ашық айтылмай келген деректер мен оқиғаларды мүмкіндігінше беруге тырысқаны байқалады.

Алғы сөз иесі атап көрсеткендей, бұл кітапта аудан бойынша қамтылмаған сала жоқ деуге болады. Тарихтағы Керей мен Жәнібек құрған қазақ хандығынан басталып, кешегі Желтоқсан оқиғасына дейінгі, Тәуелсіздік алғаннан кейінгі оқиғалар көз алдыңнан киноның лентасындай тізбектеліп өтеді.  Мұның өзі бүгінгі оқырман ғана емес, келер ұрпақ үшін де аса маңызды әрі құнды еңбек. Кітапта келер күннің зерттеушілері, өткенді білмекке құштар ұрпақ үшін де таптырмайтын аса құнды дерек көздері бар. Бір сөзбен айтқанда, «Бабадан қалған байтағымды» Зайсан ауданының соны деректемелермен толықтырылып, жаңартылған жаңа энциклопедиясы деп те атауға толық негіз бар.

Ал автордың өзі бұл еңбегін туған жеріне, оның тарихына перзенттік көзбен шолу жасау деп түсіндіреді.

– Мен де көп ізденіп, өлке тарихын шарлап, бабалардан қалып бізге жеткен ойлы сөздерді қармап, ардақтылардың есімдерін ұлықтап, келер ұрпақтың кәдесіне жарайтындай еңбек қалдырсам деген мақсатпен осы туындыны жарыққа шығардым, оқырман жылы қабылдағанына қарап, еңбегім еш кетпегенін түсіндім, – дейді Қалибек Алтыбаев.

Ендеше, ел тарихын зерттеп, қағазға түсіруге өзіндік үлес қосқан көлемді еңбектің оқырманы да көп болады деген нақты сенімдеміз.

Дәурен Аллабергенұлы

Суреттерін түсірген – Тілеубек Шаяхмет;

 

Осы айдарда

Back to top button