«Дидардың» қонағы

Зайсанның Пелесі

Зайсанның Пелесі


Өзі туып-өскен ауданының футболын, футболын ғана емес, спортын биік белеске көтерген, әлі де осы салада тынбай тер төгіп келе жатқан Секен Бодаевқа жерлестері осындай ат беріпті. Бұл атты нақты қашан алғаны кейіпкеріміздің есінде жоқ. Сірә, құйындай құйғытып, тастақ жердің опыр-топырын шығарып, көз ілеспес жылдамдығымен талайды тамсандырған бозбала шағында берілсе керек.

«ШАХТЕРДІҢ» ЖАРТЫЛАЙ ҚОРҒАУШЫСЫ

Тастақ жер демекші, аяқдоп шеберінің футболдағы алғашқы қадамы дәл осы тастақ стадионнан басталыпты.

– Төртінші сыныптағы кезім. «Жұлдыз» деген кинотеатрдың артында тастақ стадион болатын. Балалармен сол жаққа барып қалыппын. Үлкен кісілер доп ойнап жатыр екен. Неге екенін өзім де білмеймін, сол сәттен бастап футболға деген қызығушылығым оянды. Сол жылы сыныбымызға жаңадан бір оқушы ауысып келді. Өзінің спорт мектебіне баратынын, футболға қатысатынын мақтана айтып жүрді. Бір күні мені сонда шақырды. Бардым. Аяғымда керзі етік. Үстімде ағамның костюмі. Қалтамда шекілдеуік, ойынға кіріп кеттім. Жүгіріп жүрмін, бір құлағанда шекілдеуігім сау ете қалды. Сол кезде Шорман Мазақов деген алғашқы бапкерім, кейін бірге қызмет еткен ұстазым жаныма келіп: «Сен қайдан келдің? Неғып жүрсің?» деді. Ойынымды сырттан бақылап тұрыпты. Сөйтіп, футбол деген сиқырлы әлемге еніп кеткенім бар, – деп әңгімесін әріден бастады футболшы ағамыз.

Спорт мектебіне жазылғаннан кейін өз құралпыластарымен бірге аудандық жарыстарға қатысады. Сегізінші сыныптан бастап ауданның құрама командасына алынып, бір жылдан кейін облыс құрамасында ойнайды. Оныншы сыныпты бітіргеннен кейін Калининградқа әскер қатарына шақырылады. Әскерде жүргенде де футболдан қол үзбейді. Дивизияның құрама командасының сапына алынып, округ, Балтық жағалауы біріншіліктеріне қатысып, жүлделі орындардан көрінеді. Бірде өзі әскери борышын өтеп жүрген дивизия Калининград қаласындағы «Балтика» деген футбол командасымен ойнап, 3:1 есебімен жеңіліс табады. Жеңіліп қалса да, жалғыз гол соққан қазақ баласының ойын өрнегіне қарсыластары қызығушылық танытып, өз командаларына шақырады. Бұл команда сапында біраз уақыт жартылай қорғаушы болған Секен Бодаев «қал» деп өтініш жасағандарына қарамастан елге қайтуды жөн көреді. Елге келгеннен кейін Қарағандыда оқып жүрген кезінде жақсы ойыншы ретінде көзге түсіп, сондағы әйгілі «Шахтер» командасына шақыру алып, екі жарым жылдан астам уақыт жартылай қорғаушы ретінде өнер көрсетеді. Алайда, жиі-жиі жарақаттанып, көп ойынға қатыса алмайды. Туған жерге оралып, бір жарым жылдай аяғын емдеткеннен соң бапкерлікке біржолата бет бұрады.

ҚОЛДА БАРДА, АЛТЫННЫҢ ҚАДІРІ ЖОҚ

1981 жылдан бастап Зайсанның балаларын жаттықтыруды қолға алады. Ең әуелі 1970 жылы туған балаларды іріктеп алып, аяқ доптың қыр-сырын үйретеді. Нәтиже де көп күттірмейді. Үш шәкірті Алматыдағы сол кездегі жалғыз республикалық спорт интернатына шақырылады. Айдар Мырамытов деген шәкірті Қазақстан құрамасында ойнайды. Болат Бопаев пен Жанболат Қалетаев деген оқушылары да тамаша ойын өрнегін көрсетеді. 1972 жылы туған шәкірттері де өңірде қарсылас шақ келтірмей, бірнеше дүркін облыс чемпионы болады. Арыстанбек, Дархан деген шәкірттері «Восток» командасының сапына шақыру алады.

– Арыстанбек Әкімтаев бес жылдай «Востокта» ойнады. Кейіннен футболды тастап кетті. Бойы кішкентай болғанымен, қимылы ширақ, сұмдық жүгіретін. Жалпы, сол кездері біз Өскеменде өтетін жарыстарға жиі қатысатынбыз. Новосібірден келе ме, Қарағандыдан келе ме, қарсыластың мықтылығына қарамай, еш қаймықпай ойнай беретінбіз. Осылайша тәжірибе жинап, шеберлігімізді шыңдайтынбыз, – деп еске алады сол шақтарды білікті бапкер.

Әрине, барлығы тақтайдай тегіс болған жоқ. Тәуелсіздіктің елең-алаң шағындағы қиындықтар Зайсандағы спорт мектебін де айналып өтпеді. Мектептің бір жылға жуық уақыт жұмысын тоқтатқан кезі де болды. Алайда, футбол, еркін күрес пен волейбол бөлімдерінің жаттықтырушылары сол шақтағы мектеп басшысы Галим Мұқатаевпен бірге сын сағатта сыр білдірмей, мектепті сақтап қалу үшін бір тиын да жалақы алмай, бір жыл тегін жұмыс істейді. Балаларды футболға баулуын тоқтатпайды.

«Бәрі есімде. Қиындықтар көп болды ғой. «Қалайда жарысқа бару керек» деп, үйдегі соңғы ақшаны алып кеткен кездері де аз болған жоқ. Кейде түсінуге тырысасың, бірақ қашанғы шыдайсың, ренжіген шақтарым да болды. Мұның бәрі оның жұмысына деген адалдығы, шын көңілімен берілгендігі деп ойлаймын», – дейді спортшының өмірлік серігі Күлімхан Қосанбаева.

Тоқырау жылдарындағы аздаған үзілістен кейін жаттықтырушы шәкірттері ауданның жеңісті жолын одан әрі жалғастырады. 1987-1988 жылдары туған оқушылар 2002-2003 жылдары екі жыл қатарынан облыс чемпионы болады. Облыс атынан Таразда өткен республика чемпионатына қатысады. Руслан Сарқытбекұлы мен Ермек Игіліков деген оқушылары «Востокқа» шақырылады. Олардың ізін ала 1990 жылы туған тағы бір шәкірті Мақат Мағазға да осы команда «құда» түседі. Бұл – «Востоктың» Премьер-лигада ойнайтын кезі. Алайда облыстың бас командасы аттай қалап, шақыруын шақырғанымен қазақтың қаракөздерін шетқақпайлап, алаңға шығармай қойған кездері де болыпты.

– Өскеменге барған сайын туыстарымды емес, шәкірттерімді аралайтынмын. Жағдайларымен танысып, жаттығуларын, ойындарын қарайтынмын. Жасыратыны жоқ, ол кезде «Востокта» бапкерлердің көбі орыс ұлтының өкілдері болатын. Орыс балалары кішкене әлсіздеу, дайындығы төмен болса да негізгі құрамда ойнап жүретін. Мақат Мағаз деген шәкіртімді көп уақыт шығармай қойғаннан кейін «Востоктың» жаттықтырушыларына: «Шығармасаңдар, басқа командаға апарам!» дедім бір күні. «Қайда барады дейсің?! Ертең-ақ қайтып келеді» дегендей мысқылдай күлді. Содан не керек, әлгі шәкіртімді Алматы облысының «Жетісу» командасына амалсыздан ауыстыруға тура келді. Біраз уақыттан соң «Жетісудың» қосалқы командасы Өскеменде «Востокпен» ойын өткізді. 2:1 есебімен «Жетісу» жеңіп, Мақат бір гол соқты. Сол кезде «Востоктың» бапкерінің маған ренжігені бар. Ара-тұра осындай жағдайлар болып тұрады.
Шәкірттеріңді басқа облысқа жетіскеннен жібермейсің. Тиісті қолдау болмағаннан кейін бағын байламайын, жолына кедергі болмайын дейсің. Әйтпесе, өз өңірінің мерейін асырғанға не жетсін?, – дейді спорт жанашыры.

Зайсанның Пелесі

ТАЛАЙ ТАЛАНТТЫ ТҮЛЕТКЕН ҚАРА ШАҢЫРАҚ

Отыз жылдан астам уақыт Зайсан аудандық спорт мектебінде футболдан жаттықтырушы қызметін абыроймен атқарған Секен Бодаев 2014 жылдан бері талай таланттарды түлеткен қара шаңырақ тізгінін қолына ұстап келеді. Әрине, бұрынғы футболшы басшылыққа келгеннен кейін «енді басқа спорт түрлерінің күні қараң» деп қара аспанды төндіргендер де болғаны жасырын емес. Алайда, жаңа директор олардың бұл «үміттерін» ақтамай, бұрыннан бар дәстүрлі спорт түрлеріне жеңіл атлетиканы қосып, мектептің аясын кеңейте түсіпті. Қазір аудандық спорт мектебінде оқушылар еркін күрес, бокс, жеңіл атлетика, футбол, волейбол, қазақ күресі сынды спорттың алты түрімен шұғылданады. Аз уақыт мұғдарындағы қол жеткізген нәтижелері көңіл қуантарлықтай. Еркін күрестен үш бала өз салмақтарында облыс чемпионы болып, ел біріншілігінде жүлдегер атаныпты. Екі оқушы Өскемендегі дарынды балаларға арналған интернатқа қабылданыпты. Спорт мектебінде осыдан үш жыл бұрын ашылған жеңіл атлетика бөлімінде тәлім алған екі оқушы бірі найза лақтырудан, бірі сырықпен секіруден ел чемпионатында күміс жүлде иеленіпті. Бокстан төрт бала Өскемендегі дарынды балаларға арналған интернатқа шақырту алса, екі оқушы Моңғолияда өткен халықаралық турнирде топ жарыпты. Спорт мектебіне бірнеше жас жаттықтырушылар жұмысқа алыныпты.

– Айдос Қиямазанов, Қайрат Жақыпов, Ермек Досбосынов секілді жаттықтырушы жігіттердің өз жұмысына адалдығы қуантады. Олар спорт үшін, шәкірттері үшін жанын беруге әзір. Кейде балаларды жарысқа апарғанда ақша жетпей жатса, өз қалталарынан төлеп, шәкірттерін сайыстан қалдырмауға тырысады. Зайсанның іргесіндегі ауылдарға арнайы барып, балаларды жаттықтырып жүр. Осындай азаматтармен жұмыс істеудің өзі бір ғанибет, – дейді мектеп директоры.

Спортқа жанашыр азамат әріптестерінің әлеуметтік, отбасылық жағдайларын да назардан тыс қалдырмайтынын аңғардық. Өзі қызметке шақырған қазақ күресінің жаттықтырушысы Ермек Досбосыновқа қызметтік баспана алуға жәрдемдескені сөзімізге дәлел.

Жуықта 60 жастың асқарына шығатын кейіпкеріміз спорт мектебінің директоры қызметін атқарып келе жатса да, балғын футболшыларды жаттықтыруға әркез уақыт табады. «Жақсылар жақсымын деп айта алмайды, жамандар жақсымын деп айқайлайды» дегендей, табиғатынан салмақты, артық сөзге жоқ Секен ағамыз өзінен гөрі шәкірттері, ұстаздары жайында көбірек айтқанды жөн көретінін байқадық.

– Маған футбол әліппесін үйреткен Шорман ағаға алғысым шексіз. Өзінің баласынан артық көрмесе, кем көрген емес. Спорт мектебін ұзақ жыл басқарған Галим ағадан үйренгеніміз көп. Әлі де ақыл-кеңесін тыңдап, бағыт-бағдар алып тұрамыз, – дейді спорт ардагері.

Осыдан екі-үш ай бұрын Зайсан ауданының әкімі Темірбек Қасымжанов спорт мектебіне жаңа көлік тарту етіпті. Соның нәтижесінде спортшылар қалаған жарысына, қалаған уақытында баруға мүмкіндік алған көрінеді. Аудан басшылығының бұл қамқорлығына алғысын білдірген мектеп директоры «Енді балалардың тамағы мен жатар орнына бөлінетін қаржы көлемі ұлғайтылса, жақсы болар еді» деген тілегін айтты.

Тақырыпқа тұздық

Дәулет ЫБЫШЕВ, футболшы, ішкі істер саласының ардагері:

– Секен Бодаевтың Зайсанның спортына сіңірген еңбегі зор. Әсіресе ауданның футболын көтеру жолындағы жасаған игі істері ұшан теңіз. Футболшы ретінде де, бапкер ретінде де өзін әркез жақсы қырынан көрсете білді. Еңбегін бұлдаған жоқ. Біле білсек, ең ауыр ойын – командалық ойын. Команда мүшелерінің бәрінің тілін табу, ойынды үйлестіру, әр футболшының шамасына сай тактика қою оңай дүние емес. Сондықтан спорт десе, футбол десе ішкен асын жерге қоятын замандасымызға қандай құрмет көрсетілсе де лайық.

Ләззат САДЫҚОВА, С.Бодаевтың шәкірті Еламан Ниязбековтің анасы:

– Баламыз төртінші сыныптан бастап Секен ағаның тәрбиесінде болды. Ең алғаш жаттығуға барып жүргенде: «Өз қақпасына өзі гол сап, ыңғайсыз боп жүрмей ме?» дегенім есімде қалыпты. Сонда ол кісі көп сөйлемейтін, дауыс көтермейтін қалпымен мені оңаша шақырып алып: «Сіз қалай-қалай сөйлейсіз? Маған осы бала керек боп тұрған жоқ па?» деген еді. Міне, ұлымыз биыл 11 сыныпты бітіріп, Алматыдағы туризм академиясына грантқа оқуға түсті. Екі жыл «Востокта» болды. Қазір «Қайрат» командасының қосалқы құрамында. Біздікі бір ғана мысал ғой. Секен Бодаев талантының шамын жаққан мықты спортшылар ауданда аз емес. Замандасымызға алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

Азамат Әбілұлы.
Зайсан ауданы.

Осы айдарда

Back to top button