Басты

Зайсан ауданына жаңа әкім тағайындалды

Кеше облыс әкімі Даниал Ахметов  Зайсан ауданына жұмыс сапарымен барып,  бұған дейін де Зайсан ауданын 2010-2013 жылдары басқарған Серік Зайнулдинді аудандық мәслихат депутаттарымен келісе отырып, өз өкімімен аудан әкімі қызметіне тағайындады.

Серік Зинабекұлы бұған дейін Үржар ауданын соңғы жеті жыл бойы басқарып келген болатын.

– Серік Зинабекұлының басшылық қызметте тәжірибесі мол. Ауданның экономикасын, әлеуметтік жағдайын, халқын жақсы біледі. Сондықтан артылған сенімді толық ақтайды деп сенемін. Сіздерден Серік Зинабекұлының кандидатурасын қолдауларыңызды сұраймын, – деді облыс әкімі.

Облыс әкімі ұсынған кандидатураны аудандық мәслихаттың депутаттары да бірауыздан қолдап, дұрыс шешім қабылданғанын атады. Депутаттар ауданның жаңа әкімінен аудандағы соңғы төрт-бес жыл көлемінде қордаланған ауылшаруашылығы, әлеуметтік, ТҮКШ, кадрлық саясат,  халықпен кері байланыс, шекаралық ауданды дамыту секілді мәселелерді бірінші кезекте шешуді сұрады.

–Осыған дейін Зайсан ауданына әкім болып келген азаматтардың барлығы да ақыл-ойы мен өмірлік тәжірибелеріне қарай шама-шарқынша ауданның дамуына еңбек етті. Ауданның бұрынғы басшысы Серік Ақтановқа да рақметімізді айтамыз. Алдағы қызметтерде оған табыс тілейміз. Ал Серік Зинабекұлына аудан жақсы таныс, экономиканы жете біледі, кадрларды дұрыс таңдай алады. Оның үстіне бұрынғы үш аудан қосылған Үржар ауданын басқарып келіп отыр. Сондықтан алда Қазақстанның Шығыстағы қақпасы – Зайсан ауданының гүлденіп, көркеюіне тер төгеді, облыс әкімінің сенімін ақтайды деп сенеміз, бастамаларына қолдау білдіреміз, – деді жиында облыстық мәслихаттың депутаты, Зайсанның  Құрметті азаматы Болатбек Нұрасыл.

–Маған сенім артып, туған жеріме тағы да әкім етіп тағайындағаныңыз үшін үлкен рақмет айтамын. Бірінші кезекте  коронавируске қатысты келеңсіз жағдай үшін жерлестерімнің атынан Сізден  кешірім сұраймын. Барлық білімім мен тәжірибемді, күш-жігерімді Зайсан ауданының әлеуметтік дамуына, Сіздің тапсырмаларыңызды орындауға жұмсайтын боламын,– деді Серік Зайнулдин.

Айта кетсек, Серік  Зайнулдин 1964 жылғы 25 ақпанда   Зайсан қаласында туған. 1981 жылы Айнабұлақ орта мектебін тәмамдаған. 1981-1986 жылдары Семей зооветеринарлық институты зоотехникалық факультетінің студенті болды. 1986-1991 жылдары аралығында Зайсан ауданындағы «Айнабұлақ» кеңшарында бас зоотехник болып жұмыс істеді. 1991-1993 жылдары «Айнабұлақ» кеңшарының директоры, 1997 жылға дейін аудандық ауылшаруашылығы басшысы  қызметін атқарды. 1997-2004 жылдары Зайсан ауданы әкімінің орынбасары болса, 2004-2005 жылдары Зайсан ауданы әкімінің міндетін атқарды. 2007-2010 жылдары Катонқарағай ауданының, ал 2010-2013 жылдары Зайсан ауданының әкімі қызметтерін атқарды. 2013 жылдан Үржар ауданының әкімі болып қызмет істеп келді.

Актив жиынынан соң облыс әкімі Даниал Ахметов зайсандықтардың ұсынысымен құрылған келісім комиссиясының жиналысын өткізді. Сондай-ақ аймақ басшысы аудандық орталық ауруханаға барып,  мекеменің хирургия, перзентхана және реанимация бөлімдерінің жұмысымен танысты. Осындағы перзентхананы биыл үшінші деңгейден екінші деңгейге көтеру туралы тапсырма берді. Ауруханадағы науқастармен, жергілікті халықпен тілдесіп, хал-жағдайларын, қажетті дәрі-дәрмектің қаншалықты жеткілікті екендігін сұрады. Сондай-ақ биыл шетелде біліктілік деңгейін арттырған жас дәрігерлермен де кездесті.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button