Заманауи зертхана полигон аймағын радиологиялық сараптаудан өткізеді
Елбасының Жарлығымен құрылған 5 ұлттық, 15 инженерлік бейіндегі зертханалар мен ғылыми-зерттеу орталықтары ғылымның инновациялық дамуының алғашқы көкжиегіндей еді. Дәлірек айтсақ, 2008 жылы Шәкерім атындағы Семей мемлекеттік университетінде ашылған «Радиологиялық зерттеулердің ғылыми орталығы» инженерлік бейіндегі аймақтық сынақ зертханасы болды.
Еліміз бойынша теңдесі жоқ зертханада Жапонияның, АҚШ пен Германияның, Австрияның және Ұлыбританияның соңғы үлгіде жабдықталған заманауи қондырғылары орнатылған. Ал аталған зертханада 2011 жылдан бастап «Радиоэкологиялық зерттеулердің ғылыми орталығы» толық жұмыс істей бастады. Бірегей ғылыми зертхана орталығы алдымен аймақтағы 40 жыл бойы қасіретке айналған ел мен жер қасіретін радиологиялық сараптаудан өткізеді. Полигон аймағындағы Саржал, Долон, Сарапан және тағы басқа елді мекендер төтенше радиациялық аймаққа кіреді. Аталған ауылдардың тұрғындары құйқалы жердің суын ішіп, жерін жайлап отыр.
Бұл мәселе әлем ғалымдарының назарын аударып отырса, зертхана аталған проблеманы түбегейлі зерттеуді қолған алған. Оған барлық мүмкіндік бар. Инженерлік бейіндегі зертханадағы алты бөлімше соның айғағы. Мәселен, АҚШ-тан әкелінген «Canberra» радиохимиялық зертханасы қоршаған орта (топырақ, өсімдік, су, ауа) мен тағам өнімдеріндегі (ет және сүт, балық, шырын, жұмыртқа, ұн, кондитерлік өнімдер, өсімдік майы, көкөністер) темір және темір қиындыларындағы радиоактивті заттарды анықтап, оған қоса жоғарыда аталған полигон әсерінен радионуклиттен ластанған топырақтың қалыптасуы мен халықты ауызсумен және жерасты суларын тазалау әдістерін қарастырады.
Жапондық және британдық соңғы үлгідегі қондырғылар: «JEOL» және «OXFORD INSTRUMENTS» рентгендік микроқұрылымдарға талдау жасайды. Осындағы мамандардың айтуына қарағанда, төменгі және жоғарғы вакуумдағы құралдың максималды ұлғайтуы 300 мың есе, демек, зерттеуге алынған нысанның құрылымымен қатар, химиялық құрамын анықтауға мүмкіндік береді. Ендігі жерде аталған азық-түлік өнімдерін толық зерттеуге мол мүмкіндік бар деген сөз.
Қазақстан алдағы жылдары Дүниежүзілік Сауда ұйымына мүшелікке кіруді жоспарлап отыр. Аталған ұйымның басты шарты – азық-түлік қауіпсіздігіне баса мән беру. Ғылыми орталықтың осы саладағы негізгі бағыты экологиялық жағдайсыз өңірлердегі функционалды тамақ өнімдерін өндірудің биотехнологиялық зерттеулерін қолға алу.
Қазіргі таңда зертхана Білім және ғылым, Ауыл шаруашылығы министрліктерінің арнайы тапсырысы бойынша Канада, Белоруссия және Ресейдің жетекші жоғары оқу орындарымен және отандық инженерлік бейіндегі зертханалармен қауымдаса жұмыс істей бастады. Жақында ғана «Радиологиялық зерттеулердің ғылыми орталығы» инженерлік бейінді аймақтық сынақ зертханасы ұзақ мерзімді акредитациялаудан өтті. Ендігі жерде ол студенттер мен жас ғалымдардың, магистранттар мен докторанттардың ғылым көкжиегіне қанаттанатын орталығы болмақ.
– Біз перспективалы ғылыми-зерттеулерді дамыту үшін зертхананы қажетті қондырғылармен жабдықтадық. Біздің ғылыми орталық өңірдің ғана емес, республика көлеміндегі білім саласы мен өндіріс орындарының экологиясы мен азық-түлік қауіпсіздігін қанағаттандыруға қазірден-ақ әзір, – дейді орталық меңгерушісі, ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Серғазы Дүйсембаев.