Білім

Заманауи техниканың тілін меңгереді

Айжанат Бақытқызы

Зайсан технологиялық колледжінің студенттері Өскеменнің іргесіндегі Ұлан ауданы Саратовка кентіндегі Шығыс Қазақстан ауылшаруашылық колледжінде «Worldskills» халықаралық талаптарына сай мамандарды дайындау бойынша тәжірибелік оқытудан өтіп, заманауи техникалардың тілін меңгеруде.

Кәсіптік білім беру орталығы директорының міндетін атқарушы Ләззат Кездікбаева айтып өткендей, республикалық «Жас маман» жобасын жүзеге асыру аясында облыстағы төрт жетекші колледждің базасында заманауи техникамен және құрылғылармен жабдықталған Құзыреттілік орталықтары ашылған болатын. Соның бірі – осы Ауылшаруашылық колледжінде.

Заман бір орнында тұрмайды. Техникалар жыл сайын жаңарып, дамып келе жатыр. Ол ауыл шаруашылығы саласына да қатысты. Құзыреттілік орталықтарының мақсаты – осы жаңа әдістер мен технологияларды, WorldSkills стандарттарына негізделген заманауи техникалардың тілін білетін жоғары білікті мамандарды даярлауға жағдай жасау. Бұл еңбек нарығында бәсекеге қабілетті мамандар дайындауға мүмкіндік береді, – деді Ләззат Тоқтарбекқызы.

Құзыреттілік орталықтарының ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында облыс әкімі Даниал Ахметовтің тапсырмасымен білім басқармасы басқа колледждердің студенттеріне тәжірибелік сабақтар өткізу бойынша шаралар ұйымдастырып келеді.

Бес колледж базасында құзыреттілік орталықтары ашылғаннан бері 4472 колледж студенті тәжірибелік оқытудан өткен. Осы оқу жылында облыс бойынша 900 колледж студенттерін тәжірибеден өткізу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар WorldSkills чемпионаттарында жоғары нәтиже көрсету мақсатында құзыреттілік орталықтарында студенттерді ұлттық және халықаралық WorldSkills чемпионаттарына дайындау үшін оқу-жаттығу жиындары өткізіледі.

Құзыреттілік орталықтарының жүйелі жұмысының нәтижесінде облыстың кәсіптік білім беру жүйесі еңбек нарығының сұранысын бастапқы жұмыс дағдыларын игерген сапалы мамандармен қамтып отыр. Құзыреттілік орталықтарында өндірістік жабдықтарға ұқсас құрылғыларда студенттердің кәсіби дағдыларын шыңдауы өндіріс атмосферасына толық енуге мүмкіндік береді және колледж түлектерінің кәсіби ортаға бейімделуін айтарлықтай жеңілдетеді.

Шығыс Қазақстан ауылшаруашылық колледжі директорының орынбасары Асқар Шынтеміровтің айтуынша, өңірдегі басқа колледждердің студенттерін тәжірибелік оқыту – орталық жұмысының маңызды бағыттарының бірі. Жыл сайын Саратовкадағы Құзыреттілік орталығында басқа колледждердің «Ауыл шаруашылығын механикаландыру» мамандығы бойынша білім алып жүрген 2-3 курс студенттері тәжірибелік оқытудан өтеді.

-Құзыреттілік орталығы жұмыс істеген екі жыл ішінде облыстың 14 колледжінен 400-ге жуық студент оқудан өтті. Тәжірибелік оқытуларды заманауи техника мен құрылғыларда тағылымдамадан өткен өндірістік оқыту шеберлері өткізеді. Қазіргі уақытта ірі шаруа қожалықтары заманауи техникамен жабдықталған, сол себепті олар осы техникада жұмыс істеу дағдыларын меңгерген кадрларға мұқтаж. Осы орайда, колледж маман даярлауда жұмыс берушілердің сұранысын қанағаттандыру үшін барлық жағдайды жасайды. Биыл кезең-кезеңмен арнайы кесте бойынша 95 студенттің тәжірибеден өтуі жоспарланып отыр, – деді Асқар Шынтеміров.

Зайсан технологиялық колледжі «Ауыл шаруашылығын механикаландыру» мамандығының екінші курс студенті Эльдар Дәуренұлының сөзінше, колледжде оқу барысында меңгерген теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастырып, заманауи техниканы меңгеру болашақта еңбек нарығында сұранысқа ие маман болуға мүмкіндік береді.

 

 

 

 

 

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button