Экология

Заманауи техника тарту етті

Шығыс Қазақстандағы табиғи қорықтар мен орман шаруашылықтарына жол талғамайтын автокөліктер, ағаш ауруларын анықтайтын арнайы құрылғылар мен фототұзақтар табысталды.

Еліміздегі орманның сексен пайызы шоғырланған аймақ бүгінде Біріккен Ұлттар Ұйымының назарына алынған. Соңғы бес жыл көлемінде жалпы сомасы 16 млн. АҚШ  долларын құрайтын алты ірі жобаны жүзеге асырған БҰҰ Даму бағдарламасы биыл да осы жұмыстарды қолға алып, табиғат байлығын сақтаудағы сауапты жұмыстарын жалғастыруда. Қазіргі уақытта құны 10 млн. АҚШ долларына жуықтайтын екі жобаның екі миллионы Шығыс Қазақстанның еншісіне тиген.

– Облыстық әкімдікпен бірлесе жүзеге асырылған іс-шараларымыздың алғашқы нәтижесі өз жемісін беруде, – деді БҰҰ Даму бағдарламасының тұрақты өкілінің орынбасары Виталий Времеш. – Жасыл желекті сақтау әлемдік қорының атсалысуымен қолға алынған жұмыстар аясында өңірдегі табиғи қорықтар мен орман шаруашылықтарына бес «УАЗ Патриот» жол талғамайтын және Риддер қаласындағы өрт сөндіру бөліміне бір өрт сөндіру көлігін тарту еттік. Бұдан бөлек, аталмыш ұйымдарға сирек кездесетін жануарларды фотосуретке түсіретін, сондай-ақ браконьерліктің алдын алатын фототұзақтар мен түрлі байланыс құрылғыларын да қатар сатып алып беруді жөн көрдік. Сонымен қатар олардың қызметкерлеріне орман ресурстарын басқару бойынша түрлі курстар ұйымдастырып, кәсібиліктерін шыңдауға қолғабыс етудеміз.

БҰҰ өкілінің айтуынша, еліміз бойынша сатып алынған жол талғамайтын жеті автокөліктің бесеуі Шығыс Қазақстан аумағындағы қорықтарға берілген. Осылайша, Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне екі автокөлік табысталса, Батыс Алтай, Марқакөл табиғи қорықтары мен Пихтовский орман шаруашылығына бір-бір автокөліктен берілді. Сондай-ақ іс-шара барысында Қазақ орман шаруашылығы және агроорман мелиорациясы ғылыми-зерттеу институтының облыстық филиалына ағаш құрылымын зерттеп, ауруын анықтайтын резистограф құрылғысы, ал Катонқарағай, Тарбағатай табиғи қорықтары мен Зайсан аңшылық шаруашылықтарына сирек кездесетін жануарлар туралы ақпарат жинап, өңдейтін 75 фототұзақ құрылғысы табысталды.

– Біз төрт пилоттық өңір бойынша жалпы саны 300-ден астам фототұзақ пен 100-ден астам байланыс құрылғыларын тараттық. Жүрімділігі жоғары техникалар мен заманауи құрылғылар орман қорының заңсыз кесілуінің, браконьерліктің алдын алуға көмек көрсетсе, резистограф құрылғысы орман шаруашылықтары мен ағаш дайындаушылар арасындағы келіспеушіліктерді біржақты етеді. Өйткені бұл құрылғы арқылы мамандар ағаш құрылымын бүлдірмей оның жағдайын анықтап, кесуге  болатынын  анықтайды, – деді  Виталий Времеш.

БҰҰ Даму бағдарламасы арқылы беріліп отырған резистограф құрылғысының орман шаруашылығы саласындағы ғылыми зерттеулерге зор үлес қосатынын алға тартқан Қазақ орман шаруашылығы және агроорман мелиорациясы ғылыми-зерттеу институты облыстық филиалының директоры Андрей Калачьев оның елімізге алғаш рет әкелініп отырғанын тілге тиек етті.

– Самырсын ағашының сүрегінде болатын ауруларды оның діңін кеспей анықтайтын құрылғыны қолданатын мамандарымыз да дайын. Бүгіндері осындай бес қызметкер арнайы оқу курсын тамамдап келді, – дейді ол.

– Бүгін біз үшін қуанышты күн. Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы арқылы Марқакөл табиғи қорығына «УАЗ Патриот» автокөлігі табысталды. Мұны аталмыш ұйымның табиғат қорғау саласына деген ерекше қамқорлығы деп білеміз. Жалпы бізге  көрсетіліп отырған мұндай көмек жалғыз бұл  емес. Жаз маусымында бұл ұйым 15 дана фототұзақ құрылғыларын табыстаған болатын. Алдағы жылдары осы бағдарлама арқылы екі моторлы қайық алып қаламыз ба деген үмітіміз де жоқ емес, – деді Марқакөл табиғи қорығының директоры Тимур Айкенов.

Азамат Темірбеков

Осы айдарда

Back to top button