Денсаулық сақтау

Заманауи онкологиялық қызмет түрлері Семейде шоғырланады

Заманауи онкологиялық қызмет түрлері Семейде шоғырланады

Өңірдегі қатерлі ісікке шалдыққан науқастарға ең заманауи медициналық жабдықтармен көрсетілетін қызмет түрлері Семей қаласында шоғырландырылады. Семейде ядролық медицина орталығы жұмыс істейтін болады. Он үш миллиард теңгеге ең күрделі, бүгінгі заман талабына сай аппарат пен екі рентгендік тамограф сатып алынған. Кеше облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ облыстық онкологиялық диспансердің жағдайымен танысу барысында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне осылай деді.
Бүгінгі таңда облыста онкологтардың есебінде 18328 науқас тұр. Олардың алты жарым мыңы Семей өңірінде, қалған он бір жарым мың науқас Өскемен мен оның төңірегіндегі елді мекендерде тіркелген.
– Қатерлі ісікпен күресетін, ең соңғы үлгідегі тамаша құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген дәрігерлік мекемелер Семейде орналасады. Елбасының тапсырмасымен осы мақсаттарға13 миллиард теңге қаражат бөлінген. Ядролық медицина орталығына заманауи аппарат орнатылды, біреуі 64 кесінділік, екіншісі 16 кесіндіге арналған екі рентгендік тамограф сатып алынды. Семей қаласындағыдай орталық елімізді қойып, ТМД елдерінің ешқайсында жоқ, – деді аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ.
Аймақ басшысы ядролық медицина орталығын жабдықтау кезінде тасымалдаушылардың құралдың барлық компоненттерін уақытында жеткізбеуінен болған шалағайлықтардың таяу арада жойылатынын ескертті.
Облыстық онкологиялық диспансердің ғимаратын аралап көрген Даниал АХМЕТОВ бірінші және екінші қабаттарға ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу қажеттігін айтты.
– Бұл жерде мен үлкен бір проблема көріп тұрғамын жоқ. Төменгі қабаттардың ағымдағы жөндеу жұмыстарына 120 миллион теңге қаражат бөлінеді. Бұл жұмыстарды ең қысқа мерзімде орындауға тиіспіз, – деп атап өтті аймақ басшысы.
Даниал АХМЕТОВ сонымен қатар, ауыл тұрғындарына көрсетілетін дәрігерлік қызметтің сапалы әрі жан-жақты болуы қажеттігіне тоқталды.
– Тұрғындарға көрсетілетін медициналық қызмет өмір сапасын жақсартудың негізгі компоненттерінің бірі болып табылады. Сол себепті бұл саланы кезең-кезеңмен жетілдіре түспекпіз. Жоғары сапалы медицина ауылдағы науқасқа жетуі тиіс. Мен бірінші наурызға дейін облыстағы барлық ауылдық фельдшерлік амбулаториялық мекемелердің жағдайын анықтауға тапсырма бердім. Олардың жабдықталуы тым болмаса, орташа еуропалық стандартқа сай болуы қажет, – деді облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ.
Бұл шалғайдағы науқастардың аудан орталығына сабылмауына, қажетті сапалы дәрігерлік көмекті ауылда қабылдауына мүмкіндік бермек. Сондай-ақ, ауылдағы медицина қызметкерлері білімі мен біліктілігін жетілдіруге тырысады. Аймақ басшысы осы мақсаттарға қанша қаражат кететінін, жұмысты неден бастауды бір ай көлемінде анықтауды тапсырды.
Аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ облыстық денсаулық саласы басшыларының назарын протездеуді қажет ететін балалардың жағдайына көңіл бөлу қажеттігіне аударды. Облыстағы осындай балақайлардың санын анықтауды облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омарға жүктеді. Аяқ астынан мүмкіндігі шектеліп қалған балаларды заманауи әдістермен емдеу қажеттігін жеткізді. «Бұл көп қаражатты қажет етпейді», – деп атап өтті облыс әкімі.
Аймақ басшысы тұрғындардың өмір сапасын жақсарта түсудің жолдарын да атап қарады. Бұл орайда жергілікті әкімдердің жұмысында олқылықтар кездесетінін де жасырмады. Шенеуніктер көп жағдайда меморандумға қол қоюмен шектелетіндері жасырын емес. Әкімдер қандай да бір жұмысты атқаруға қаржылық мүмкіндік болмай жатса, басқа жолдарды қарастыруға, құзырлы орындардан көмек сұрауға тиіс.
Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ бұдан кейін қалалық №4 аурухананың жұмысымен де танысты. Аурухананың бас дәрігері Ермек Омарбековтың айтуынша, емдеу мекемесінің ғимаратына ағымдағы жөндеу жұмыстарын өз күштерімен атқарыпты. Қажетті материалдарды достары мен таныстары арасынан шыққан демеушілер берсе, барлық жұмыстарды дәрігерлер мен медбикелер өздері жүргізген.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button