Тарих

Зұқа батыр – Зайсанның тумасы

Зұқа батыр - Зайсанның тумасы

Түңлігімізді кең түріп, тәуелсіздік рухымен тыныстаған ширек ғасыр ішінде тарихымызды танып, өлгенімізді тірілтіп, өшкенімізді жағуға талпынып келеміз. Бірақ үш жүз жылдық бодандық уын бойымыздан аластап, ұмытқанымызды толықтай қайта жаңғыртуға тарих тұрғысындағы қас қағым уақыт – жиырма бес жылдың жеткіліксіз екені де қапысыз шындық.
Арғы тарихымызға бармағанның өзінде өткен ғасырдағы зұлмат жылдардың құрбаны Алаш арыстары мен сол заманда елінің тәуелсіздігі, туған жерінің тыныштығы үшін күрескен басқа да тұлғаларды толықтай танып, хатқа түсіріп үлгірген жоқпыз. Әсіресе біртұтас қазақ даласының бөтеннің қолында кеткен бір пұшпағы Шыңжаң өңіріндегі миллион қазақты бастап, ұлт азаттығы үшін күресіп, атойлап жауға шапқан, бастарын бәйгіге тіккен арыстарымыздың ерлік істерінен жас ұрпақтар түгіл жасамыстарымыздың өзі толық хабардар емес. Қытайдағы «Үш аймақ көтерілісінің» айтулы батыры Оспан Сіләмұлы мен Алаш арысы Міржақыппен қатар «Оян қазақ!» деп жар салған Алтайдың абызы, ғұлама ақын, дін қайраткері Ақыт Үлімжіұлының өзін енді-енді тани бастадық. Ал осы бір ұлт азаттық күресінің басында тұрған Бөке батыр, Қара Оспан, Зуқа сынды ержүрек бабаларымыздың есімін бүгінгі ұрпақ еміс-еміс қана естіп жүр.
Биыл ел Тәуелсіздігінің ширек ғасырлық мерейтойы қарсаңында осы тәуелсіздік жолында қас жауымен айқасып, қасап қырғынның құрбаны болған ардагер аталарымыздың бірі Зуқа Сәбитұлының 150 жылдық мерейтойын өткізіп, ерлік істерін ұрпаққа үлгі етуді ұлттық рухты дәріптеп жүрген бірнеше қоғамдық ұйым мен еліміздің атқамінер айтулы азаматтары, батырдың үрім-бұтақтары қолға алып, түрлі іс-шаралар ұйымдастырып жатқаны көңіл қуантады.
Батырдың мерейтойы тек туған елі Қазақстанда ғана емес, Түркияда, Еуропаның бірнеше елінде, Моңғолияда, Қытайда да белгіленіп, түрлі шаралар ұйымдастырылуда. Қазақстанда өтетін басты шара – халықаралық ғылыми конференция Астана қаласында маусымның 14-іне белгіленді. Әрі қарай Алматыда, басқа да қалаларда жалғаспақ. Батырдың туған жері Зайсанға экскурсия ұйымдастырылмақ.
Ұлт азаттығы жолында Кенесары, Кейкі, Бөке бабаларымыздың тағдырын қайталап, дұшпанға басын алдырған Зуқа батыр кім еді?
Зайсан өңірінің тумасы Зуқа батырдың өзін тану үшін сәл шегініс жасап, әуелі арғы тегіне үңілейік.
Зуқаның әкесі кезінде діни ғұламалығымен қазақ даласының шығысы Күршім, Катон, Зайсан, Тарбағатай, Іле өңіріне аты мәшћүр болып, дамолда атанған – Сәбит молла Нұрмұхаммедұлы деген адам. Арғы атасы Нұрмұхамед те атақты абыз болған. Сәбит жеті жасынан бастап Үпі қаласындағы Уәлдан деген хазіреттен дәріс алған. Хазіреттің қабілетті, аса алғыр шәкірттерінің бірі болады. Ары қарай Қазан, Самарқанд, Бұқар қалаларында болып, діни оқуға ғұмырының 19 жылын арнаған. Дін жолына бекем бел буған, болашағынан үлкен үміт күттірген шәкіртіне хазірет Уәлдан немере қызы Бәтиманы қосып, өзінің киелі аса таяғын қолына ұстатып: «Мынау сырлы таяқ, жеті пірдің қолынан өткен, шаршағанға дем болады, ауруға ем болады, жаныңнан тастама», – деп еліне қайтарыпты. Сөйтіп, шығыстың ел қадірлеген дін басы, ұлы ғұламасына айналады. Сәбит дамолла Ласты, Тасты, Буыршын, Тарбағатайға төрт бірдей медресе ашып, бар ғұмырын бала оқытуға сарп етеді.
Зуқа осындай дін ғұламасының шаңырағында 1866 жылы Зайсанның Кендірлік деген жерінде дүниеге келеді. Зуқа да әке жолын қуып жастайынан қара танып, дін жолын ұстанады. Әкесінен және осы өлкеге дін таратуға келген миссионер Мұхаммед Мумин ишаннан дәріс алған. Кейін өзі де бала оқытады. Діни тақуалығымен ғана емес, өзінің ақыл-парасатымен, алғыр-әбжілдігімен, сөзге шешендігімен, адамдармен тіл табыса білетін ақжарқын, бауырмал мінезімен ел көзіне ерте түседі. Алайда, ат жалын тартып мінуге енді ғана жараған бозбала шағында Майқапшағайда әкесі қайтыс болып, жанұядағы төрт баланың үлкені ретінде анасы мен інілеріне қамқор болып, бар тауқымет өз мойнына түседі. Әкесі өлген соң Қалбадағы жақын ағайын- туыстарының жанына көшіп барады. Байлардың жылқысын бағып, қарапайым күн кешеді. Осы кезден бастап, күрессе жығатын білек күші бар, дауласса жеңетін ақыл-парасаты, діни сауаты бар жас жігіт сол замандағы байлар мен би-төрелердің әділетсіздігінен жапа шеккен жарлы-жақыбайлардың күнін жоқтап, сөзін сөйлеу арқылы қарапайым халықтан бедел ала бастайды. Тіпті әлдекімдерден зәбір көргендерден Зуқаға келіп шағымданатындардың қарасы күн өткен сайын молаяды. Жарлы-жақыбайлардың күнін жоқтап, жыртысын жырту ел тізгінін ұстаған ұлықтарға қайдан ұнасын. Жас жігітке көз алартып, шеттете бастайды. Айналасындағы кедейлерге әлімжеттік жасап, зорлық-зомбылық көрсеткен би, төре, байшыкештерден көңілі қалған Зуқа айналасындағы тілеуқор бір топ ағайындарымен Сауырға көшіп келеді. Онда жас та болса діни білімімен, шешендігімен елге танылып аты шыға бастаған жалындаған жас жігітті Абақ керейдің алғашқы төресі Көгедайдың немересі Жеңісхан гүң өзіне тартып, осындағы медресе молласы етіп тағайындап, кейін дау-шарға араластыра бастайды. Зуқа жаңа да үлкен ортада әділетсіздікке онан сайын көзі жетіп, «қайда барсаң Қорқыттың көрі» дегендей бай-манаптар мен мансаптылардан біржолата түңіледі де молдалықты тастап, ауылына қайта көшір келеді. Онда да өзін жағаттаған ауқатты ағайындарының емес, әлділерден әлімжеттік көрген кедейлердің күнін жоқтап, сөзін сөйлеп, еті тірі пысықтарын маңайына топтастырады. Талай дау-шарға араласып, зәбір көргендерге теңдік алып беру арқылы дүйім елге танылады. Керісінше ел билеушілер тарапынан қысым да күшейеді. Ендігі жерде туған ауылын тастап, Алтайдың Бурылтоғайына көшіп кетеді.
Міне, кейін күллі қытай қазақтарының жоғын жоқтап, тәлкекті тағдырларына араша түскен кемеңгер тұлғаларының біріне айналған Зуқа батырдың Алтайдың арғы бетіндегі тар жол, тайғақ кешуге толы тартысты ғұмыры осы кезден басталды. Онда барған соң Алтай тауының ақырғы сілемі Бәйтік, Қаптық пен Бұлғын өзенінің аңғарын жайлап-қыстап, жергілікті ағайындармен тез тіл табысып кетеді.
Бұрын өз халқына өктемдік көрсеткен ұлық, билермен тайталасса, ендігі жерде қулығына құрық бойламас қытайдың жергілікті басшыларымен, олардың жандайшабына айналған би төрелермен қатар күресуге тура келді. Алтайдың теріскей бетіндегі моңғолдар мен қазақтар арасындағы өріс-қоныс таласы, ұрлық-қарлық, барымта да екі ұлт арасын алакөздестірмей тұрмайтын. Ол аз десеңіз, соңғы жылдары «Жау жағадан алғанда бөрі етектен» дегендей орыстар жеңген Қазан төңкерісінен қашқан генарал Бакыч бастаған ақтың қашқындарымен де айқасуға тура келді. Бір сөзбен айтқанда, нағыз алмағайып, аласапыран шаққа дөп келді.
Тарихи деректерге жүгінсек, Бакыч армиясы Алтай өңірін аз дүрліктірген жоқ. Сарсүмбені басып алып, бір ай бойы өз күштерін нығайту үшін халықтан ат-көлік, азық-түлік жинауды қолға алған.
Ақтарға қарсы тұра алмаған Алтайдың билеушісі Жоу-дау иың қорыққанынан өзін-өзі өлтірді де, әскерлері Үрімжіге қашып кетеді.
Осындай бассыз қалған елді үркітіп-қорқытып, мал-мүлкін талан-таражға салып, қарсы келгендерді атып тастап отырады. Алайда, Зуқаның атақ-даңқын естіп қаймыққан генерал елші жіберіп келісімге шақырады. Зуқа Бакычпен келіспек түгіл «Өр Алтайға аттап бассаң, ажал құшасың, Қара Ертістен өтсең, қаныңды ішемін! Бұл сөзімнен айдынбай қарсы келемін десең, тұрысатын жеріңді айт» деп мысын басады. Сарсүмбеден қашып шыққан жүздеген босқынның алдынан әскер жіберіп, Қара Ертістен өткізіп алып, қорған болады. Сөйтіп ақтардың өктемдігіне Зуқаның жасағы тегеуірінді тойтарыс бере білген. Бакыч генерал «Зуқаны қалай қолға түсіруге болады?» деп сұрағанда, атақты шешен Бақыш: «Ол көптің қамын жеді, сендер боқтың қамын жедіңдер; оның ісінің бәрі дұрыс, сендердікінің бәрі бұрыс, сендер көп ит болсаңдар, ол – көк ит, ол – аю, ашынса қонжығын да жеп қояды, қорғасын ғана қорқыта алады» депті деген сөзі халық арасында тәмсіл болып қалған. Осылайша басында тым екпінді келіп, қарапайым халықты зар жылатқан ақтардың бір айдан соң Сарсүмбені тастап, Моңғолияға қарай із суытуына Зуқа батырдың айдыны да себеп болса керек.
Бұл екі аралықта ол қытай билеушілерімен де тайталасқан араздығын тоқтатқан жоқ. Бұрын Зуқаның зорлық көргендерге пана болып, күнін жоқтап, тіпті теңдік алып беріп жүргенін ел аузындағы аңыздай әңгімелерден еститін Алтайдың арғы сілемі Шіңгіл, Бәйтік, қаптық өңіріндегі халық ендігі жерде батырдың айналасына топтасып, жасағының қатары өсе түседі. Үнемі әскери жаттығулар жасатты. Олардың қатарында қазақтан өзге ұйғыр, дүңген, сібе, қалмақ, мұңғұл, сарт, ноғай, татар қатарлы ру-ұлыс өкілдері де болды. Басты мақсат – жергілікті биліктің «сары ноқта» салығы, «мал бажысы», «қазан алманы», «қара шығын», шен-шекпенділердің еңбекақысы дегендей қара халықтан зорлықпен тартып алынатын алымдарына қарсылық жасау, билік күш көрсетсе, бетін тойтару еді. Мұндай «бассыздыққа» билеуші топтың бей-жай қарамайтыны анық. Қытай билеушілері Зуқаның жергілікті үкіметке қарсы әрекетін тоқтату үшін төре, билерді айдап салып, «қарақшы», «тонаушы», «ұры» қатарлы неше түрлі ат-айдар тағып, шағым-арыздар түсіру арқылы сол кездегі Алтай аймағының орталығы Сарсүмбеде түрмеге қамады. Түрмеде бір жыл отырып, қытай билігіне ықпалды Мәмидің көмегімен түрмеден босап шығады.
Ал жергілікті қытай билеушілерімен теке тіресі ғұмырының соңына дейін біткен емес. Жергілікті үкімет әскерлері Зуқаның қарулы күшін жою мақсатында 1924-1926 жылдар аралығында бес рет шабуыл жасайды. Бірақ айлалы батырды қолға түсіре алмайды. Ендігі жерде күшпен емес, айла-тәсілмен алдап соғудың жолдарын қарастырады.
1927 жылы Шыңжанға билеуші болып келген қытай шенеунігі Ви Жыңго халықты тіптен тұқыжылатып, тұралатып тастады. Зуқа батыр жасағының қарсылығы да үдей түсті. Дұшпан батырдың осал тұсын іздеді. Ол, мүмкін, батырдың жарлы-жақыбай, жетім-жесірге аяушылық танытып, мүсіркейтін, есіркейтін жанының жұмсақтығы болған шығар. Кезінде үріккен елдің жұртында қалған панасыз жетім, тек Зуқаның мейірімге толы ақ көңілінің арқасында ат жалын тартып мінгенше қолында өсіп, қамқорлығына, шапағатына бөленген дұңған азаматы Жақияның қолынан қаза табуы осындай ойға жетектейді. Қытай билеушілері осы бір тасбауыр, қанды қол қарақшыны пайдаланады. Құлқынның құлы болдырып, атақ-мәнсап, байлыққа қызықтырып, Зуқаға қарсы тыңшылық жасатады. 1928 жылы осы жансыз арқылы батырдың әскерсіз оңаша қалған сәтін пайдаланып, жасақ жіберіп, қапияда бейғам отырған батырдың ауылына түнде басып кіреді. Батыр үйге кіріп келген жаудың жетеуін жайратып, өзі де жау оғынан қаза табады. Ауылдағы қатын-баладан бастап 50 шақты жанды дұшпандар қоршап алып, түгелдей қырып салады. Егескен дұшпан батырды өлтіріп қана қоймай, басын кесіп алып, халыққа сес көрсету үшін Сарсүмбе (қазіргі Алтай) қаласындағы Қыран өзені үстіндегі қара көпірге 13 күн бойы іліп қояды. Бірақ Зуқа батырдың басын алу арқылы қаћарман қазақ халқының рухын жасытып, тұқырта алмағаны тарихтан белгілі. Кезінде өзі батасын берген Оспан батыр бастап, бүкіл Алтай, Іле, Тарбағатай үш аймақ қазақтарының небір ержүрек азаматтары қытай басқыншыларымен Зуқадан кейін де бақандай 20 жыл алысты.
Батыр қайтыс болған соң басқа да босқын ауылдардың қатарында Зуқаның ұлы Солтаншәріп ауылын бастап, 1949 жылы Тибет, Үндістан арқылы Пәкістанға ауып барады. 1954 жылы босқын ретінде Түркияға табан тірейді.
Қазір Зуқа батырдың ұрпақтарының дені Түркия және Еуропа елдерінде тұрады. Батырдың немерелері Талғат Көкбұлақ, Өмірхан Шетен, басқа да қалыс ағайындарынан тараған ұрпақтары қазақ халқының мойнына 70 жыл бойы құлдықтың қамытын кигізген Қызыл империяны ыдыратуды басты мақсат тұтқан АҚШ-тың Мюнхендегі (қазір Прагада) «Азаттық» радиосында еңбек етіп, күллі қазаққа аты танымал болған азаматтар. Бір немересі Абдырахман Четин Еуропадағы қазақ ұйымының басшысы. Басқа немере-шөберелері – Есімхан – Вашингтондағы Кеннеди әуежайында жауапты қызметкер. Батырдың басқа ұрпақтарын қойғанда халқымыздың есте жоқ ескі биіне айналып ұмыт болған «Қара жорға» биін өмірге қайта әкелген Зуқа батырдың немересі Арыстан қажы Шадетұлын (Тосын) бұл күндері иісі қазақ тегіс біледі. Арыстан қажы – тәуелсіздік жылдарында Түркиядан атажұртына асыға жеткен алғашқы қандастарымыздың бірі. Алматы облысы, Қарасай батыр ауданы, Райымбек ауылында 1997 жылы бабасының құрметіне мешіт ашып, оны «Зуқа қажы мешіті» деп атады. Батырдың Қазақстанға танымал ұрпақтарының бірі дінтанушы-ғалым Шыңғыс Зұқаұлы тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қазақ жұртшылығына теледидар арқылы діни сабақтар жүргізіп, ислам жолында көп еңбек етті. Сондай-ақ, шетел қазақтары арасынан тұңғыш рет Қазақстан жоғары кеңесіне депутат болып сайланып, жекеменшік «Оғытай» банкін құрған Ибраћим Гүллер де батырдың ұрпағы. Ал шөбересі қаламгер Қалман Қосжігіт Елбасымыздың «Әділеттің ақ жолы» кітабын алғаш 1992 жылы түрік тіліне аударған талантты журналист.
Міне, батырдың үрім-жұрағаттарынан осындай мықты азаматтардың тууының өзі Зуқа қажының, оның атасы, әкесі ғұлама діндар Нұрмұхамед, Сәбит бабаларымыздың тектілігінен дарыған қасиет екені анық.

Бодаухан Тоқанұлы

Осы айдарда

Back to top button