РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ

ӨЗІМІЗДІ ІЗДЕТЕРМІЗ ЕРТЕҢ ТУАР ҒАСЫРЛАРҒА

 2005 жылы Тоқтарбек Қызықбаев қайтыс болғаннан кейін 2011 жылы шыққан «Есінде қалғым келеді» деген естеліктер мен өлеңдер жинағының аннотациясында «қазақ поэзиясында өзіндік орны бар дарынды ақын, өлең-жырдың қас шебері» деп бағаланған екен. Бұл пайымдауды жоққа шығаруға болмайды. Оның дарынды ақын екені де, өлең-жырдың қас шебері екені де асыра айтқандық емес.

Тоқтарбектің қазақ поэзиясына өзіндік үлес қосқанының, өлең жазудың қас шебері болғанын жыр жинақтары да, өлеңдері мен дастандары айғақтайды. Тоқтарбек 40 жылдан астам уақыт өлең-жыр жазумен өмірін өткізсе де атақ-даңққа бөленуге ұмтылыс жасау былай тұрсын, түрлі жыр бәйгелерге, конкурстарға да қатысқан емес. Әйтпесе, ол тіпті өзге сый-сыяпатты, атақтарды былай қойып, мемлекеттік дәрежедегі сыйлықтарды да алуға қол жеткізуі мүмкін еді.

Бұлай дейтініміз, ол тек ақын ғана емес, қаламы қарымды, бүкіл республикадағы таңдаулы журналистердің бірі болды, мемлекеттік қызметте де беделі зор еді. Мұны оның өмір жолына үңілсек де ұғынуға болады. Зайсан қаласындағы орта мектепті бітірер кезде өлеңге де, журналистікке де бейімі таныла бастаған соң аудандық газет қызметке шақырып, еңбек жолын ерте бастады. Мұнда  таңдаулы талантты жас қаламгер ретінде таңылған соң, 22 жасында облыстық «Коммунизм туы»/қазіргі «Дидар»/ газетіне де арнайы шақырумен келеді. Мұнда 13 жыл қызмет етіп, бас редактордың бірінші орынбасарына дейін көтерілген кезде республикалық «Социалисттік Қазақстан» газетіне қызметке отбасына 4 бөлмелі пәтер беріліп шақырылады. Мұнан әрі «Қазақстан коммунисі» журналында жұмыс істеп, Президент әкімшілігінің аға референті, консультанты болды. Осындай қызмет жолындағы еңбегі де елеусіз қалмады. «Құрмет белгісі» орденімен, Жоғарғы Кеңестің Құрмет грамотасымен, медальдармен де марапатталды.

Белгілі журналист, жазушы, аудармашы, кезінде Тоқтарбекпен бірге қызмет еткен қаламдас досы Кеңес Юсупов Тоқтарбектің поэзияға да, баспасөзге де сіңірген еңбегін «Қоңыраулы көлдің перзенті» деген естелігінде былай пайымдапты:

«Маған Тоқан әрдайым өлеңмен ойлайтын сияқты көрінетін. Ол көкейінде тұнған ойларды қара сөзден гөрі өлең жолдарымен өрнектеуге бейім де бейілді сияқты. Сондықтан да Тоқтарбектің жорналшылдық қызметі мен ақындық туындыгерлігін бөле-жара қарауға келмейтіні сезіліп тұрады, бірін-бірі жоққа шығармайды. Керісінше бір тұтастық құрап тұрады. Ол тіршілігінің түп қазығы болған баспасөзге ақындық леп енгізсе, өлеңдеріне публицистикалық екпін кіргізеді де, екеуіне бірдей ықпал әсерін күшейтеді».

Оның осынау еңбек жолында оны сүйеп, қамқор болып жүрген ешкім болған емес. Тек таза өзінің қабілеті мен еңбек- сүйгіштігі оған үнемі демеу болды. Ол бұл туралы да, бүкіл өмір жолын өлеңмен жазып кеткен ақын болды. Өзінің дүние есігін ашқан кезін былай толғапты.

Алдымда шетінепті талай бала,

Ертерек тыншыды екен қалай ғана.

Қайғысы молайыпты біздің үйдің,

Сөнгендей атқан таңы арайлана.

Ақыры дүниеге мен келіппін,

Көмескі сәулелерге дем беріппін.

Ілінген шаңыраққа төбедегі,

Бесікте әуезді әнмен тербеліппін.

Шаттығы шаңырақтың көл- көсір боп,

Жатыппын ақ тілекті өрге сүйреп.

Қойыпты Тоқтарбек деп есімімді,

Тоқтасын, толыссын деп, өлмесін деп.

 Одан әрі әкесі Әбдірахман қан майданға аттанып, мерт болды. Сөйтіп, ол анасының жалғызы болды. Шөмшек теруге жараған кезінен анасының көмекшісі болды. Ойын баласы ойынды емес, тіршілік қамын ойлайтын. Анасы өзін, өзі анасын аялаумен еңбекке араласты. Қажырлы, қайратты еңбексүйгіштігімен қатар, бойына ақындық қабілет қонды. Сөйтіп, ана мен бала жолы Зайсаннан Өскеменге, одан Алматыға ұласты. Аяулы Алтынай анасы жалғызының тілеуін тілеп аяласа, ол анасын алақанына салып, мәпелеуден бақыт тауып ер жетті, есейді. Еңбегі мен дарыны жылдар өткен сайын жұртқа танылды. Жылдар өтті. Анасы 90 жасқа тақап бақилық болғанда анасына деген қимастық сезімді, сағынышын өлең жырмен өрнектеп, қайғы-мұңын сейілтетін болды.

Панам едің, құт едің,

Тұмадай тұнған сарқылмай.

Жолыңды тосып күтемін,

Зайсаннан оралатындай,

– деп ана құшағын аңсаған зарлы сағынышпен жыр жазумен болды. Жасы елуден асса да, жанында сүйген жары Роза, ұлдары Серік, Сәкен мен қызы Сәуле, немерелері сүйеу болса да, айналасында дос-жарандар толса да, әрине, ананың орны ерекше ғой.

Тоқтарбек данғаза мақтаннан бойын аулақ ұстады. Өзі туралы мақтағанды жаны сүймейтін. Бұл туралы  Кеңес Юсупов былай деп еске алады. «Атап айтатын бір шындық сол. Оның көзі тірісінде бұл жолдарды жазуым неғайбыл еді. Биязы да бұйығы адамдардың көпшілігіне тән мінез бе деймін. Ол мақтау- марапатқа барынша салқын қарайтын, жазыла қалған, жарық көрген әлдебір шығармаларына қошемет айтыла қалса, үсті томпақтана біткен, аласы мол бадырақ көздерін бір төңкеріп, етті еріндерін жалап жіберіп «Қойсайшы-ей!» деп дүңк ете қалатын. Кейде ақын ретінде атағының шыға қоймағаны да осы мінезінің салдары ма екен деген де ой келеді. «Кішік жанды ұялтқың келсе, мақтауға тырыс» дейтін ақыл осыдан болуы мүмкін».

Әйгілі сатирик-жазушы, Тоқтарбекке туған ағасындай болып кеткен Ғаббас Қабышұлының «Тоқа бала» деген естелігіне зер салсақ. Ғаббас былай деп жазады: «мен Тоқтарбекті «Тоқа бала» деп кеттім. 1964 жылы тоғысқан өмір жолымыздың ой-қырында қол ұстасып бірге жүрдік. Роза екеуі бізді «үлкен үй» деп айтатын. Біз оларды «отау үй» дейтінбіз. Тоқа бала ақкөңіл, адал тірлікті жан еді. Өзімен қызметтес, қаламдас, сырлас болған үлкен-кішісін ренжіткен емес.

Оның өлеңдерін оқығанда ақын ағаларының, мәселен, Ғафу Қайырбековтың «Бәсе, менің бадырақ бауырым осылай сілтесе керек» дегені, Сағи Жиенбаевтың «Тоқан үндемей жүріп-ақ тындырады» дегені, ал Тұманбай Молдағалиев «Тоқтарбек, әй сен, молодецсің» деп таңдай қаққаны есімде. Ғафаң мен Сағи фәниден аттанып кеткенде Тоқа бала қатты қайғырды. Ғафаң айтқан бадырақ көзінен жас тамшылары домалағанын көрдім. Сондай халде отырып,

Бұл қалай-ау халайық,

Мезгіл ме алмағайып?!

Ақын көп деп жүргенде,

Ақындар қалды азайып,

– деп еді. Сол қиналыс сезімі кейін «Өмір сапар» жинағында ұзақ жырға айналыпты.

Тоқтарбектің шәкірттерінің бірі – белгілі журналист, ақын Заманбек Әбдешов «Қарапайым қазақ еді» деген естелігінде өткен ғасырдың 60-жылдардың соңында аға ақынымыз Әбу Сәрсенбаевтың сол кезеңде «Тұңғыш кітап» сериясымен жарық көрген кітаптарға шолу жасағанын «Жұлдыз» журналынан оқығанын былай еске алыпты. «Сондағы жиырмадай жас қаламгерлердің ішінен Сәкен Иманасов пен Тоқтарбек Қызықбаевтың тұңғыш жинақтарына жылы шырай білдіріпті.  Бұл Тоқтарбек ағаның «Қыр гүлдері деген тұңғыш туындысы еді».

Оның осы «Қыр гүлдері» жинағынан бастап «Алтай әуендері», «Темір тізгін», «Парыз», «Арайлы шақ», «Жүрек оты», «Жусан иісі», «Көңіл қоңырауы» және басқа жыр жинақтарын оқысаңыз, өлеңдерін сырттай түрлендіруге ұрынбай мәні мен мазмұны жағынан  ғана жетіліп отыратын ұғынасыз. Ол жыр жазу тәсіліне жаңашылдық жасаймын деп әуреленбейді.  Қазақтың 11 буынды қара өлеңінің тәсілінен ауытқымайды. Қазіргі жас ақындардай қияли ойлар іздемейді. Ойын күрделендіру, жұмбақтау, өзің тап дегендей қисындар түзбейді. Сондай-ақ шешенсініп, ділмәрсінуге жоқ, жеңіл етіп жыр жолдарын түзеді. Сөйтіп, оның жырлары өзінен-өзі төгіле салғандай ұғылады. Оның өлең-жазудың қас шебері екенін мынандай бір оқиғаны айтсам да ұғынықты болар. Мен «Қазақ әдебиеті» газетінде он жылдай бөлім меңгерушісі болдым. Газет  жұма күні шығатын. Осы күні ақын-жазушылар  редакцияға келіп, газеттің жаңа санын оқып, пікірлерін білдіріп кететін. Бірде газет шыққан күні менің кабинетіме бас редактордың орынбасары, белгілі сыншы Әмірхан Меңдеке, талантты ақындар Әділқазы Қайырбеков,  Әбубәкір Қайран және өзге ақындар келіп, бір ақынның  өлеңдер топтамасын газеттен оқып, оны мақтап, пікірін жарыстырып отырған еді. Мен олардың әңгімесіне араласпай отыр едім. Кенет қонырау шыр ете қалды. Трубканы көтерсем, Тоқтарбек екен.

–Қуанбекпісің? – деді ол үні құмығып.

–Иә, менмін.

–Сен болсаң… сендер осы біреудің қойын қораларыңа кіргізіп алып, меншіктенуді қашан қоясыңдар? деді. Мен сөз мәнісін түсінбей, «Не болды?» -дедім.

  • Бүгінгі газетті оқыдың ба? – деді.
  • Оқыдым, міне, алдымда жатыр.
  • Оқысаң… анау 3-ші беттегі өлең топтамасындағы алғашқы екі өлең менікі ғой. 5-6 ай бұрын редакцияға апарып берген едім. Таяуда шығады деген. Шығарған түрі осы ма?! Саған айттым. Ендігісін өзің біл, – деп телефон трубкасын тастай салды. Оның бір топ өлеңді редакторға тапсырғанынан бейхабар едім. Дәл осы кезде ақындар өлең топтамасындағы алғашқы екі өлеңді ауыздарынан суы құрып мақтауға ойысқан еді.
  • Әсіресе алғашқы екі өлең қандай керемет! Сөздері, ұйқастары қалай сыңғырлап тұр. Ойлары тың. Өзінен-өзі төгіле салғандай екен. Бұл нағыз классика! –дегендей мадақ айтып, өлеңді дауыстап оқып таңдай қағыса бастады. Осы кезде мен:
  • Бұл екі өлең бұл автордікі емес. Тоқтарбек Қызықбаевтікі екен. Оның классик ақын екенін ұғынуға өрелерін жетер ме екен, – деп даусымды көтере сөйлеп, мән-жайды түсіндірдім.

Мұны естіген ақындар абдырап, Әмірхан Меңдеке тіпті шошып кетті.

  • Енді қайттік? Ұят болды-ау! Редакторға хабардар етуім керек, – деп ол шыға жөнелді. Сөйткенше сол кездегі бас редактор Жүсіпбек Қорғасбек мені шақырды. Қатты абдырап отыр екен.
  • Тоқтарбекті жақсы білемін. Таныспын. Құрметтейтін ақындардың бірі еді. Өлеңдерін баспақ болып іздеп таба алмай… жігіттердің қағаз жұмысына салақтығы-ай! Бір топ өлеңдерін дереу жариялайық, – деді.
  • Өзге ақындар болса, ендігі осында келіп айғай шығарып, тіпті сотқа жүгіруі мүмкін еді. Ал Тоқанның мінезін білесің. Ал ол өлеңдерін жариялата қояр ма екен, – дедім.

Тоқтарбектің біреуге қатты сөйлегенін, бет жыртыса айқайласқанын, арыздасқанын, өзге қаламдастарының шығармаларын сынап-мінегенін естіген емеспін. Кейде ыңғайсыз жәйттерді айтып, «онымен дауласып қайтем» дейтін.

Жан сырларын мөлдіретіп айшықтап жүрекке жылы тиетін етіп жазатын. Мәселен, «Қарақат» деген өлеңін мысалға келтірелік.

Қарақаттай мөлдіреген Қарақат,

Жұртқа сыйлап жүргендейсің шарапат.

Қарасаң-ақ от жанарың жалт етіп,

Бойды сезім баурап алар алапат.

 

Қарақаттай мөлдіреген Қарақат,

Қарақаттай елжіреген Қарақат.

Желкілдетіп көк құрағын арманның,

Естілгендей есіміңді жел атап.

 

Саған ұксап күн күледі Қарақат,

Гүлде сен деп үлбіреді, Қарақат.

Жүрегіңнің түкпірінде тұңғиық,

Не жатқанын кім біледі Қарақат.

Осынау жыр жолдары құлағыңызға сыңғырлап әуезді ән естілгендей болады. Оның осы секілді жырларына бірқатар композиторлар ән жазыпты. «Жеменей», «Айжанқыз» секілді біраз өлеңдері әнге айналып, Зайсан, Алтай өңірлерінде шырқалып жүр. Сондай-ақ Зайсан өңірін, таудан ағып шығып, қаланы қақ жарып мөлдіреп ағып жатқан Жеменей өзенін де, Марқакөл, Зайсан көлдерін де жырға қосқан. Тіпті зайыбы Розаға арнаған өлеңдерінде туған жеріне деген сағыныш сазы сезіледі.

Қинайды көбейгені күрсінісің,

Бұрынғы қайда кеткен құлшынысың.

Зайсанға апарайын жүрші жаным,

Азырақ сергу үшін тыншу үшін.

 

Зайсанға апарайын жүрші жаным,

Сағынған шығарсың-ау нұр шуағын.

Естілсін Жеменейдің арнасынан,

Түндегі күбір-күбір жыршыл ағын.

 

Ал Роза болса, Тоқтарбектің шаңырағын шайқалтпай, бала-шағасына оның орнын жоқтатпай,  артында қалған шығармалары мен ол туралы естеліктерді жинастырып,  кітап етіп шығарып жүр.

Тоқтарбек тек өлең туын ғана көтерумен тынбады. Өзінен кейінгілерді де соңынан ертуге тырысты. Тоқтарбекті ұстаз тұтып, тәлім алған жас толқын қаламгерлер дарынды ақындар көптеп шықты. Бұлардың ішінде тіпті шет жұрттарға танылғандары да болды. Халықаралық Андерсен сыйлығының лауреаты болған қазақтың дарынды балалар жазушысы Марат Қабанбаев, қазақ драматургиясына жаңа леп әкелген драматург Әділбек Тауасаров та кезінде Тоқтарбектен тәлім алғанын айтатын еді. Ал елімізге кеңінен танылған ақындар Нұрлан Мәукенұлы,  Ғалым Байбатыров, Әбетхан Тоқтағанов, Заманбек Әбдешов,  Қайролда Әліпбаев, Гүлсім Мұқышова жыр кітаптарын шығарып, елге танылса, Баласағұнның «Құтты білігін» қазақша өлеңмен сөйлеткен ақын әрі сыншы Асқар Егеубаев ғылым әлеміне де танымал болды.

Тоқтарбек өзінің туындылары уақыт тезімен оқырмандарға жол тарта беретініне көзін жеткізіп кеткені анық. Бұған оның жырларын оқысақ та ұғыну қиын болмас.

Дүниеден біз де өтерміз,

Ұқсап отты жасындарға.

Өзімізді іздетерміз,

Ертең туар ғасырларға.

Өмір-өзен тулап ағып,

Қиын жұмбақ шешкендерміз.

Лап-лап етіп бірде жанып,

Енді бірде өшкендерміз.

Иә, уақыт өткен сайын оның жырлары ұрпақтарымызға жол тарта бермек.

Қуанбек Боқаев,

жазушы

Осы айдарда

Back to top button