Денсаулық сақтау

Қызылшадан қорғанудың жалғыз жолы – вакцинация

Қызылшадан қорғанудың жалғыз жолы – вакцинация


Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жыл сайын адам өміріне қауіп төндіретін факторлар тізімін жариялап отырады. Биыл оның қатарына алғаш рет екпеден бас тарту енгізіліп отыр. Екпе егу – көптеген дерттен қорғанудың ең тиімді жолы деп есептейді ұйым. Алайда бұл пікірмен келіспейтіндер бар.

32 жастағы Әсел Байжақсынова – екі баланың анасы. Тоғыз айлық кенже ұлы қазақстандық екпе күнтізбесі бойынша бірде-бір вакцина алмаған. Әселдің ойынша, екпенің бала ағзасына зияны орасан.

– Тұңғыш ұлыма алғашқы екпе жасалғанда аллергиялық реакция болды. Бірнеше күн қызуы түспей, балам қолды-аяққа тұрмай жылады. Сол кезде ешқашан балаларыма екпе салдырмаймын деген шешім қабылдадым. Сондай-ақ екпенің зияны туралы интернеттен көп оқыдым. Әрі оның зардабын тартқан жандарды да білемін. Дәрігерлер әлі күнге дейін епке алуға шақырады. Мен жазбаша түрде бас тартумен келемін,-дейді ол.

Бұл бір ғана мысал. Өткен жылы облыста екпеден 126 ата-ана бас тартқан. Оның көпшілігіне ата-аналардың екпенің маңыздылығы туралы дұрыс ақпарат алмауы, дәрігердің емес, әлемжелідегі кеңеске құлақ түруі себеп. Қазір өңірде осындай жалған ақпаратқа сенетін ата-аналардың үлес салмағы 61 пайызды құрап отыр. Ал діни көзқарастары себебінен екпеден бас тартақандар тек 18 пайыз шамасында.

Бүгінде елімізде қызылша ауруының белең алуына да осындай жағдай себеп болған. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, елімізде инфекция жұқтырғандар – оған қарсы екпе алмаған балалар. Ал ересектердің бұл дертке шалдығуына 90 жылдары вакцинациялауды өткізіп алу факторы әсер еткен. Сондай-ақ сол кезде егілмеген адам¬дар¬дың ішінде болашақ ана¬лардың да болуы – қызылшаның көбеюіне әсер етті. Соңғы мәліметтер бойынша, елімізде 700-ден астам адам қызылша инфекциясын жұқтырған. Оның 80 пайызы балалар. Жалпы бұл жұқпалы ауру қазір әлемде дендеп тұр. Еуропа, көршілес Ресей, Қырғыз елдерінде ауру жұқтырғандар саны күн санап артып барады. Елімізде көші-қонның жоғары болуы да ауру жұқтыру қаупін арттырып отыр.

Ел екпеден неге үркеді ?

Бұл жұқпалы дерт біздің өңірді де айналып өтпеді. Облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің мәліметіне сүйенсек, 1 қаңтар мен 10 ақпан аралығында өңірде қызылшаның зертханамен расталған жеті жағдайы тіркелді. Бізде де ауруға шалдыққандардың дені қызылшаға қарсы жоспарлы екпе алмағандар және қызылшамен ауырғандармен қатынаста болғандар.

– Жағдай Аягөз, Бесқарағай аудандары мен Семей қаласында тіркеліп отыр. Олардың көпшілігі жоғарыда айтқандай екпе алмаған жандар болып шықты. Қызылша қауіпті инфекция түріне жатады, сондықтан қазір департамент аурудың алдын алу жұмыстарын қолға алды. Аурудың белең алуына байланысты облыс бойынша бұрын қызылшаға қарсы егілмеген және науқаспен қатынаста болған 30 жасқа дейінгі жандарға қосымша епке егу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл орайда ең басты назарды неге аудару керек? Ата-аналарға қызылшаның белігілері туралы айтып қана қоймай, қызылшаға, сондай-ақ жалпы күнтізбелік екпенің маңыздылығы туралы түсіндіруіміз керек,-дейді департамент басшысының міндетін атқарушы Гүләйім Тагаева.

Еліміздің екпе күнтізбесіне сәйкес, қызылшаға қарсы вакцина 12-15 айлық сәбилерге және 6 жастағы балаларға тегін егіледі. Демек бұл дертке шалдығу қаупін төмендету үшін адам өмірінде екі рет қызылшаға қарсы екпе алу қажет. Қызылшаға қарсы вакцина Денсаулық сақтау министрлігінің арнайы сертификатымен алынады және қауіпсіз екені арнайы зертханаларда дәлелденіп, сапасы бойынша кепілдік беріледі. Тегін демекші кейбір елдерде халық екпе егу үшін ақшаны өз қалталарынан шығарады екен. Мысалы, Қытай халқы оны өз қаражатына сатып алады. Ал Тәжікстан мен Өзбекстан халқының 98 пайызы барлық екпені егеді. Оның әрбір түрі қомақты қаржыны талап ететіндіктен, оларға Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы көмектеседі. Соның өзінде олар қабылдап жатқан екпе ең соңғы әрі ең тиімдісі деп айту қиын. Осындайда «қолда барда алтынның қадірі жоқ» деген мақал еске түседі екен.

Бүгінде мамандар атап көрсет¬кендей, қызылшадан жалғыз тиімді қорғану тәсілі – вакцинация. Денсаулық сақтау саласының мамандары бұл ойдан шығарылған дүние емес, көптеген қауіпті ауруларға қарсы тұрақты иммунитет қалыптастырудың жалғыз жолы дейді. Өткен жылы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов бұдан бас тартатын ата-аналарға айыппұл салу керектігі жөнінде ұсыныс та айтқан болатын. Өйткені жоғарыда атап өткеніміздей, екпеден бас тарту медициналық жағынан негізделмеген себептерден туындап отыр.

Екпе жөнінде жазылған мақалаларды сараптап қарасақ, оның зиянынан пайдасы көп екеніне көз жеткізесіз. Әрі ғалымдар оны адамзаттың үздік жетістіктерінің бірі деп санайды. Ойлап қарасақ, кезінде халықты қынадай қырған оба, сүзек сияқты ауруларды жеңуге көмектескен осы жаппай вакцинация. Әлем мойындаған екпені қазақ даласына алып келгендердің бірі – Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы. Ол екпені шешекке қарсы пайдаланған екен.

— Ата-аналар екпеден кейін болуы мүмкін аллергиялық реакциядан қорқып жатады. Алайда ол үшін екпеден бас тартудың қажеті жоқ. Екпе жасар алдында дәрігер баланың денсаулығында еш ақау жоқтығына көз жеткізуі тиіс, мысалы тұмаумен ауырса ағзаның қалпына келуіне біраз уақыт беру қажет. Барлық факторлар ескеріліп жасалған екпе балаға зиянын тигізбейді. Екпе орнында болатын түйін мен қызару, дене қызуының көтерілуі қалыпты жағдай. Демек ағза инфекциямен күресуге дайындалып, антиденелер түзіп жатыр дегенді білдіреді, -дейді дәрігер инфекционист Нина Фомичева.

Қызылшадан қорғанудың жалғыз жолы – вакцинация

Үш баланың анасы Гүлшат Кузарханова екепеден бас тартатын ата-аналарды түсінбейді. Оның ойынша, қауіп-қатерге бас тіккенше, екпеден кейін болатын қандай-да бір өзгерістерге шыдамдылық танытқан абзал.

– Балалар қоғамда өмір сүреді. Жалпы инфекцияның ең шоғырланған жері бекеттер, әуежайлар десек, ол жерлерде де жиі боламыз. Шынын айту керек, ондай ата-аналарды түсінбеймін. Балабақша тобында екпе алмаған балалар бар. Ал егер ол балалар ауырып қалса не болады? Екпе жеңіл-желпі ауруларға қарсы егілмейді ғой,-дейді ол.

Баласына екпе жасату-жасатпау ата-ананың еркінде. Әзірге елімізде оны міндеттеу туралы заң жоқ. Сондай-ақ екпе алмаған балаларды мектепке, балабабақшаға қабылдамау жөнінде де нұсқаулық берілмеген. Алайда, білім беру мекемелерінде карантин жарияланған жағдайда мұндай балалар карантин біткенше оқудан шектетіледі.

Қызылша жұқпалы ғана емес, қауіпті

«Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» дейді ғой халқымыз. Облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің мамандары кейбір ата-атаналар балаларының денсаулығына қатысты шешім қабылдағанда осы мәселені де ескерсе деген ниетте.

-Интернеттің пайдасын ешкім жоққа шығара алмайды. Дегенмен, денсаулық мәселесіне келгенде әр адам мына бір нәрсені түсінуі тиіс. Әрқайсысымыз жеке тұлғамыз, әр адамның ағзасы бірдей дене мүшелерінен тұрғанымен әр түрлі жұмыс істейді. Бір аурудың белгілері бірнеше дертке тән. Интернеттің кеңесіне құлақ түріп, өз бетінше емделу үлкен сауатсыздық, әрі-беріден кейін өз өміріне, баланың өміріне салғырт қарау,-дейді қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысы міндетін атқарушы Гүләйім Тагаева.

Сондықтан балаңыздың, не өзіңіздің дене қызуыңыз жоғарылап, жөтеліп, белгісіз бөртпе белгілері байқалса, дереу дәрігерге жүгінген жөн. Сондай-ақ мұндай жағдайда өзгелер ауру жұқтырып алмауы үшін дәрігерді үйге шақыру қажет. Қызылша асқынып кеткен жағ¬дай¬да өкпенің қабынуы, бронхит, энцефалит, ми қабығының қабынуы сияқты қауіпті ауруларға ұласып кетуі мүмкін.

Қызылшаның алғашқы белгілері:

-Әлсіздік;
-Дене қызуының көтерілуі;
-Бас ауруы;
Ұйқысыздық;
Тамаққа тәбеті болмау.
Мұрын бітеліп, құрғақ жөтел болуы мүмкін. 3-8 күнде денесіне бөртпе шыға бастайды.

Егер сіз немесе балаңыз қызылшаға қарсы егілмеген болсаңыз әлі де кеш емес. Бүгінде департамент бұл жұқпалы ауруға қарсы егу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ол туралы толық ақпаратты облыстық денсаулық сақтау басқармасының саll-орталығына мына телефон бойынша 8 (7232) 701-131 хабарласып, білуіңізге болады.

Врезка. Қызылшаға қарсы вакцинация туралы ақпаратты облыстық денсаулық сақтау басқармасының саll-орталығына мына телефон бойынша : 8 (7232) 701-131 хабарласып, білуіңізге болады.

Лаура Тілеубайқызы

Осы айдарда

Back to top button