Экология

«Қызыл кітапқа» енген ерекше құстар дүниеге келді

«Қызыл кітапқа» енген ерекше құстар дүниеге келді


Өскемендегі облыстық табиғи-ландшафтық хайуанаттар бағында тауыс (павлин) аталатын ғажайып құс дүниеге екі бірдей балапан әкеліп, жергілікті жұртты таңғалдырып жатқан көрінеді. Өйткені, бұл қырғауыл тұқымдас және өте әдемі құстар негізінен Үндістан түбегі мен Шри-Ланка, Суматра аралдарында мекендейді. Жылдан-жылға азайып бара жатқандықтан халықаралық табиғат қорғау одағының «Қызыл кітабына» енгізілген. Бір қызығы, өскемендік тауыстардың түсі өз тұқымдастары секілді түрлі-түсті емес, аппақ, құдды бір аққулар іспетті.

– Көпшілік бұл құстарды ұша алмайды деп ойлайды. Бірақ дене бітімдерінің кесектеу боп келетініне қарамастан тауыстар әсіресе әлдеқандай қауіп-қатер төнгенде шапшаң қимылдап, ағаш басына шығып алады. Бұл құстарды негізінен жер шарының Шығыс төңіректерінде, әсіресе, Ауғанстаннан кездестіруге болады. Түсіне келер болсақ, ақ түс – тазалық пен тектіліктің белгісі, – дейді қорық-мұражайдың бөлім бастығы Зайнитдин Шамшиев.

Бұл күндері ағайынды ақ тауыстардың қанаттары қатайып, өзге тұқымдастарымен бірге темір қоршаудың ішіне жіберілген. Өңі бөлек демесеңіз, сырт көзге айырмашылықтары шамалы. Алайда, мамандардың айтуларынша, ақ тауыстардың бойында қағылездік басым секілді. Сондықтан бұлар басқа да тауықтұқымдастармен тез арада тіл табысып кете беретін көрінеді.

Серік Құсанбаев

Осы айдарда

Back to top button