Қызыл қанға боялған \”Қызылаяқ\” қырғыны
Тәуелсіздік – қасиетті ұғым. Биыл тәуелсіз ел болып, бостандықта еркін ғұмыр кешіп жатқанымызға 25 жыл толып отыр. Миллиондардың төгілген қаны мен көз жасының арқасында жеткен Тәуелсіздік – мың өліп, мың тірілген қазақтың ең басты ұлттық құндылығы.
Осыған орай әр толқын ұрпақ өз жерінің, өз елінің тарихын тануға, қилы заман кезеңдерін білуге ұмтылады. Тарихи тақырыпты сөз еткенде, терең ойдың тұңғиығына бойлап, әр нәрсені саралап, болашақ ұрпаққа дұрыс жеткізу-аға буын өкілдеріне парыз. Белгілі жазушы, тарихшы ғалым, әдебиет зерттеуші Мұхтар Мағауин «Қазақ тарихының әліппесі» атты кітабының 203-204 беттерінде «1754 жыл Абылай хан Дүрбіт-Ойратты біржолата талқандап, екі жүз жылдық соғыста түпкілікті жеңіске жетті. 1755 жылы Абылай хан жоңғарларды жуасыту жорықтарын ұйымдастырды» деп жазады. Тарих ғылымдарының докторы, жерлесіміз, марқұм Кәмен Мамырұлы өз еңбегінде «1753-1755 жылдары Алтай, Қалба өңірінен жатжұрттықтар қуылды және үш айға созылған атақты Шорға соғысында қазақтар жоңғарларды күйрете жеңді. Шорға соғысының нәтижесінде Маңырақ, Сауыр, Шілікті жазығы қазақтарға қайтадан қайтарылып, жоңғар басқыншыларынан азат етілді» деп жазады («Қазақ халқының жоңғар басқыншыларына қарсы күресі», 215 бет).
1757 жылы 15-інші мамырда Абылай ханның сенімді өкілі Әбілпейіз (Көгедай төренің әкесі) сұлтан мен Мәнжу-Цин қолбасы Фу Дэ арасында уақытша бітім туралы «Айдын – Су» келісімі жасалып, осы келісімнен кейін Найман, Керей рулары өздерінің ата қоныстары Алтай, Сауыр, Тарбағатай, Іле өңірлеріне қоныстана бастады.
Содан бір ғасырға таяу 1860 жылдарға дейін қазақ елі аталмыш аймақта басқа ұлт өкілдерімен (мұңғыл, ұйғыр, ханзу, сібе, торғауыт, ұранхайлар) ынтымақта, тату-тәтті тірлік кешіреді. Осы кезеңдегі тұрмыс күйді халық:
Қара бура күйген там,
Сүйгеніммен жүрген там.
Ақ пен көкті киген там,
Тәңірі өзіне иген там, – деп жырға қосқан екен. Бір сөзбен айтқанда, ел іші берекелі болып, табиғаты тамылжыған, өзен-бұлағы күркіреген, тусырап қалған соны жерде малдары еркін жайылып, төрт түлік өседі, өркендейді, еркін өмір сүреді.
Көп ұлттың осындай ынтымақты, бейбіт тіршілігіне Чин патшалығының феодалдық дара билік саясаты лаң салады. 18-ғасырдың екінші жартысында Чин өкіметі осы өңірлерге әскери әкімшілік орнатып, жыл өткен сайын осы әскери әкімшілік күшейіп, көбейе түседі. Ішкі өлкеден ханзулар да көптеп қоныс аударып, олардың бір бөлігі тұрғын халықтармен тіл табысып ынтымақты тұрмыс кешсе, енді бір бөлігі Чин өкіметінің әскери әкімшілігіне арқа сүйеп, жергілікті халықтың мал-мүлкін, жер-суын тартып ап, өздерін ығыстыра бастайды. Іленің әскери басшысы Алтай шекарасын қорғауға 500 әскер жібереді.
Оған Шаған-Кеген деген қанішерді басшы етіп тағайындайды. Шаған-Кеген-Еренқабырға моңғолдарының билеушісі Сары уаңның баласы. Жас кезінде ханзуша оқыған екен. Ол Алтай халқын әскери күшпен басқаруды іске асырып, Іле өңірінде шіріген Чин патшалығының әскери әкімшілігі ұлттық шовинизммен шұғылдана бастайды. Тұрғын халықтың діни сенімін аяқасты етіп, ата-мекенін тартып ап, салықты көбейтіп, халықты мейлінше езіп-жаншып, баю саясатын ұстанады.
Бұған шыдамаған Қылышшы деген азамат Іле халқын көтеріп, төңкеріс жасайды. Іле көтерілісінен жеңіліп қашқан Жан Го, Жан Си Алтай, Сауырды паналайды. Олардың әскерлері аяқтарын қызыл шүберекпен орап алғандықтан, бұл әскерлерді қазақ шаруалары «қызылаяқ» деп атапты. Чин әскерінің басшылары Сауырдағы Ажы төреге адам жіберіп көмек сұрайды. «Біз-Чин өкіметінің Іледен келе жатқан әскеріміз. Қобдаға өтіп барамыз. Алтай, Тарбағатай, Сауыр елімен жауласпаймыз, тек бізге ат, азық берсеңіздер болды. Аялдамай Қобдаға асып кетеміз. Қазіргі тұрып қалуымыз көліктің, азықтың жоқтығы», – дейді.
Ажы төре Іледегі халық төңкерісінен хабар алып, бұл келген «қызылаяқтардың» кім екенін де, қандай күйде келе жатқанын да біледі. Бұлармен қалай қатынас жасауды билермен ақылдасқанда, Майшы би: «Соғысу екі жаққа бірдей. Тоқтың тәубасы жүрмейді, аштың араны жүреді. Ол аш та, біз тоқпыз. Ашты май құйрықпен ұрмақ керек» дейді.
Ат-көлік, азық-түлік алғаннан кейін, қызылаяқтар аялдамай, Қобдаға асып кетуге уәде береді. Ажы төре Сауыр елінен 10 000 қой, 1000 кесек кигіз, 1000 ат, 1000 өгіз жинауға бұйрық шығарып, оны жақын отырған елінен қолма-қол жиып береді.
Алайда, момын елге кезігіп, тегін олжаға кенелген Жан Го, Жан Силар ендігі жерде кеткілері келмей, әуелгі уәделерінен айнып қалады. Кеткендері сол, там соғып, жер қазып, қыстаудың дайындығына кіріседі. Олар шекара әскерін бетке ұстай отырып, ат-көліктің жемшөбін жергілікті халыққа дайындатып, қоралап қой, үйірлеп жылқы алып, шаруалардың малын талап жей бастайды. Ажы төремен болған тоқтам жайына қалады.
1866 жылдың қысында Ажы гүң қайтыс болады да, орнына мұрагері, өте жуас Қасымхан отырады. Бұл «қызылаяқтар» үшін қазақтарға күш көрсетуіне орайлы сәт болатындай көрінеді. Олар торғауыттың Мин жүн уаңының көмегіне сүйеніп, қазақтармен соғысуға дайындалады. 1866 жылы «қызылаяқтар» Алтай, Сауыр, Тарбағатайдағы бейбіт ауылдарды шауып, талауға кіріседі. Зұлымдығы шектен асқан «қызылаяқтарға» Тарбағатайдағы Қабанбай батырдың немересі Әділбектің бастауымен бүкіл Байжігіт елі көтеріледі. Керейлерді – Келгенбай, Сыдықай, Маңырақтағы – Төртуылдарды тұзақшы Мырзаш, ақболат Садырбай батырдың басқаруымен «қызылаяқтар» қатты қарсылыққа ұшырайды. Жәнделі батыр қыздың ерлігі де осы жылдарда болған. Қызылаяқтардың бас батырларының талайы әр оғын қадап, жауын санап ататын керей Далай мерген оғынан ажал құшады. Далай мергеннің аты содан былай халық аузында: «Оның есімі Далай, атауы қалай?» деп аңызға айналады.
«Жылағаннан жау қорықпайды» деген қанатты қағидаға сүйенген Алтай, Сауыр, Тарбағатай халқы бірлесіп, «қызылаяқтарға» қарсы тұрады. Өңір халқының тегіс атқа қонғанын көрген «қызылаяқтар» елді басынуға болмайтынын кеш түсініп, қашуға мәжбір болады. Халық қашқан жауды қан-жоса ғып қуып, Қобдаға асырып салады.
Бұл қалмақ пен қазақ арасындағы Шорға, Маңырақ соғысынан кейінгі «қызылаяқтар қырғыны» – деп аталған аса ауыр шайқас болған көрінеді.
Қалибек Алтыбаев,
өлке тарихын зерттеуші
Ескерту: Мақала жазушы Асқар Татанайұлының «Тарихи дерек, келелі кеңес» кітабына сүйеніп жазылды.