Аңсар

Қызыл алаңдағы Жеңіс шеруіне қатысқан

Неміс басқыншыларына қарсы төрт жыл бойы толассыз жүргізілген соғыс 1945 жылы мамырда жеңіспен аяқталып, сол жылдың 24 маусымында Мәскеудегі әйгілі Қызыл алаңда Жеңіс шеруі өтті. Сол естен кетпес тарихи сәтке куә болған майдангерлердің арасында жерлесіміз, Ұлан ауданының тумасы Ғұмар Майкин де бар еді.

Майдангердің майдан даласындағы ерлікке толы өмір жолы, жаумен шайқаста алған марапаттары және бейбіт өмірдегі өнегелі еңбегі жайлы редакциямызға арнайы келген ұлы Ғадел Ғұмарұлы әңгімелеп берген-ді.

Ғұмар  Сәрсенбайұлы 1915 жылы 19 сәуірде Петропавл қаласында дүниеге келген. Тоғызыншы класты бітірген соң Қызылордада бухгалтердің оқуын оқиды. 1937 жылы әскер қатарына шақырылып, Қиыр Шығыста әскери міндетіне кіріседі. Жас жігітке 1938 жылдың 29 шілдесінде алғаш рет Хасан көлінің маңында кеңес әскерінің құрамында жапондықтармен шайқасқа түсуге тура келеді. Алты күнге созылған ұрыс барысында көп шығынмен әуе күштерінің көмегі арқасында КСРО мемлекеттік шекарасын қорғап қалу тапсырмасы ойдағыдай орындалады. Мұнан соң әйгілі қолбасшы Георгий Жуковтың басшылығында Халкин-Гол өзені маңындағы үш айға созылған ұрыстарға да қатысады. Бұл ұрыстың Монғолияның тәуелсіздігін сақтап қалуға септігін тигізгені және Жапонияның КСРО-ға қарсы соғысының алдын алғаны тарихтан белгілі.

Әскери міндетін ойдағыдай атқарған сержант Ғұмар Майкин 1939 жылы желтоқсанда Семейге оралып, қалалық сату бөлімінде қызмет атқарады. Арада бір жыл өткенде Жезқазғандағы комбинатқа бухгалтер-тексеруші ретінде ауыстырылады. Мұнда да тиянақты еңбегімен қызметте жоғарылаудың бірнеше сатысынан өтеді.

Ал соғыс басталған 1941 жылдың тамыз айында қайтадан Қызыл Армия қатарына шақырылады. 1942 жылдың сәуіріне дейін Харковь қаласындағы политехникалық училищеде курсант болып, аға лейтенант шенін алады. Сол жылдың мамыр айында Калинин майданына аттанады. Ротаның саяси басқарушысы, кейін рота командирі болды. Майдан даласын соғыс өрті тұтас шарпыған 1943 жылдың шілде айында Киевтегі танк училищесін жеделдетіп оқып бітіріп, алғы шепке жіберілді.

Үшінші Белорусь майданында өздігінен жүретін СУ-152 танк қондырғысының командирі ретінде кескілескен шайқастарға қатысты. 1944 жылы сондай соғыстардың бірінде ауыр жараланды. Танк соғылғанда басынан контузия алса, снаряд жарықшақтары балтырын тесіп өткен, өзі жанып жатқан танктегі командир люкінен әрең дегенде шыққан. Жүргізуші-механик Винтовкин болса, екі қолының саусақтарынан айырылып, танктен әрең шығып үлгерген. Ал темір танк ағаш жоңқадай жанып кеткен екен. Осы шайқастағы ерлігі үшін гвардия аға лейтенанты Ғұмар Майкин «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталды. Госпитальден шыққан соң өзінің танк дивизиясына оралып, соғысқа қайта кіреді.

Ол Үшінші Белорусь майданы сапында жеңісті жақындатқан Шығыс Пруссияның астанасы Кенигсбергті алу шабуылына қатысып, 1945 жылы 29 наурызда екінші рет ауыр жараланды. Осы ерлігі үшін екінші дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденін кеудесіне тақты. Бұл жөнінде марапат қағазында полк командирі Федор Чубура арнайы жазба да қалдырған екен. Арада қырық жыл өткенде майдангер 1985 жылы бірінші дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен марапатталғанын айтқан жөн. Ғұмар Сәрсенбайұлы 1946 жылы мамырда әскерден босап, елге оралды.

Ғадыл Ғұмарұлының айтуынша, әкесінің жадында өзі қатысқан Жеңіс шеруі естен кетпестей сақталып қалған әрі маңызды оқиғаны кейінгі ұрпағына үнемі айтып өткен екен.

– Әкеміз үш ай бойғы даярлықтан соң 1945 жылғы 24 маусымда гвардия аға лейтенанты, танк батареясы командирі ретінде танкісінің үстінде тік тұрып Қызыл алаңнан жүріп өтті. Бұл – біз үшін зор мақтаныш. Әкеміз бейбіт өмірде үнемі жауапты қызметтер атқарды, өзінен де, балаларынан да әрқашан әділдікті, тазалықты, еңбекқорлықты талап етті. Майдандағы, бейбіт өмірдегі марапаттары жетерлік. 1975 жылы зейнетке шығып, 1989 жылы 74 жасында өмірден өтті. Әкеміздің өмір жолы – қазіргі жас жеткіншектер үшін үлкен үлгі-өнеге, – дейді Ғадыл Ғұмарұлы.

Дәурен Аллабергенұлы

 

Осы айдарда

Back to top button