Қамыс-қоғасы ғана анда-санда бір сыбдыр етіп, тым-тырыс жатқан Тораңғыға әнеу алыстан аққулар ұшып келіп, қанаттарымен су сабалай, қатарласа қонды. Мойындары қақшаң-қақшаң етіп, көл бетінде маңғаздана емін-еркін әрлі-берлі қалқып жүр. Тораңғының арғы жағында ақ күмістей болып тағы бір көл – шалқыған Зайсан жатыр. Жағасындағы Ермен атам мен Сақыпжамал апама, ата-бабама қоныс болған Шиліқарын жоқ бүгінде. Су астында қалған.
ЖАМАЛ АПАМ
Одан беріректе, Зайсанның жағасындағы балықшы ауылы Жолнұсқауда қазір әкемнің апайы, марқұм Құмархан жездеммен 11 баланы өсіріп, жеткізген батыр ана -Асылхан апам тұрады. Сол Жолнұсқауға апаратын құмдауыт қара жолға түстік.
Асылхан апам Ермен атам мен Сақыпжамал апамның ұлы Мұқатайдан туған немересі. Сексеннің сеңгірінен асқан жанның санасында артта қалған қилы заманның бәрі де күні кешегідей сақталып, сайрап жатыр. Аналары көлден шиеттей балаларына балық аулаймын деп жүріп өкпесіне суық тигізіп қайтыс болған соң алды 12 де, арты екі жасқа да толмаған жетімдерді Сақыпжамал апам бағып өсіреді.
Мынау даңғойлыққа толып бара жатқан дүниеге, пейілі жүдеп бара жатқан пенделерге қарап тұрып, ашаршылық тұсында, соғыс кезеңінде батпандай ауырлықты белі қайыспай көтерген, ұрпағын жеткізіп кеткен сол Сақыпжамал апамды, қарашаңырағын құлатпай, берекесін ортайтпай өткен әз ананы ойлаймын.
1928 жылғы кәмпескелеуден соң 1930 жылы Ермен атам әулетімен қазіргі Ақши ауылында тұрып жатқан атақонысын қимай-қимай, кетеуі кеткен елімен бірге Қытай аспақ болып түнделетіп Алқабек өзені маңына, шекараға жетеді. Малынан айырылып, дүниесі қоса кетіп ашыға бастаған елдің ендігі үміті сол жаққа барып бас сауғалау болады. Алайда атты- жаяулы, түйелі көштің алды аман-есен шекарадан асқанымен соңы қолға түсіп, жазаланғаны жазаланып, қалғаны кері қайтарылады. Сақыпжамал апам жан дүниесі мен келбеті қатар келіскен, қайсар мінезді, ойы зерек, жаны сірі, тәубасынан жаңылмаған, тәуекелінен тайынбаған адам болыпты. Ауылдың үлкен-кішісі жөн-жосықсыз алдына келуге, көрінуге де именген деседі. Қаталдығының арғы жағында ұрпағым, ауыл-аймағым болбыр, бос кеуде болмасын деген бір тәрбие, тәртіп жатқан болар. Ақнайманның қойсары өтейлерінің он шұақты түтірімен арғы бетке бір үйлі шаңырағымен бірге өтіп кеткен сіңлісін енді қайтіп мәңгі көрмейтінін Сақыпжамал апам сол сәтте-ақ ұғады. Шекара шебіндегі азан-қазан кезінде әулеттің бала-шағасын, буған, түйген жүгін дереу жинаттырып, жанын шүберекке түйген жұртын дүрліктірмей, өзіне қарайлаған қалың топты, абдырап қалған елді артынан ергізіп, өзі бастап ауылды бетке алыпты. Бұл жақта аштық бір жақтан, ГПУ екінші жақтан қысып барады, сіңлісінің отбасының ол жақтағы күні де қалай болары беймәлім. Ашыққан бала-шағамен айдалып, аттың бауырына ала алдыға сала дедектеткен ұзақ жүрістен табандары тау-тасқа тіліне, шұбырып қайтадан Ақшиге жетеді. Осы аласапыран шақта, ел ауып, жансауғалап Қытай асып жатқан уақытта жол үстінде Ермен атам мен Сақыпжамал апамның қара шаңырағында тұңғыш немерелері дүниеге келіп, атын Ауғанбай қояды.
Ақшиде де, төңіректегі өзге елді мекендерде де жағдай күннен-күнге шиеленісіп, жұрт тозып, тігерге тұяқ қалмай қалған соң амалы қалмаған атам әупірімдеп жүріп әулетін Зайсан көліне түсірген екен. Қазақтың әр ауылын қоғадай жапырып келе жатқан аштықтың аранынан құтылу үшін соңғы рет тұяқ серпіп осылай әрекет етеді. Нәубеттен аман қалуға сеп болған Нұр Зайсанға қалың елмен қоса Ерменнің әулеті де, жағаға жеткеннің бәрі де қарыз. Зайсанның көзіме от жалындай көрінетіні де содан шығар. 31-32 жылдардағы ашаршылықтан кейінгі жеті-сегіз жыл да әр қазақтың түтініне оңай түспегені аян. Енді ес жиып, оңала бастадық па деген заматта 1941 жылы соғыс басталып, Ермен атамның тұңғыш ұлы Мұқатай 21 жасында майданға аттанады.
Ері соғысқа кеткен Мағия апам балаларын асырау үшін итшанаға екі итті жегіп алып таң бозынан көлге кетеді екен. Ермен атам бұл кезде о дүниелік болған. Сақыпжамал апам балаларға қарап қалады. Үйдің үлкені әйем- Ауғанбай, 12 жасар Асылхан апам бес жастағы әкем Көкенайды ертіп алып күн сайын көл жағасынан малға, отынға қамыс шауып әкеліп, бір үйлі жанның күнделікті тірлігін өздері атқарады.
ЗУҚА АҒАМ
Соғыс аяқталып ері Мұқатай атам аман-сау оралған соң да Мағия апам бала шағасы үшін балықшылық кәсібін жалғастыра береді. Майданнан қолынан мүгедек болып келген ерінің мұз ойып балық аулауға шамасы келмегендіктен көл бетіне көбінесе өзі шығыпты. Онымен қоймай Мағия апам ауланған балықты қол арбаға салып 50-60 шақырым жердегі Ақшидегі Халел, Дағыстан, Ағзам ағаларына апарып, тарыға, бидайға айырбастап алып келетін көрінеді. Балық бұзылып кетпес үшін елең-алаңда шығып кетіп, түс ауа Ақшиге жетіп отырыпты. Жол-жөнекей итқұсқа жем боласың деп алаңдайтын ағалары кейде ат-арбамен өздері әкеліп тастап жүреді.
1949 жылы қыстың бір қақаған күнінде апам кешке балықтан әкемнің інісі Зуқа ағама толғатып келіп, сол түні қазандықтың жанында босанып, таңертең белін буып алып қайтадан көк мұздың үстіне кеткен көрінеді. Зуқа ағама елде жоқ есімді қойған Сақыпжамал апам. Қытайда жүрген қазағына пана болып, кегін қайтарып, батылдығымен, батырлығымен ұлтын қорғаған Зуқа батырдың сол заманда еміс-еміс елге жетіп жататын даңқын ежелден естіп біліп жүрген Сақыпжамал апам ешкімнен қаймықпастан ағама осындай біздің елде жоқ ерекше есім Зуқа деп ат қояды. Балаларына тамақ тауып берген көк мұз ақыры Мағия апамды өкпеден алып, қара тер қысып, екі апта ауырып жатып, Шиліқарында қайтыс болады. 1958 жылы үйдің кенжесі Мейрамбай екі жасқа аяқ басқанда.
Ол кез бен бұл кез жер мен көктей. Бәрінен бұрын дәрігер жоқ, оған қаралуға, емделуге баратын мүмкіндік қайда?! Әкемнің анасы өкпесіне суық тигізіп алып өмірден өтсе, інісі Толғанбай да болмашы аурудан-саргездіктен қайтыс болады. Аяқастынан қайта-қайта құсып, басы ауыратынын айтып ыңырси жылаған 7 жасар ұл да екі апта қиналып жатып, бала қалпында мәңгілік мекеніне аттанады.
Атам мен апам Шиліқарында қамыстан жапсарлас салынған там үйде тұрыпты. Сіріңке дегенді білмейді. Сиырдың жас қиын түнде отқа көмбе ғып көміп тастап, таңертең отты соның шоғымен тамызады екен. Бір күні көмбедегі қызарған шоқ сөніп қапты. Содан Сақыпжамал апам таңертең көршілерден екі қамыстың басына от тамызып әкеле жатқанда ұшқыны қабырғада үюлі тұрған қамысқа тиіп кетіп, үй де, жанындағы мал тұрған қоражай да ду етіп өртке оранады. Сонда қою қара түтінін бұрқылдата жалындаған өртке ешкім беттей алмай тұрғанда апам мұрынын жаулығымен жауып, оттың ішіне кіріп кетіп өртеніп жатқан етегіне де қарамай азан-қазан қылған жалынның арасында өкіре мөңіреп жүрген үш сиыр, үш бұзауды жетектеп далаға алып шығып, немерелерінің ішіп-жем етіп отырған асын сақтап қалады. Ұлтымыздың тылсым дүниемен астасып жатқан сан түрлі таным, сенімдері, небір салттары бар. 70-ке келіп дүние салған Сақыпжамал апам «шешесіз қалған жарықтарым ер жетіп, бой жеткенше болдыра көр» деумен өтіпті. Сұрағанындай әкем мен оның інілері, қарындастары ер жетіп, бой жетіп бір-бір шаңырақ иесі боларға таяп қалған уақытта ауырмастан, ойда-жоқта даладан өзі шақырған ұлы Мұқатай атам есіктен үйге кірген бетте маңдайынан бір иіскеп төсекке қисайған қалпында жүре беріпті.
Зар заманды, зобалаңды, нәубетті басынан өткізген қазақтың бір қара шаңырағының тірегі болған Ермен атам мен Сақыпжамал апамның мен көктей шолып өткен өмір жолы осындай.
Жанаргүл Мұқатай