«Қызыққа» кенелгісі келген жасөспірімдерді не күтіп тұр?

Облыстық наркологиялық диспансердің жасөспірімдер кабинетінде бақылауға алынған жеткіншектердің нақты санын анықтау мүмкін емес. Нарколог-дәрігер Манап Қалиев олардың саны үнемі өзгеріп отыратынын айтады. «Тәуекел тобына» кіретіндердің ішінде ішімдікпен әуестенуші алты жастағы балғын да бар. Кеше ғана тағы бір ерекше «пациент» қабылдауға келіпті. Дәрігердің сөзіне қарағанда, жасөспірім мұрнына әртүрлі есту-көру сандырақтарын шақыратын «цикломед» тамшыларын тамызатын көрінеді. Ол тіпті өзінің сүйікті мультфильмдерін көретін жағдайға жетіпті.
Манап Сіләмұлы нарколог мамандарды әсіресе, жасөспірімдердің әртүрлі қоспаларды шегумен айналысулары алаңдататынын жасырмады. Өйткені, олардың арасында электронды кальянды немесе спайс заттарын шегушілер ұшырасады. Бұл жағымсыз әрекеттер көрші Ресей мен Қытайдан келіп жатыр. Мысалы, Ресейде бір күнде спайстан зардап шеккен 300-ден астам жас өрім емдеу орындарының көмегіне жүгініп, олардың 82-сі көз жұмған факті тіркелген.
-Біз «тәуекел тобындағылармен» ішімдікке салыну, токсикомания және наркомания сияқты үш бағытта жұмыс істейміз. Осыдан жеті-сегіз жыл бұрын шылым мен әртүрлі шөп шегушілердің саны әлдеқайда аз болған еді, қазір артып отыр. Ал насыбай тартушылардың саны керісінше төмендегені байқалады. Бұл арада бұқаралық ақпарат құралдарының да қомақты үлесі бар деп ойлаймын. Өйткені, кейбір жергілікті басылымдардан насыбайдың зияны туралы жарияланымдарды кездестіріп қаламын, – дейді нарколог дәрігер.
Ресми деректерге жүгінсек, облыс орталығында үстіміздегі жылдың алты айында ішімдік проблемасы бойынша 52 жеткіншек, анаша тарту бойынша 29 бала, әртүрлі заттарды шегетін 150 жасөспірім мамандардың назарына алыныпты. Өткен жылмен салыстырсақ, ішімдікке салынған және анашамен әуестенушілердің көрсеткіштері тиісінше 106 және 37 бала, ал шөп шегушілердің саны сол деңгейде – 149 жеткіншек.
Жасөспірімдер кабинеті ересектердің бөлімінен алшақ жерде орналасқан, кіретін есігі бөлек, жанында психологтың кабинеті жұмыс істейді. Манап Сіләмұлы мамандардың көмегіне тым кеш жүгінген бір-ақ жағдай болғанын есіне алады. Героинге тәуелді баланың анасымен қарым-қатынасы өте қиын болған екен. Диспансерде бірнеше рет жатып емделгенімен нәтиже болмапты. Бір доза үшін ұрлық-қарлыққа барып, бірнеше рет істі болған жеткіншек былтыр он сегізге толып, ересектердің бөліміне ауыстырылған еді. Алайда көп ұзамай кезекті қылмысқа барған бозбала бүгінде бас бостандығынан айырылып, жазасын өтеп жатыр.
-Жуықта маған полиция қызметкерлері ата-анасымен тағы бір жеткіншекті әкелді. Қолында электронды кальян бар. «Қайдан алдың?» десем, «тауып алдым» дейді. Қалам сияқты құралдың түймесі бар, соған басса, ішіндегі сұйықтық ысып, бу болып шығады. Оны бір-ақ рет иіскей салуы мүмкін не болмаса «ләззат сезімін» ұзартып, бірнеше рет иіскеуі де ғажап емес. Бүгінде ойын-сауық, демалыс орындарында классикалық кальянды пайдалануға тыйым салынған. Сондықтан жастар арасында осындай шағын жасанды кальяндарды қолдану етек алып барады, – деп жалғастырды әңгімесін дәрігер.
Электронды кальянды ауқатты отбасынан шыққандар тартады, өйткені, оның бағасы интернет дүкендерде бес мың теңгеге дейін жетіп қалады екен. Ал қарапайым жанұялардан шыққандар бөтелкеге әртүрлі тыйым салынған шөптердің қоспасын нығыздап, аузын тесігі бар қақпақпен жауып, соны иіскеп, рахаттанатын көрінеді. Зиянды заттардың әсері әркімге әртүрлі, біреу жарты сағатта қалпына түссе, енді біреулер екі-үш сағат есеңгіреп, мәңгіріп жүреді.
Манап Қалиевтің тәжірибесінде ішімдікке салынған алты жастағы балғын алғаш рет кездесіп тұр. Балғын сыраға уланып, облыстық ауруханадан бір-ақ шығыпты. Полиция қызметкерлері әкеліп тапсырған бала үйдегі жағдайды жасырмай жайып салған. Сөзіне қарағанда, анасы ішкілікке салынып кеткен. Бөтелкелестерімен үйінде жиі отырыстар жасайды екен. Үлкендер араққа тойып алып, қисая кеткенде, бала үнемі олардың сарқытын ішіп жүреді. Бірде анасы тағы ұйықтап қалғанда, бір литр сыраны бірден ішемін деп, уланып, ауыр халде ауруханаға жеткізілген.
-Балғынның бойында ішімдікке психологиялық тәуелділік қалыптасып үлгерген, өйткені, ол алкогольді жарты жылдай қолданып жүрген сыңайлы. Өзі «тентек суға» үнемі аңсары ауып тұратынын жасырмайды. Қазір оның анасының іс-әрекетін балалардың құқын қорғау комиссиясы қарап жатыр. Егер емделіп, түзу жолға түскісі келмесе, оны ата-ана құқынан айыру мәселесі көтерілетін болады, – деп түсіндірді дәрігер.
Манап Қалиев жасөспірімдер кабинетіне келушілердің арасында тұрмысы жақсы жанұядан шыққандар да кездесетінін айтады. Таяуда ауқатты әйел өзінің оныншы сыныпта оқитын ұлын әкелген. Жас өренге бір құрбысы мұрынға цикломед дәрісін тамызуды көрсетеді. Оның әсерінен басы мәңгіріп, масайған жеткіншекте әртүрлі есту-көру сандырақтары пайда болады. Осындай «қызыққа батқан» оқушы келе-келе өзінің сүйікті мультфильмдерін көретін халге жетеді.
-Оның балалық шағымен «бақытты кездесуін» енді немен алмастыруға болады? Бұл жағдайдан оны әбден мезі еткен оқуымен шығару мүмкін емес. Ғаламтор да көмектесе қоймайды. Балаға психологтың, тіпті, психиатрдың көмегі аса қажет. Ол жайында анасына айтылған, бірақ шешесін баласының тек материалдық жағдайы ғана толғандыратынын біз бірден байқадық, – деп атап өтті нарколог маман.
Шешесі сол кеткеннен мол кетіпті. Таяуда әкесі келген. Кейін белгілі болғандай, күйеуі мен әйелі ажырасқан болып шықты. Бірақ ұлының жағдайын естіп, қол ұшын беруге дайын екенін білдірген. Мамандардың пікірінше, отбасындағы жайсыздықты көтере алмаған жеткіншек өз-өзінен жалғызсырап, мінезі тұйықталып, күйзеліске ұшыраған. Соның салдарынан беске оқитын оқушының сабақ үлгерімі де күрт төмендеп кетіпті. Жасөспірімнің әкесіне баласына қалай көмектесуге болатыны жайында кеңес берілді. Оны орындау-орындамауды үлкендердің өздері шешеді.

Облыстық наркологиялық диспансер 2000 жылдан бастап облыстық денсаулық сақтау, білім және ІІД-нің бірлескен бұйрығының негізінде өңірдегі оқу мекемелерімен тығыз байланыста жұмыс істейді. Наркологтардың бастамасымен оқушылардың есірткі заттарын қолданатын-қолданбайтынын наркотестпен тексеру қолға алынған. Манап Сіләмұлы бұл процедураның барлық облыстарда жүргізілмейтінін ескертті. Мектептер мен арнайы кәсіптік білім беретін оқу орындарының оқушылары ата-аналарының келісімімен тексеріледі. Бұл жүктілікті анықтауға арналған тестке ұқсас, алты көрсеткіші бар жолақ қағаз. Баланың қандай тыйым салынған заттармен әуестенетіні несебі арқылы анықталады. Соңғы кезде спайс қоспаларын көрсететін тест пайдаланылады екен. Наркологтар оқушылары екі жыл қатарынан «таза» шыққан мектептерге баруды доғарады. Проблемалы балалар Согра, Защита шағын аудандарында орналасқан білім ошақтарында көбірек кездеседі. Егер әке-шешелері ықылас танытпаса, ондай жеткіншектер бақылауға да алынбайды. Тіпті, полиция қызметкерлері түнгі уақыттарда үлкендердің қарауынсыз көшеде жүрген жасөспірімдерді ұстаған күннің өзінде, оларды ата-анасынсыз тергеуге құқықтары жоқ. Жаңа оқу жылы басталысымен наркологтар мектептерде дәрігерлік тексеру жүргізе бастайды. Мектеп басшылары түсіністікпен қарап, тестілеуден өтуге мүмкіндігінше көбірек оқушыларды жинап беруге тырысады. Бұл жерде балалардың сараптаманы алмастырып жібермеуі маңызды. Күдіктенген жағдайда ол баланы диспансерге әкеліп, медбикенің бақылауында қайта тестен өткізеді.
– Қазір тестілеу кезінде анашамен әуестенушілер жиі анықталуда. Бұл шөптің әсерінен бала шат-шадыман күлкіге батып, ұзақ уақыт күлкісін тыя алмайды. Улы шөп оның ми жасушаларын терең зақымдап, психикасына кері әсер етеді. Алайда, ата-анасының келісімінсіз бір де бір бала бақылауға алынбайды. Кәсіптік білім алушыларды тексерген кезде олардың 12-14 пайызы заңсыз заттарды қолданатыны белгілі болады. Мен ата-аналардан баланың бойындағы өзгерістерге назар аударуды өтінер едім. Дер кезінде анықталған келеңсіздікті бірлесе жеңуге болады, – деп қорытындылады Манап Қалиев.
Облыста маусым мен қазан айларының аралығында өткен «Көкнәр-2015» республикалық алдын алу операциясының барысында 129 наркоқылмысына тосқауыл қойылып, есірткі заттарын сатпақ болған 93 факті әшкереленді. Полиция қызметкерлерінің рейдтік тексерулері кезінде заңсыз есірткі айналымымен байланысты 260 қылмыстық іс-әрекет белгілі болып, сананы улайтын заттарды қолдануға арналған притондарды ұйымдастырудың төрт фактісі анықталды.
Облыстық есірткі бизнесімен күрес басқармасының бастығы, полиция полковнигі Эдеш Рахымжановтың берген мәліметтеріне сүйенсек, шекаралық қызметпен бірлесе жасалған жұмыстардың нәтижесінде Қазақстан-Ресей шекараларында есірткі заттарын контрабандалық тасымалдаудың жеті жағдайы тіркелді.
Облыс аумағында жабайы өсетін кенепшөптің 45 гектары жойылды. Құрамында есірткі заттары бар өсімдіктерді заңға қайшы өсірген алты факті әшкереленіп, жабайы өскен кенепшөпті түп-тамырымен құртпаған сегіз жеке және заңды тұлғалар әкімшілік жауапқа тартылды.
Заңсыз айналымнан алынған 36 келі 387 грамм есірткі заттарының 33 келі 282 грамы марихуана, 2 келі 854 грамы ауыр есірткі саналатын героин және 251 грамы анаша болып шықты.
Операция кезінде облыстық есірткі бизнесімен күрес басқармасы қызметкерлерінің күшімен Өскемен қаласында героинді аса үлкен мөлшерде таратумен шұғылданған, құрамында екі және одан да көп азаматтар бар үш қылмысты топтың іс-әрекетінің жолы кесілді.
Есірткі және психотропты заттарды, прекурсорларды тасымалдау фактілерін анықтау мақсатында аумақтық ішкі істер бөлімдерінің мамандары және кинологтардың қылмыстық-іздестіру иттерінің көмегімен аймақта бес бекеттің жұмысы ұйымдастырылған болатын. Соның нәтижесінде «Оңтүстік-Солтүстік» бағытының төрт жолына тосқауыл қойылды.
Жедел-алдын алу шарасы кезінде облыс жолдарында есірткі қолданып, көлік басқаруға отырған 149 жүргізуші тоқтатылып, барлығы да әкімшілік жауапқа тартылды, көлік басқару құқықтарынан айырылды.
Жастар арасында нашақорлыққа қарсы 19 байқау, 29 спорттық шаралар, 34 дөңгелек үстел жұмыстары мен 45 кездесу ұйымдастырылған. Бір флешмоб өткізілді.
Айна Ескенқызы