Денсаулық сақтау

Қызмет тиімділігін арттырған жөн

«Ауруханаларды жарақтау, мамандарды оқыту бойынша қомақта қаржы бөлініп, ауқымды жұмыстар атқарылуда. Десек те, ана мен бала өлімін азайту қажет. Иә, өзге өңірлерге қарағанда бізде өлім-жітім аз, бірақ жағдайды жақсартуға барлық мүмкіндік бар». Облыс әкімдігі қызметінің тиімділігі қаралған аппараттық кеңесте аймақ басшысы Даниал Ахметов осылай деді.

Облыс әкімдігі қызметінің былтырғы тиімділігі жалпы 100 ұпайдың 82-сін иеленген болатын. Биылғы көрсеткіштердің қандай болатыны аппараттық кеңесте талқыланды.

  • «Аумақтарды дамыту бағдарламасының мақсаттарына қол жеткізу» бағыты бойынша 50 ұпайдың 47-сін алып отырмыз, бұл – еліміздегі ең үздік көрсеткіш, – деді облыс әкімінің орынбасары Алмасхан Сматлаев.

Он айда аумақтарды дамыту бағдарламасындағы 40 индикатордың екеуі межеге жетпеген. Ол – ана мен бала өлімін азайту. Облыста ана өлімі босанған 100 мың әйелге шаққанда 22 жағдайға өскен. Бала өлімі бір мың туылған сәбиге шаққанда 8,4 деректі құраған.

Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ілияс Мұхамеджан үш жылда бала өлімі 21 пайызға кемігенін атады. 2016 жылы алты бала өлімі тіркелсе, биыл – үшеу.

  • Бәлкім, әйелдерге арналған қосымша консультациялар ашу керек шығар. Қажет болса, қаржы бөлгізейік. Министрлік ауылдардағы перзентханаларды жауып тастады. Меніңше, бұл бұрыс шешім болды. Мысалы, Марқакөлден 180 шақырым жердегі аудан орталығына жету оңай емес, әсіресе, қыста. Басқарма мәселені шешу жолдарын ұсынуы тиіс, – деді аймақ басшысы.

Биыл тағы төрт индикатор межеге жетпеуі ықтимал. Оның бірі – шикізаттық емес тауарларды экспорттау көлемі, жыл басынан 1,2 миллиард доллардың өнімі сатылған, жылдық жоспар – 2,7 миллиард. Жұмыспен қамтылған атаулы әлеуметтік көмекті алушылар үлесі де қажетті шамаға жетпей тұр. Он айда көрсеткіш 22 пайызды құраған, жылдық жоспар – 25 пайыз. Күрделі жөндеуді талап ететін кондоминиум нысандарын азайту жұмыстары да сылбыр – 16 пайыз, ол 14 пайыз болуы тиіс-тін. Көшедегі қылмыстарды кеміту көрсеткіші де орындалмайтын сыңайлы, он айда 14,3 пайызға жеткен, жылдық жоспар – 13 пайыз.

  • «Бюджеттік бағдарламалардың тікелей нәтижелеріне қол жеткізу» бағыты бойынша «Аумақтарды дамыту» және «Нұрлы жер» бағдарламаларының 7 жобасы бойынша қаржы игерілмеуі мүмкін, – деді Алмасхан Сматлаев.

Көкпекті ауылындағы су құбырларын, Глубокое ауданы, Алтай кентіндегі тазарту имаратын жаңарту, Риддердегі электр желісін салу жобалары да орындалмауы ықтимал. Олардың жобалық-сметалық құжаттары түзетіліп жатыр. Бородулиха ауылындағы су құбырларын жаңарту жобасы бойынша сот тергеуі жүріп жатыр. Ал Глубокое кентіндегі 60 пәтерлі үйдің инженерлік желілерін салу және абаттандыру кестеден қалып барады. Өскемендегі Ахмер және Орталық подстанцияларының құрылысы баяу жылжуда.

Аймақ басшысы жоспарды орындамай жүрген компаниялар жетекшілерімен кездесетінін айтты, олардың ішінде облыс орталығындағы подстанцияларды орнатып жатқан «Кэмонт» және «Строй Элит Риэлти» кәсіпорындары да бар.

– Мемлекеттік сатып алулар және коммуналдық меншік басқармасы сот ісіне дайындалсын, қаржыны игермей, жұмысты орындамай жатқан компаниялар келешекте тендерлерге қатыспауы тиіс. Олар өз міндеттерін атқармай отыр, – деді Даниал Ахметов.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button