Қыздарымды қазақтың салтымен ұзатамын
Бүгінгі менің кейіпкерім – ешқандай да елге есімі белгілі әнші немесе күйші емес, қарапайым ғана еңбек адамы. Еңбек адамы болғанда, өзгенің баласын бауырына басып, бабын тауып жүрген ана-тәрбиеші – ГауҺария Кәрімқызы Жұмағалиева. Оның Өскеменнің іргесіндегі Балалар ауылында ана-тәрбиеші болып еңбек етіп жүргеніне 18 жылдың жүзі болыпты. 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында осынау ерекше жанмен сұхбаттасудың сәті түсті.
Өмірден өз орындарын тауып жатыр
– Гауһария Кәрімқызы, сіз Балалар ауылына қалай тап болып жүрсіз? Ана-тәрбиешінің кәдімгі тәрбиешіден айырмашылығы қандай? Осының ара – жігін ажыратып беріңізші…
– Балалар ауылында 2000 жылы ашылғаннан бері ана-тәрбиеші болып жұмыс істеп келемін. Құдай бұйыртса, биыл 18 жыл болады екен. Негізі өзім – Тарбағатай ауданы Тұғыл ауылының тумасымын. Мамандығым – фельдшер-акушер. Жиырма жылдай перзентханада, одан кейін Тұғыл ауылындағы жедел жәрдем бөлімінде еңбек еттім. Алғаш қалаға келіп, жұмыс іздеп жүрген кезімде, осы жұмысқа ерекше көңілім ауды. Келіп, өтініш жаздым. Қабылдады. Сол 2000 жылдан бері осы жерде тапжылмай еңбек етіп келемін. Осымен екінші буын балаларды шығарып салып, үшінші буынды тәрбиелеп жатырмын. Бүгінге дейін 15 баланы түлетіп ұшырдым. Олардың барлығы бүгінде оқуларын бітіріп, мамандық алып, әр салада қызмет істеп жүр. Бір қызым қаладағы Абдуллиндер атындағы колледжді қызыл дипломмен бітіріп, осы Балалар ауылында хореограф болып орналасты. Тұрмысқа шықты, баласы бар. Тоня деген тағы бір қызым бұл күнде Ресейдің Краснодар қаласында тұрады. Оның да бір баласы бар. Құдайға тәубе, балаларымның барлығы ақырын-ақырын өмірден өз орнын, өз жолын тауып, Абай атамыз айтқандай, «дүниеге бір кірпіш болып қаланып» жатыр.
Жалпы, біз өзімізді тәрбиешіміз деп сезінбейміз. Тәрбиеші деген сегіз сағат жұмысын істеп, үйіне кететін адам ғой. Тәрбиешіден біздің артықшылығымыз, біз – ана-тәрбиешіміз. Балаларымыз да бізді апай немесе бәленше түгеншеқызы деп емес, мама деп атайды. Өйткені олар – менің балаларым. Мен олармен бір жылда 365 күн бірге боламын. Күндіз-түні қасындамын. Олардың әрқайсысының ыстық-суығына бірге тоңып, бірге жылынамын. Алда-жалда біреуі ауырып қалса, түн баласы көз ілмеймін. Иә, жұмыста аптасына бір күн демаламыз. Қазақта төркініне бару деген бар ғой. Біздің жағдайымыз тура сол сияқты. Бірақ оның өзінде де балаларды уайымдайсың, алаңдайсың. Бір күн болмай, үйге келгенде, алдыңнан балаларың мамалап шығады. Сағынғаныңды, оларсыз күн кеше алмайтыныңды сезесің. Бақыт деген осы емес пе!
– Сұрағым ыңғайсыздау болса, алдын ала кешірім сұраймын. Сонда сіздің өзіңіздің отбасыңыз жоқ па?
– Мен тұрмысқа шыққанмын. Жолдасыммен жеті жылдай отастым. Бірақ, амал не, құдай бала бермеді. Құрсағыма нәрестенің біткенін қанша қаласам да, бала көтермедім. Сөйтіп, азаматымның бағын байламайын деп, ажырасып кеттім. Баяғыда апам марқұм «сенің балаң не көп болады, не жоқ болады» деп айтушы еді. Сол апамның айтқаны айдай келді. Тылсым күш пе, әлде тағдыр ма, білмеймін, бір балаға зар болып жүргенде көп балаға тап болдым. Менде бала жоқ болса, олардың аналары жоқ. Біз осы жерде бір-бірімізді таптық, бір-бірімізді толықтырдық. Өзімнің аналық махаббатымды, ғұмырымды осы балаларға арнауымның да себебі осында. Біз – бір отбасымыз. Менің балаларым апалы-сіңілі, ағалы-інілі болып өседі. Ұядан ұшып кетсе де, «мама» деп іздеп, қонаққа келіп тұрады. Артындағы кішкентай сіңлілері мен інілеріне сыйлықтарын алып келеді. төрт қызым тұрмысқа шықты. Үш немерем бар. Олардың біреуі ұл, екеуі қыз бала. Ал әзірге ұлдарым үйленбей жатыр. Алды 27 жасқа келді.
Үйде қазақша сөйлейміз
– Естуімізше, қыздарыңызды қазақтың салтымен қолдан ұзатыпсыз. Осы рас па?
– Рас. Диляра деген қызым тұрмысқа шыққанда, құда, құдағиым алдымнан өтуге аяққа жығылып келді. Қызыма сырға тағып, жөн-жоралғының бәрін жасады. Мен де дастарқанымды жайып, қарсы алдым. Юлия деген қызым тұрмысқа шыққанда да, орыстың салтымен құдаласу рәсімін жасадым. Өздері «смотрина» дейді ғой. Жалпы, былайғы жұрт балалар үйі дегенді мүлдем басқаша елестетеді. Біздің отбасымызға келгеннен кейін олардың балаға деген көзқарастары мүлдем өзгерді. Өйткені, біздің балаларымыз толық отбасында тәрбиеленген балалар секілді. Олар бір-біріне қамқор, бір-біріне мейірімді. Өзім де үнемі «сендер – бауырсыңдар, сендер – туыссыңдар» дегенді үнемі айтып, естеріне салып отырамын.
– Отбасында қай тілде сөйлесесіздер?
– Үйде қазақша сөйлесеміз. Қазіргі сегіз баламның екеуі ғана қазақ, қалғандары – өзге ұлт өкілдері. Бірақ, мен оларға қазақ тілін білудің маңыздылығын жиі айтып отырамын. «Сендердің Отандарың – Қазақстан. Мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Бұл тіл сендерге өскенде өте қажет болады» деймін. Отбасымызға алғаш келген балалар қазақ тілін алдымен «Сәлеметсіз бе?», «Асыңыз дәмді болсын», «Денсаулығыңыз қалай?», «Қайырлы күн» деген қысқа сөздерді үйренуден бастайды. Балаларымның бәрі қазақ тілінен өтетін облыстық, республикалық байқауларда топ жарып, орын алып жүр. Мұның бәрі, әрине, отбасындағы тәрбиенің жемісі. Юлия деген қызым бар. Тұрмысқа шығып, сырттай оқуын жалғастыра жүріп дүкенде сатушы болып істеді. Сол қызым бірде үйге келгенде: «Мама, қызық болды», – деп бір әңгіменің шетін шығарды. «Не болды?» деп жатырмын мен де елең етіп. «Мен дүкенде тұр едім, бір қазақ апа келді. Содан апа дүкендегі заттарға ұзақ қарап тұрды. Бірдеңені сұрағысы келіп, түріме қарап, сұрай алмай тұрғанын сездім. Сосын шыдай алмай: «Апа, сізге не керек?» – деп сұрадым қазақша. Содан әлгі апа «Ойбай, мына бала қазақша біледі екен ғой» деп қуанып, «анау бар ма, мынау бар ма» деп сұрап, саудасын жасады. Сөйтсем, анадай жерде тұрған дүкеннің меңгерушісі қасыма келіп, «Ой, Юлия, сен қандай кереметсің. Қазақ тілін қайдан білесің? Жарайсың» деп, күнделікті беретін нәпақамның үстіне бес мың теңге қосып, беріп кетті» дейді. Юлия қызым кәдімгідей қазақша білгенін мақтан етіп айтып отыр әңгімесін. Сол сәтте менің де төбем көкке жеткендей болды. Николай деген ұлым Ақтауда әскери міндетін өтеді. Сол ұлым бірде: «Мама, мен орыстар көп болса, орыспын дей салам, қазақтар көп болса, қазақпын дей саламын» деп күлдіргені бар.
Жаралы жан жасандылықты ұнатпайды
– Қазақта «Жетім қозы тасбауыр» деген сөз бар ғой. Кейде қанша бауырыңызға басқанмен, өзіңізді жатсынатын, ата-анасын аңсайтын балалар да болатын шығар.
– Олар ата-аналарының бар екенін, тастап кеткенін біледі ғой. Өйткені олардың бәрі бізге 4-5 жастан, есін білген кезде келеді. Иә, шынында да, кейбір балалар өмірге өкпелі болады. Ондайда мен оларға «Сен анаңа, әкеңе разы болу керексің. Рақмет айт. Ата-анаңның басында қандай жағдай болғанын сен білмейсің ғой. Сондықтан да ата-анаңды кешіре біл. Әке-шешеңе деген реніш, өкпе жүрегіңде болмауы керек» деп жұбатамын. Ойлаңызшы, мен ол балаға әке-шешесін неге қарсы қоюым керек? Қанша айтқанмен, туған ата-анасы ғой. Ішкілікке салынып, баласын тастап кетсе де, ол оған өмір сыйлады ғой.
– Айтыңызшы, жақсы ана-тәрбиеші болу үшін адамға қандай қасиет керек?
– Біздің басшымыз Аман Асқарұлының «Әрбір әйел адам педагог бола алады, бірақ кез келген педагог ана бола алмайды» деген сөзі бар. Шынында да, баланы жан-тәніңмен жақсы көрмесең, еңбегің еш кетеді. Біле білсеңіз, бала деген психолог қой. Ол сенің шын жақсы көргеніңді де, өтірік жақсы көргеніңді де сезіп тұрады. Өйткені бұл балалар өмірдің талқысын көріп, ерте есейіп кеткен. Жаны жаралы жан жасандылықты ұнатпайды. Сондықтан да неғұрлым шынайы болмасаң, бұл жерде жұмыс істеудің де қажеті жоқ. Шынымды айтсам, осы жерде еңбек еткен 18 жылдың ішінде көп өзгердім. Баланы бар болмысымен, жақсылығымен, кемшілігімен қабылдауды үйрендім. Аналық сезімім оянып, өмірге деген көзқарасым тереңдей түсті. Кейде біреулер жылаған баланы көргенде, ата-анасына «неменеге ыңырсытып отырсың» деп ренжиді ғой. Түсінгенім, шыдамды болу керек. Шыдамды болсаң ғана, өмірдің қиындығын жеңесің. Адам есейген сайын даналықты да бойына жинайды екен. Тіпті, шынымды айтсам, балалардан да көп нәрсені үйрендім. Оны мойындаймын.
– Баладан қандай нәрсені үйрендіңіз?
– Мен Тарбағатайдың сары даласында өскен адаммын ғой. Саңырауқұлақ, жеміс-жидек дегенді көп білмедік. Жазда балалармен бірге төменгі Тайынтыдағы лагерьде демаламыз. Сонда кейбір балаларымның тау таста өсетін шөптерді, олардың емдік қасиетін жақсы білетінін байқадым. Тіпті олар саңырауқұлақтың жеуге жарамдысы мен улысын да ажырата біледі.
– Арманыңыз бар ма?
– Арманым – осы балаларымды өсіріп, әрқайсысын аяқтандыру. Жатсам-тұрсам құдайдан осы балалардың бақытын тілеймін.
Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан – Мейрамтай Иманғали