Қымыз өндірушілер де құр қалмайды
Мемлекеттің ауыл шаруашылығына қолдау-көмегінің ең үлкені – өтемақы (субсидия) екендігі белгілі.
Өнім өндіру үшін шығарған шығындарының қомақты бөлігін қайтарып алуға мүмкіндік беретін осы қамқорлықты талай жылдар бойы тек егін және мал шаруашылығымен айналысушылар көріп келген болса, соңғы жылдары омарта шаруашылығы мен басқа да салалар үшін субсидия бөліне бастаған болатын. Ал өткен жылдан бері олардың қатарына қымыз бен шұбат өндірушілер де қосылып отыр.
«Биенің сүті сары бал, қымыздан асқан дәм бар ма?» деп Ақтамберді жырау жырлағандай, ішсең, сусын ғана емес, жанға шипа, дертке дауа болатын дәрі қымыздың қадірін қазір қазақ қана емес, әлем біледі десек артық емес. Себебі, Еуропаның біраз елдері қымыздан дәрі-дәрмек дайындап, оны патенттеп, басы бүтін меншіктеп алыпты деген деректің естілгені қашан.
Алыс-жақын шетелдер осылай бағалап жатқан қымыз бен шұбат дайындауға енді мемлекет тарапынан маңыз беріле бастады. Оған дәлел – осы қасиетті тағамды дайындаушыларға берілетін өтемақы. Осы орайда өткен жылы облысымыздағы қымыз бен шұбат дайындаушы шаруашылықтар өткен жылы барлығы 24 миллион теңгенің үстінде өтемақы алғанын айтқан жөн.
– Алайда субсидия берудің шарттары да осал емес. Мәселен, ол үшін кемі 20 бас бие байланып, өнім дайындайтын шағын цех болуы керек, – дейді осы орайда облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мал шаруашылығы бөлімінің бастығы Игорь Миронов.