Қымбат құралдар қаңтарылып тұрмауы тиіс

Аймақ басшысы Даниал Ахметов Алтай ауданына жасаған жұмыс сапары барысында өңір орталығындағы перзентхананың жай-күйімен жіті танысып, медициналық мекемеге қысқа мерзім ішінде күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуді міндеттеді.
Жалпы, аталмыш ауданның денсаулық сақтау саласына облыс басшылығы тарапынан айрықша назар аударылып келеді. Айталық, былтыр Алтай қаласында заманауи Инсульт орталығы ашылған-ды, сонымен қатар жыл соңында осы перзентханаға құны 350 миллион теңгеден асатын заманауи құрал-жабдықтар сатылып алынған болатын. Перзентхана қарайтын аудандық аурухананың бас дәрігері Владимир Коробкиннің айтуынша, отыз шақты жаңа аппараттар мекеменің перинаталдық қызмет көрсету сапасын үшінші дәрежеге көтерген екен.
Сондай-ақ осы перзентханаға жан-жақты жөндеу жұмыстарын жүргізу туралы шешім де өткен жылы шығарылған еді. Жалпы, осы ғимаратты талапқа сай қалпына келтіру мәселесі бұрыннан жиі айтылып жүріпті. Бірақ әдеттегідей, бастамалардың бәрі де қаржының жоқтығына келіп тірелетін.
Биыл қажетті қаражат – 393 миллион теңге бөлініп отыр. Аймақ басшысына есеп берген аурухананың бас дәрігері жуырда мердігердің анықталып, онымен тиісті шарттардың жасалғанын мәлім етті.
Перзентхананы жөндеумен өскемендік «ДК Проект» серіктестігі айналыспақ. Жоспар бойынша жұмыстар бес айға созылуы тиіс. Осы ретте облыс әкімі мердігер компания басшыларына жөндеуді дереу бастап, жұмыстарды барынша сапалы атқаруды қадап тапсырды. Өз кезегінде, мердігер ұйымның өкілі Евгений Плотников нысанның әлеуметтік маңызын ұғына отырып, жөндеуді кестеден ерте әрі талапқа сай атқаруға уәде етті.
– Бұл ретте істің сапасына ерекше бақылау орнатқан жөн. Қазына қаржысының әр тиыны мақсатты жұмсалуы тиіс, халық игілігіне арналған медициналық мекеменің іші-сырты барлық талаптарға сәйкес болуы шарт. Қадағалау шараларын жергілікті депутаттар мен қоғамдық ұйым өкілдері абыроймен атқарады деп сенемін, – деген облыс әкімі өзі де жұмыс барысын назарына алатынын баса айтты.
Аймақ басшысы осы орайда Инсульт орталығына арналған орынжайда жүргізілген жөндеу жұмыстарын көпшілік есіне салды. Өкінішке қарай, сол нысанда іс жүргізген мердігер кестеден біраз кешіккен болатын. Тек облыс басшылығының жіті қадағалауы мен пәрменінің арқасында ғана құрылыс қарқын алып, мекеме дер кезінде іске қосылған.
Аймақ басшысы бұл жолы аудан әкімі мен аудандық мәслихат хатшысына жөндеу жұмыстарын бақылауда ұстауды қадап тапсырды.
Мұндағы дәрігерлер облыс әкіміне сатылып алынған құрылғылардың мүмкіндіктерін түсіндірді. Мәселен, жас маман Әділет Байбөринов өзінің Англияда біліктілік арттырып келгенін айтып, заманауи аппараттың көмегімен жарты келі салмақпен шала туылған шақалақтарды аман сақтап қалуға болатынын жеткізді. Жуырда нақ осы перзентханада бір килограмдық нәресте туылыпты, ол осы құрал-жабдықтардың арқасында әрмен қарай толық жетіліп, есен-сау анасымен үйіне жіберілген екен. Осы жайттың өзі салаға бөлініп жатқан қыруар қаржының өтеуі өлшеусіз екенін іс жүзінде дәлелдеп отыр.
Біз барғанда арнайы кувез деп аталатын аппараттың ішінде жеті айлық болып дүниеге келген шақалақтың жатқанын көрдік. Қасындағы мониторда баланың дене қызуы, жүрек соғысы, аппарат ішіндегі температура, ылғалдылық деңгейі секілді бірқатар мәліметтер көрсетіліп тұр. Дәрігерлер осы көрсеткіштер арқылы нәрестенің жай-күйін қадағалап, қажет жағдайда жедел шаралар қабылдап отырады екен.
Алтай қаласының перзентханасы денсаулығында кінәраты анықталған көршілес катонқарағайлық жүкті әйелдерді де қабылдайды.
Облыс әкімі құрал-жабдықтардың жай тұрмай, мақсатты қолданылуын ерекше міндеттеді, ол сонымен қатар аппараттардың тиімділік деңгейін бағалауды тапсырды. Өйткені нақты қай құрылғының қаншалық белсенді пайдаланылатынын білген маңызды.
Аурухана ішін аралап жүрген облыс әкімінің көзі сырты әбден ескіріп, бояуы кеткен, онымен қоймай жуан шыңжырмен қабырғаға байланған оттегі баллонына түсті. Мұндай ұсқынсыздықты сынға алған Даниал Ахметов сала қызметіне әлі де болсын өзгерістер керектігін атап көрсетті.
– Сіздерді Еуропаның озық клиникаларына, медициналық орталықтарына не үшін жібереміз? Өз білімдерін тереңдетсін, заманауи аппараттармен жұмыс істеп үйренсін, сонымен қатар сол жақтағы медициналық мекемелердің ұйымдастырылуын, қызмет көрсету сапасын көздерімен көріп, үлгі алсын деп жібереміз ғой. Ал сіздер әлі де баяғы кеңестік психологиядан арыла алмай келесіздер. Мемлекет мүлкіне салғырт қарауға болмайды. Мол қаржыға алынған шетелдік құралдардың қасында қырқыншы жылдардан келе жатқан ескі баллон тұр. Аурухана іші әдемі, әсем әрі жайлы болуы тиіс, – деген облыс әкімі бас дәрігерге ескерту жасады.
Әлбетте, медициналық қызметтің сапасы ауруханалардың жарақтануына ғана емес, әрбір сала қызметкерінің өз ісіне деген жауапкершілігі мен сүйіспеншілігіне де байланысты. Тек сол кезде денсаулық сақтау саласы алға жылжымақ.
Ержан Әбіш